«Рахатты қыздан көресің». Қарқаралы ауданында 10 қызды дүниеге әкелген батыр ананың пайымдауы осындай. 60 жастағы Айкен Балықбаева қазір сол перзенттерінің қызығын көріп отыр.
Айкен Балықбаева Қарқаралы ауданының Бүркітті ауылында тұрады. 10 қызға өмір сыйлаған. Жыл сайын Халықаралық әйелдер күні қарсаңында осындай құрметке бөленеді. Отбасында ұл баланың болмауы ерлі-зайыптылар арасында дау туғызбаған. Керісінше, жолдасы оған қолдау көрсетіпті. Ал 42 жасында кенже қызы дүниеге келгенде күллі ауыл болып тойлапты.

«Менің ең кіші қызым дүниеге келгенде, әкімдікте құттықтау плакат ілінді: «Балықбаевтар отбасында оныншы қыз болды!» Біз ешқашан ұлымыз жоқ деп алаңдамадық. Біз үшін балалар – нағыз байлық. Мен қыздарымның әрқашан қасында болып, маған көмектесетініне қуаныштымын», – дейді батыр ана Айкен Балықбаева.

Жолдасы Аманбек Балықбаев бір үйдің жалғыз ұлы. Олар әр қыз дүниеге келген сайын береке босағадан бірге аттады деп ырымдаған. Ата-әжесі де немерелеріне ерекше мейірімін төгіпті.
«Бұл үйде ата мен әже немерелерін өте жақсы көреді: оларды әрдайым қамқорлыққа алып, еркелетіп өсірген. Қазір Айкенді бүкіл ауыл құрметтейді және беделді ана ретінде таниды», – дейді А. Балықбаеваның туысы Әзиза Жомартова.

Аманбек Балықбаев – Айкен Балықбаеваның жұбайы
«Мен ешқашан қыздарымды бөліп-жарған емеспін. Оларды бірдей жақсы көремін. Мінездері де маған ұқсайды: сабырлы, еңбекқор. Ешқайсысы аналарына ұқсамайды».
Бұрымдылар үй тірлігіне бесаспап. Қос қызына анасының ісмерлік шеберлігі дарыған. Қазір олар бұл өнерді кәсіпке айналдырып отыр.

«Бізді қолөнерге анамыз үйретті. Бірдеңе дұрыс шықпай қалса, ол жұмысты қайтадан жасауымызды талап ететін. Ол кезде біз ренжитінбіз, өйткені көп еңбек жұмсалған еді. Бірақ қазір оған алғыс айтамыз: біздің жұмыстарымызға сұраныс бар, тапсырыстар да көп», – дейді Айкен апаның қызы Айнұр Аманбекқызы.
Ұлжанның есімін артынан ер бала ерсін деп ырымдап қойған. Ол даланың жұмысына бейім. Ер мінезді. Таңдаған мамандығы да – құқық қорғау органы.

«Мен алты-жеті жаста неге есімім Ұлжан деп ренжитінмін. Қазір бұл есіме қуаныштымын, өйткені Ұлжан – Абай Құнанбайұлының анасының есімі. Сонымен қатар менің әпке-сіңлілерім бар екеніне өте бақыттымын: қиын жағдайда әрқашан оларға сенім арта аламын», – дейді Айкеннің қызы Ұлжан Аманбекқызы.
Отағасы жұмысшы мамандық иесі. Ал отанасы балабақшада тәрбиеші болған. Олар балаларын жұрттан кем қылмай жеткізді. Қыздары да жасынан қара жұмыстың қазанында қайнаған.
«Біздің сиыр мен қойымыз көп болды, үй шаруасының бәрін қыздарым атқаратын. Олар мал бағып, қораны тазалап, әкесіне көмектесуден ешқашан бас тартқан емес. Ешқайсысы “Мен мұны істемеймін” деп айтқан емес», – дейді батыр ана Айкен Балықбаева.

Самал Аманбекқызы – Айкен Балықбаеваның қызы
«Біздің анамыз әр екі жыл сайын бала дүниеге әкелетін. Біз әрдайым сыртқы жұмыстарға көмектесетін ұл бала туса екен деп тілейтінбіз. Суды құдықтан өзіміз тасып, ауыр шелектер көтеретінбіз. Бірақ осы еңбек бізді өмірде жауапкершілікті әрі мықты болуға үйретті».

Батыр ана өнерге жаны жақын. Домбыра тартып, ән шырқайды. Ауылдағы әжелерден құралған «Армандастар» ансамблінің мүшесі. Зейнеткерлер мәдениет үйінде мерекелік концерттерге қатысады. Сахнада тек қазақтың халық әндерін шырқайды.
«Айкен ән айтқанды жақсы көреді. Біз ауылдарды жиі аралап, концерттер қоямыз, ал сахналық киімдерін ол өзіне өзі тігіп алады. Ол – біздің ауылдың нағыз белсенді әйелі», – дейді Мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Бақытгүл Бекбауова.

Ерлі-зайыптылардың отау құрғанына биыл 41 жыл толды. Перзенттері барлық мерекеде ананың жайған ақ дастарханына жиналады. Қыздары бүгінде жеке-жеке бір-бір отаудың иесі.
«Сегіз қызымды тұрмысқа ұзаттым. Қазір әрқайсының өз отбасы бар. Ең бастысы – олардың бақытты болғаны», – дейді батыр ана Айкен Балықбаева.
Қазір олар 19 немеренің ата-әжесі. Әсіресе кішкентай қыз немерелеріне деген мейірімі ерекше. Себебі «Қызы бар үйдің құты бар» деп есептейді.






