Понедельник, 9 февраля, 2026
ДомойАвторские колонкиПриродаСарыарқа даласындағы бизондар: сирек жануарлар «Бұйратау» символына қалай айналды

Сарыарқа даласындағы бизондар: сирек жануарлар «Бұйратау» символына қалай айналды

Қарағанды облысындағы «Бұйратау» ұлттық паркінде мекендейтін бизондар туристердің ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Сирек кездесетін жануарларды көруге жан-жақтан келетін қонақтар саны соңғы уақытта артқан. Бизондар Арқаның қатал климаттық жағдайына бейімделіп, табиғи ортада еркін тіршілік етуде. «Бұйратау» ұлттық паркіне бұл бизондар Америкадан арнайы алдырылған. Олар мүйіздерімен қалың қарды аршып, астындағы шөпті жей алады. Сондықтан аса қарлы Осакаров ауданының ауа райы олардың жерсінуіне кедергі болмаған.

Көлік дыбысынан үрікпей азығына асыққан жануардың осы көрінісі әлеуметтік желіде кең тарады. Кадрды мемлекеттік инспектор Михаил Макусин түсірген. Видео бір күннің өзінде миллионнан астам қаралым жинаған.

Михаил Макусин

«Менің мақсатым көп қаралым жинау емес еді. Бар болғаны шамамен 200 мың қаралым болса жеткілікті деп ойладым. Бір күні бір адам хабарласып, видеомды өз арнасына жариялауға рұқсат сұрады. Сол сәттен бастап бейне вирус сияқты тез тарады. Оның арнасында видео 1 миллион 100 мың қаралым жинады. Видеомның сілтемесін достарым мен таныстарым барлық әлеуметтік желіде — Instagram мен YouTube-та жаппай бөлісе бастады. Пікірлер өте көп болды. Алайда «диванда отырып эксперт болатындар» да табылып, сын айта жөнелді. Оларға жауап ретінде кейбіреулер оларды «байвол», «яка» деп атап жатты», — дейді мемлекеттік инспектор Михаил Макусин.

Бизоны

«Бұйратау» ұлттық паркіне 10 бас аталық және аналық бизон 6 жыл бұрын әкелінген. 2023 жылы табын алғаш рет төл берген. Қазір олардың саны 26 басқа жетті. Ұйқысы өте қысқа, сондықтан тәулік бойы жайылып жүре береді. Арқаның суық ауа райына жақсы бейімделген. Бұл жануар кейбір елдердің Қызыл кітабына сирек будан ретінде енгізілген.

Оразбек Амет

«Бұл — жабайы жануарлар. Сондықтан олар қарлы ортада да еркін тіршілік ете береді. Қыс мезгілінде суға мұқтаж болмайды. Ерекшелігі — біздің табиғатқа өте тез бейімделген. Негізінен жабайы болғанымен, мұнда адамдар үнемі жүріп, шөп пен жем беріп азықтандырғандықтан, олар үй жануарындай болып кеткен. Қасымызда еркін жүреді. Осы уақытқа дейін агрессивті шабуыл жасаған жағдай тіркелген жоқ. Біз оларға ешқандай ауруға қарсы екпе салған жоқпыз. Олар өз ауруларын өздері жеңе алады, жалпы ауырмайды деуге болады. Жеке өз басым олардың ауырғанын көрген емеспін», — дейді мемлекеттік инспектор Оразбек Амет.

Бизон в Караганде

Бизонның дене бітімі мығым, жүні қалың, басы ірі. Орташа өмір сүру ұзақтығы — 25 жыл. Салмағы бір тоннаға дейін жетеді. Алып денесіне қарамастан, бұл жануарлар шапшаң қимылдайды. Сағатына 50 км жылдамдықпен жүгіре алады. Бизондар пайда болғалы ұлттық паркке келетін туристер саны екі есе артқан.

Бизоны парка «Буйратау»

«Биыл бизондарды көруге келген туристер саны айтарлықтай артты. Бұған дейін бұл бағытта ауқымды жарнама жүргізілмеген еді. Ал соңғы уақытта жарнаманың күшеюі және телеарналардың арнайы түсірілім жасауы нәтижесінде келушілер қатары көбейді. Қазір бизондарға жақындап барып, бірге суретке түсуге де мүмкіндік бар. Олар үркіп қашпайды, мазасызданбай, адамдардың жанында тыныш тұра береді», — дейді мемлекеттік инспектор Оразбек Амет.

Территория национального парка «Буйратау»

Бұйратау ұлттық паркінің аумағы шамамен 89 мың гектарды алып жатыр. Мұнда арқар мен марал, елік пен қабан, түлкі мен борсық мекендейді. Сондай-ақ дала күзенi, суыр және дала қояны сияқты жануарлар да кездеседі.

Бақшагүл Зияда
Бақшагүл Зияда
Окончила Карагандинский университет им. Е. А. Букетова, филологический факультет, кафедру журналистики.

Советуем посмотреть

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

События дня

Самое популярное