Воскресенье, 11 января, 2026
ДомойАвторские колонкиЛюдиҚарағанды облысынан шыққан жас шабандоз: Бибігүл Ықсанның үлкен жеңістерге бастар жолы

Қарағанды облысынан шыққан жас шабандоз: Бибігүл Ықсанның үлкен жеңістерге бастар жолы

Қарағанды облысының 16 жастағы бойжеткені арғымақпен алысып, асау үйретіп жүр. Бибігүл Ықсан Тәттімбет ауылында асау атты ауыздықтаған ару атанып кеткен. Ерлермен иық теңестіріп, аламанға түсуге де дайын. Бибігүл Ықсан үшін ұялы телефонға телміргеннен гөрі төрт түліктің төресі — жылқымен айналысқан артық. Арғымағымен күнде төңіректі шарлап келеді. Қажет кезде сиыр мен қой бағып, әкесіне қолғабыс етеді.

16-летняя Бибигуль Ыксан

«Аттан талай мәрте құладым. Бірақ ешқашан тартынған емеспін. Бір күн атқа мінбесем, көңіл күйім болмайды. Ат — адамның сенімді серігі. Арғымақтың үстінде өзімді еркін әрі нық сезінемін, қырандай қалықтап келе жатқандай әсерде боламын», — дейді оқушы Бибігүл Ықсан.

Айткали Каримов

Айтқали Каримов, Бибігүл Ықсанның әкесі: «Мен жасымнан атқа құмар болдым. Атқа деген сүйіспеншілік маған әкемнен дарыған деп ойлаймын. Әкем 80 жасына дейін ат үстінде жүріп, мал бақты. Сол кісінің еңбегін, төзімін көріп өстім. Бүгінде бұл қасиет қызымның бойынан да байқалады. Атқа жақындығы — қанмен берілген, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дәстүр секілді».

Тақымы қатқан қыз үшін қыстың қызығы — жабағы үйрету. Үнемі ұл балалармен бірге аламанға түседі. Тақымға мән беріп, физикалық тұрғыда сақадай сай болу керек. Бастысы — аяқ бұлшықеттерінің мықтылығы маңызды.

Бибигуль

«Менің атқа мініп жүргенімді көргенде көпшілік таңқалады. “Қазіргі қыздар атқа емес, сән әлеміне қызығады ғой” деп әзілдейді. Ал мен үшін дала өмірі жақын. Табиғат аясында жүргенді, ат үстінде уақыт өткізгенді жақсы көремін. Кейде аңға да шығамын. Бұл мені шыңдап, төзімді болуға үйретеді. Ең бастысы — шымыр болып өсіп келемін. Үнемі жаттығып, өзімді шыңдай берсем, кез келген аламан бәйгеде озып шабуға мүмкіндігім бар деп ойлаймын», — дейді оқушы Бибігүл Ықсан.

Ол үй тірлігінен гөрі дала жұмысына бейім. Қазір аламанға ат баптауды үйреніп жүр.

Қарағанды облысынан шыққан жас шабандоз: Бибігүл Ықсанның үлкен жеңістерге бастар жолы

«Шынымды айтсам, үй шаруасына аса құлықты емес. Үйде отырып жұмыс істегеннен гөрі, далаға шығып, атқа мінгенді жақсы көреді. Жалғыз қыз болған соң, үй тірлігіне де араласса екен деп ойлаймыз. Дегенмен, ол оған келгенде ебін тауып, сытылып кетеді. Қанша дегенмен, мінезі еркін, жаны далаға жақын. Ат үстінде жүргенде өзін бақытты сезінеді», — дейді Бибігүл Ықсанның анасы Әсем Ілиясова.

Шабандоз қыз екі жылдан бері садақ атуға жаттығып жүр. Аудандық және облыстық жарыстардың жүлдегері. Енді еліміздің намысын әлем аренасында қорғағысы келеді.

Бибигуль учится в 11 м классе

«Садақ атуды үйренгелі бері қолым да, көзім де үйреніп, дәлдік пайда болды. Енді осы машықты одан әрі жетілдіріп, ат үстінде шауып келе жатып нысанаға дәл тигізуді меңгергім келеді. Бұл — үлкен шеберлікті, төзімділік пен үйлесімділікті талап ететін өнер. Алдағы уақытта үздіксіз жаттығып, осы бағытта өзімді шыңдауды мақсат етіп отырмын», — дейді оқушы Бибігүл Ықсан.

Бибігүл 11-сыныпта оқиды. Бір қызығы, ол сыныбындағы алты ұлдың ортасындағы жалғыз қыз. Оқуда да, спортта да олардан қалыспайды. Мұғалімдері оның табандылығын жоғары бағалайды.

Учитель

«Бибігүл — өте мақсатшыл әрі еңбекқор оқушы. Ол оқу мен спортты қатар алып жүріп, уақытын тиімді жоспарлай біледі. Сабаққа жауапкершілікпен қарап, әр ісіне үлкен ыждағат танытады. Табандылығы мен тәртібі үйлесім тапқан. Атқа деген ерекше ықыласы мен үздіксіз талпынысы құрметке лайық. Осындай жігері мен еңбегінің арқасында алда оны үлкен жетістіктер мен жарқын болашақ күтіп тұрғанына сенімдімін», — дейді сынып жетекшісі Бағдат Аманжолқызы.

Ол үйіндегі әр арғымақтың қабілеті мен мінез-құлқын жақсы біледі. Енді ат үстінде түрлі трюктер жасауды үйренбек.

Бақшагүл Зияда
Бақшагүл Зияда
Окончила Карагандинский университет им. Е. А. Букетова, филологический факультет, кафедру журналистики.

Советуем посмотреть

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

События дня

Самое популярное