Қарағанды облысының Осакаров ауданында қазақы тазылардың аңшылық қасиеттерін сынауға арналған жарыс өтті. Сайысқа асыл тұқымды 24 тазы қатысып, жүйріктігі мен алғырлығын көрсетті. Аңшылық маусымының басталуына орай ұйымдастырылған шараға тазы баптаушылар мен саятшылар жиналып, ұлттық аңшылық дәстүрін дәріптеді.
Қазақы тазының өзіне тән бітім-болмысы бар. Оның кеудесі кең, жауырыны жалпақ, қарны қабысқан, салқы төс келеді. Аңшылық кезінде қимылы ширақ, иіс сезу қабілеті жоғары, ал жүгіргенде жебедей зулайды. Жүйріктігі мен алғырлығы үйлескен тазы ежелден аңшының сенімді серігі саналады.
Сайысқа қатысқан иттердің арасында үш қар басқан «Көкқұс» атты тазы да болды. Тәжірибелі саятшылар үшін тазының жасы мен сыртқы келбеті ғана емес, аңға түсу тәсілі, шапшаңдығы мен төзімділігі де маңызды. Өйткені нағыз жүйріктің қабілеті аңшылық үстінде айқын көрінеді.
«Әкелген еңбегіме қарай, жүгіріп берді. Бір қоян көтерілгенде, бәрінен озып, алға шықты. Әкем де, нағашы әкем де өмір бойы тазы ұстаған. Босағамыздан тазы арылмаған. Бұл – бізге атадан қалған дәстүр. Қан жібермейді, тазыға деген қызығушылығымыз да, құмарлығымыз да сол кісілерден дарыған», – дейді саятшы Рамазан Садықұлы.
Рамазанның айтуынша, тазы баптау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Итті жақсы күйде ұстау үшін оны күнделікті күтіп, денсаулығын қадағалап, аңшылыққа дайындау қажет. Әр тазының мінезі мен қабілеті әртүрлі болғандықтан, иесі оның ерекшеліктерін жақсы білуі тиіс.
Ақсақал алты жасынан бері тазы ертіп, ата жолын жалғап келеді. Бұл жолғы сынақта да сенімді серігі үмітін ақтап, жақсы нәтиже көрсетті.
Қатысушылар Қазақстан кинологтарының одағы әзірлеген тапсырмаларды орындады. Мамандар тазылардың аңды іздеп табу, қуып жету және ұстау қабілеттерін бағалады. Сондай-ақ олардың шапшаңдығына, төзімділігіне және аңшылық тәсілдеріне назар аударылды.
Бүгінде елімізде төрт мыңнан астам қазақы тазы ресми тіркелген. Алайда ауылдық жерлерде құжаттары рәсімделмеген иттер әлі де көп. Сондықтан мамандар елді мекендерді аралап, тазылардың тұқымдық ерекшеліктерін тексеріп, оларды есепке алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Ауылдық жерлерде әлі де тіркелмеген тазыларымыз жеткілікті. Осы мақсатта қазір ауылдарды аралап, иттердің тұқымдық ерекшеліктерін, дене бітімін және белгіленген стандарттарға сәйкестігін тексеріп жатырмыз. Талапқа сай келген тазыларға тиісті құжаттар рәсімдеп, арнайы есепке аламыз», – дейді Қазақстан кинологтарының одағының президенті Бауыржан Серікқали.
Оның айтуынша, бұл жұмыстың басты мақсаты – қазақы тазының тұқым тазалығын сақтау, асыл тұқымды иттердің нақты санын анықтау және оларды жүйелі түрде тіркеу. Қазір есепке алынған тазылардың саны артып келеді. Дегенмен құжатсыз иттер әлі де аз емес. Сондықтан мамандар ауыл тұрғындарына тіркеудің маңызын түсіндіріп, тазы иелерін бұл жұмысқа белсенді қатысуға шақырып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сынақтар қазақы тазының табиғи аңшылық қасиеттерін сақтауға және ұлттық саятшылық дәстүрін дамытуға көмектеседі. Алдағы уақытта осындай жарыстарды тұрақты өткізу жоспарланып отыр.








Пока нет комментариев — будьте первым.