Қарағанды облысында жетпіс жастағы зейнеткер жүгіру жарыстарына қатысып, топ жарып жүр. Жұмаш Құрманғалиев осылайша денсаулығын күтудің жолын тапқан. Оны ауылдастары желдей ескен желаяқ атап кеткен.
Жұмаш Құрманғалиев таңмен таласа тұрып, таза ауада жүгіреді. Алдымен бойын сергітіп, жаттығу жасап алған соң жүгіруге кіріседі. Күн сайын қашықтықты ұзартып отыруға тырысады.
«Мен күн сайын таңғы сағат алтыда тұрамын. Күн сайын он шақырым жүгіремін. Бұл мен үшін әдетке айналған. Ең бастысы – ерінбей, үнемі қозғалыста болу», – дейді зейнеткер Жұмаш Құрманғалиев.
Зейнеткер жеті жыл бойы жылдың қай мезгілінде болсын осы әдетінен жаңылмай келеді. Қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығында да ол белгіленген қашықтықты міндетті түрде еңсереді. Тұрақты жаттығулар оның сергек жүруіне және дене қалпын сақтауға көмектеседі.
«Бір күн жүгірмей қалсам, өзімді әдеттегідей сезінбеймін. Ағзам қозғалысқа үйреніп қалған. Сондықтан күн сайын дене жаттығуларын жасауға уақыт табуға тырысамын», – дейді зейнеткер Жұмаш Құрманғалиев.
Қария түрлі жүгіру жарыстарына қатысады. Жақында республикалық «Бұғылы тревэл» марафонында бірінші орынды иеленіпті. Қатысушылар Шайтанкөлге қарай тік беткеймен көтеріліп, қайта төмен түскен. Нәтижесінде Жұмаш Құрманғалиев 12 шақырымды 1 сағат 29 минутта еңсерді.
«Бағыт оңай болған жоқ, әсіресе өрге көтерілу қиынға соқты. Бірақ мен күшімді дұрыс есептеп, алға қарай ұмтылуға үйренгенмін. Мен үшін ең бастысы – қашықтықты бағындырып, жүгіру барысынан ләззат алу. Ал бірінші орынға ие болу – жаттығуларымның жағымды нәтижесі», – дейді зейнеткер.
Ерқанат Құрманғалиев, Жұмаш Құрманғалиевтің ұлы:
«Әкем әрдайым белсенді өмір салтын ұстанатын адам. Оның спортқа қаншама күш-жігері мен уақытын арнайтынын көріп жүрміз. Әкемнің өнегесі бізге де шабыт береді. Ол өзінің өмір салты арқылы жастың ұлғаюы қозғалысқа және жаңа жетістіктерге жетуге кедергі болмауы керектігін көрсетіп келеді».
Қыста шаңғы тепсе, жазда велосипед оның сенімді серігіне айналады. Велосипедпен ауылды күніне екі рет аралап шығады. Кейіпкеріміздің айтуынша, тұрақты қозғалыс бойды сергек ұстап, көңіл күйді жақсартады.
«Ол өте белсенді, бір орында ұзақ отыра алмайды. Ауа райы қолайсыз болса да, далаға шығуға тырысады. Біз де оның күн тәртібіне үйреніп кеткенбіз. Әрине, бойындағы сергектігін сақтап, өз денсаулығына осыншалықты көңіл бөліп жүргеніне қуанамыз», – дейді Жұмаш Құрманғалиевтің жұбайы Білімгүл Мырзаханова.
Зейнеткер үшін таза ауада атқа мініп, мал бағу да – жан рақаты. Мұны да дене белсенділігінің бір түрі деп санайды. Кейіпкеріміздің жүзіне қарап, жасына сену қиын. Әжімінен гөрі көзіндегі от пен жастық жалыны басымырақ көрінетіндей.
«Бәрі маған «Жас көрінесіз» деп жиі айтады. Жасымды сұрағандарға 70-темін десем, көбі сенбей жатады. Әрине, салмағым да мінсіз емес, бірақ ең бастысы – өзіңді сергек сезініп, денсаулығыңа көңіл бөліп, үнемі қозғалыста болу деп ойлаймын», – дейді Жұмаш Құрманғалиев.
Құрманғалиевтерді спортшылар әулеті деп атасақ та болатындай. Төрт баласы мен немерелері де әкесі мен атасын үлгі тұтып, саламатты өмір салтын ұстануға тырысады.











Пока нет комментариев — будьте первым.