Қарағанды облысында асыл тұқымды жылқы өсіріп, ұлттық жылқы шаруашылығын дамытуға үлес қосып отырған шаруашылық бар. Мұнда жылқының тұқымдық сапасын жақсартып, генетикалық әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысы еліміздегі асыл тұқымды жылқылардың үлесі бір пайызға да жетпейтінін атап өтіп, селекциялық жұмысты күшейту қажеттігін айтқан болатын. Осы орайда Шет ауданындағы шаруашылық мамандары атқарып жатқан жұмыстарын баяндап, алдағы жоспарлары мен тың жобаларын таныстырды.

Мұрат Қожамбердин 40 жылдан астам уақытын қазақы жабы жылқысын асылдандыруға жұмсап келеді. Ол – ата кәсіпті ғылыммен ұштастырып, жабы тұқымының жаңа түрін елге ұсынған жылқышы. Қамбар ата түлігінің саны мен салмағына емес, сапасына ерекше көңіл бөліп, сұрыптау жұмыстарын әлі күнге тоқтатпаған. Еңбек адамының айтуынша, қазақы жылқының тегін сақтау үшін оны құлын кезінен Арқаның алып төсінде мезгіл сайын мекен ауыстырып, еркіндікте өсірген.

«Әр жылқының ата-тегін, шыққан тегін, ұрпағын жеке-жеке жазып, қай биені қай айғырға салу керектігін де нақтылап көрсеттік. Осылайша, жылқылардың тұқымдық ерекшеліктерін ескеріп, селекциялық жұмыстарды жүйелі түрде жүргіздік. 1991 жылы «Сарыарқа» типін апробациядан өткіздік. Одан кейін Қожаберді типін шығардық. Міне, содан бері осы жылқы тұқымдарын жетілдіру, олардың тұқымдық қасиеттерін сақтау және ұрпағын көбейту бағытында жұмыс істеп келеміз. Біздің негізгі мақсатымыз – жылқының сапасын жақсартып, атадан келе жатқан асыл тұқымды малдың ерекшеліктерін сақтап қалу», – дейді «Шолақ еспе» жылқы зауытының басшысы Мұрат Қожамбердин.
Мұғалжар жылқысының Арқа төріндегі асыл тұқымды Қожамберді түрінің басты ерекшелігі осы. Ертеден Сарыарқаны мекен еткен қазақы жылқының қаны сақтаулы. Қысы-жазы өрісте. Табынмен жайылып, тебіндеп ас тапқан арғымақтың салмағы жарты тоннадан асады.
«Жылқылардың дене бітімі мен салмағына да ерекше мән беріледі. Мәселен, айғырлардың тірідей салмағы 500 келіден кем болмауы керек. Ал биелердің салмағы кемінде 450 келі болуы тиіс. Жылқының бойы да белгілі бір талаптарға сай болуы қажет. Дегенмен бұл көрсеткішке табиғи орта мен жер жағдайы да әсер етеді. Белгіленген өлшем бойынша айғырлардың шоқтығына дейінгі биіктігі 146 сантиметрден, ал биелердікі 145 сантиметрден аспауы керек. Осындай көрсеткіштер жылқылардың тұқымдық ерекшеліктерін сақтап, сапалы ұрпақ алуға бағытталған селекциялық жұмыстарда маңызды рөл атқарады», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Дәурен Сыдықов.
Мамандардың айтуынша, елімізде жылқының 14 түрі өсіріледі. Ал оның тек бесеуі ғана қазақы жылқы. Қалғандары сырттан келіп, жерсінгендер екен. Сондықтан жылқы зауытының ендігі мақсаты – Қожамберді түрін Орталық Қазақстанның дербес жылқысы ретінде таныту.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр салада ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын сабақтастықтың маңызын атап өткен болатын. Бұл – ата кәсіпті жалғастырып, жинақталған тәжірибе мен құнды білімді кейінгі буынға аманаттау деген сөз. Жылқы шаруашылығында да осы сабақтастықтың орны ерекше. Жылқы бағу – жай ғана мал өсіру емес, ол үлкен тәжірибені, төзімділікті және табиғаттың қыр-сырын терең түсінуді талап ететін кәсіп. Жылқының басты ерекшелігі – табиғаттың кез келген жағдайына бейімделе алуы. Қырық градус ыстықта да, қақаған аязда да, жаңбыр мен боранда да жылқы өзіне қажетті қоректі табиғаттан өзі тауып жейді. Әсіресе жайылым жағдайына бейімділігі мен төзімділігі оның ерекше қасиеттерінің бірі саналады. Сондықтан жылқы шаруашылығын дамытуда осы табиғи ерекшеліктерді сақтап, асыл тұқымды малдың қасиетін кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызы зор. Ата кәсіптің қадірін біліп, оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру – ұлттық мұраны сақтаудың бір жолы», – дейді қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты басшысының м.а. Әлібек Базарғалиев.
Елімізде төрт түлік төресінің саны 4 миллионнан асып жығылады. Алайда асыл тұқымды арғымақтардың саны 40 мыңнан енді асты. Сондықтан асылдандыру жұмыстары қолға алынып, ерекше қарқын алды.





Пока нет комментариев — будьте первым.