Воскресенье, 25 января, 2026
ДомойАвторские колонкиЛюдиҚара алтыннан әшекейге дейін: қарағандылық дизайнер өнерге айналдырған өндірістік материал

Қара алтыннан әшекейге дейін: қарағандылық дизайнер өнерге айналдырған өндірістік материал

Қарағандылық дизайнер Ольга Целлер қара алтыннан зергерлік бұйымдар жасап жүр. Көзге үйреншікті материалды өнер туындысына айналдыру — талғам мен табандылықты талап ететін жұмыс. Алғаш рет республикалық жобада ол туған қаласының мінезін ашатын символ іздеп, көмір тақырыбына тоқтаған. Шебердің қолы тынымсыз қара тасты жонып, оған пішін беріп жатыр. Шикі қалпында сұсты көрінетін материал осылайша нәзік әшекейге айналып келеді. Негізгі мамандығы экономист болғанымен, Ольга жүрек қалауына еріп, шығармашылықты таңдаған. 2013 жылдан бастап түрлі материалдармен тәжірибе жасап, 2019 жылы өз брендін қалыптастырды. Оның бұйымдарында дәстүрлі асыл тастардың орнын көмір басқан.

Ольга Целлер дизайнер украшений

«Алғашқы бұйымдарым өте нәзік болды, тағуға жарамайтын. Оның үстіне киімге жағылып, былғайтын кемшілігі де бар еді. Дегенмен уақыт өте келе тәжірибе жинап, материалмен дұрыс жұмыс істеуді, арнайы тұрақтандыру тәсілдерін меңгердім. Көп ізденіс пен сынақтың арқасында қателіктерімді түзеп, технологияны жетілдірдім. Қазір әшекейлерім қауіпсіз, берік әрі күнделікті тағуға толықтай жарамды», — дейді дизайнер Ольга Целлер.

Бұл материалмен жұмыс істеу оңай емес. Сынғыш көмірді тұрақтандыруға екі аптаға дейін уақыт кетеді. Арнайы шайыр арқылы өңделген қара тас берік болып, қолға да, киімге де зиян келтірмейді. Шебер көмірдің әр түрін сынап көріп, ең сапалысы — антрацит болғанын айтады.

«Негізі мен түрлі материалдармен тәжірибе жасағанды ұнатамын, ағаш, тері, тіпті эпоксидті шайырды да қолданамын. Көмірдің ішінде антрацит ең берік түрі. Дегенмен оны табу қиын. Қазір көмір тасушылардың бәрі мені танып алған. Үйіме көмір алсам, міндетті түрде бір шелек ерекше түрлерін жинап әкеліп береді», — дейді дизайнер.

Ольганың шығармашылығы талай адамға шабыт беріп жүр. Солардың бірі — Наталия Старостина. Ол әуелі дизайнердің әлеуметтік желідегі жұмыстарын бақылап, кейін әшекей сатып алған. Ал уақыт өте келе қызығушылығы артып, шеберлік сабағына қатысқан. Бүгінде өзі де түрлі бұйымдар жасап, бұл кәсіптегі алғашқы қадамдарын нық басып келеді.

Наталья Старостина

«Ольга өте ашық әрі батыл жан, оның жұмыстары маған қатты әсер етті. Бұл әшекейлерді тағып көргеннен кейін, осы саланы өзім де байқап көргім келді. Қазір өз бұйымдарымды жасап, сата бастадым. Гүлді бұйымдар жасағанды ұнатамын», — дейді шеберлік сабағына қатысушы Наталья Старостина.

Ольганың еңбегі бірнеше отандық байқауда жоғары бағаланып, түрлі көрмелер мен арт-жәрмеңкелерде ұсынылды. Былтыр қыркүйек айында оның бренді Милан сән апталығында таныстырылды. Дизайнер көрсетілімге кәсіби модельдерді емес, өз құрбыларын ертіп баруды жөн көрген. Осылайша подиумда әртүрлі жастағы, әр салада еңбек ететін 14 әйел өнер көрсетті.

Работа с дизайнером Ольга Целлер

«Мұндай сән көрсетілімдері ақылы. Сондықтан шығармашылық топпен барып, шығынды бірге көтердік. Мен өз қаламды өте қатты жақсы көремін. Сондықтан Миланға барып, Қарағандымның тарихы жайлы баяндау, Қарағанды көмірін таныту мен үшін ерекше мақтаныш», — дейді дизайнер Ольга Целлер.

Алдағы уақытта дизайнер әшекейлер қатарын кеңейтіп, қазақстандық дизайнды халықаралық деңгейде насихаттауды көздеп отыр.

Бақшагүл Зияда
Бақшагүл Зияда
Окончила Карагандинский университет им. Е. А. Букетова, филологический факультет, кафедру журналистики.

Советуем посмотреть

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

События дня

Самое популярное