Воскресенье, 8 марта, 2026
ДомойАвторские колонкиЛюди77 жаста — жастардан озық: Қарқаралыдан шыққан зейнеткер шаңғы жолын қалай бағындырып...

77 жаста — жастардан озық: Қарқаралыдан шыққан зейнеткер шаңғы жолын қалай бағындырып жүр

Қарқаралы ауданында 77 жастағы зейнеткер шаңғы теуіп шынығады. Әлиасқар Әбеуов тауға барып, күніне 5 шақырым жол жүріп өтеді. Қыстың аязы мен бораны оған кедергі емес. Себебі қария үшін қозғалыс пен спорт — денсаулықтың кепілі.

Әлиасқар Әбеуов үшін қыстың қызығы — шаңғы спорты. 77 жастағы зейнеткер тау баурайында үнемі шаңғымен құйындата топ бастап жүреді. Оған таза ауадағы жаттығу ұнайды. Оның пайдасы ғылыми тұрғыда дәлелденген.

Алиаскар Абеуов отправляется в горы

«Шаңғы тепкеннен кейін өзімді керемет сезінемін. Таза ауада кеудемді кере тыныстап, бойымды қуаныш кернейді, өмір сүруге әрі алға ұмтылуға күш береді. Кенет қимыл жасауға тырыспаймын — жасым да жас емес, сондықтан бәріне сақтықпен қараймын. Алдымен міндетті түрде қыздыру жаттығуларын жасап аламын, содан кейін ғана шаңғы жолына шығамын. Біртіндеп қарқынды үдетіп, жылдамдық қосамын», — дейді зейнеткер Әлиасқар Әбеуов.

Ол аптасына төрт рет жаттығады. Сырғанау кезінде дененің барлық бұлшықеттері белсенді жұмыс істейді. Беткейге көтерілгенде, кейін жылдамдықты дұрыс бәсеңдету қажет. Дұрыс тыныс алып, уақытылы демалу да маңызды.

Во время катания

«Көпшілік “жасыңыздан жас көрінесіз” деп жатады. Өзім де сырқаттана бермеймін. Мұның бәрі көбіне спорттың арқасы деп ойлаймын. Дене үнемі қозғалыста болады, ал табиғат аясында жүргенде ойың тазарып, көңілің жадырай түседі», — дейді зейнеткер Әлиасқар Әбеуов.

Әлиасқар Қапанұлы шаңғымен 30 жыл бойы шұғылданып келеді. Аудандық, облыстық деңгейдегі марафондарға қатысып, жастарға үлгі көрсетіп жүр.

«Жұбайым кейде абай болуымды, шаңғыны сирегірек тебуімді сұрайды. Бірақ мен тоқтай алмаймын — мені үнемі қозғалысқа деген құлшыныс алға жетелейді. Кейде құлап қалатын сәттер болады, бірақ бірден орнымнан тұрамын. Қол-аяғым қимылдап тұрғанша, сүйікті спортыммен айналыса беремін», — дейді Әлиасқар Әбеуов.

Алиаскар Абеуов занимается лыжами

Еркін Жақаев, Қарқаралы қаласының тұрғыны: «Әлиасқар Әбеуов ағамыз кейде жарыстарда тіпті жастардың өзін басып озып жатады. Шаңғы спорты — әсіресе осындай әсем табиғат аясында — өте пайдалы белсенділік түрі. Мұндай тамаша ауа райында үйде отыру мүмкін емес — міндетті түрде шаңғы тебу керек».

Жаз уақытында ол таулы-тасты жерлерде жаяу серуендейді. Велосипед теуіп, салауатты өмір салтын ұстанады.

Ветеран полиции

«Мен бос отырғанды ұнатпаймын. Үйде де үнемі шаруамен айналысып жүремін. Егер жай ғана жатып, ештеңе істемесем — міндетті түрде ауырып қаламын. Сондықтан әрдайым көбірек жаяу жүруге тырысамын. Себебі қозғалыс — өмір», — дейді Әлиасқар Әбеуов.

Әлиасқар Әбеуов 27 жыл құқық қорғау органдарында еңбек еткен. Полиция ардагері. Ауданынан шыққан тұңғыш полковник. Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы. Ол 90 жасқа дейін шаңғымен шынықсам деп армандайды. Балалары мен немерелері де бүгінде әке жолын қуып, спорттың бірнеше түрімен айналысып жүр.

Бақшагүл Зияда
Бақшагүл Зияда
Окончила Карагандинский университет им. Е. А. Букетова, филологический факультет, кафедру журналистики.

Советуем посмотреть

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

События дня

Самое популярное