Қарағанды облысындағы Талды ауылының мектебі 100 түрлі гүл отырғызу акциясын бастады. Жобаның авторы — биология пәнінің мұғалімі, мектеп директоры Мақсат Оспанқұлов. Ол оқушылармен бірге мектеп дәлізін тропикалық баққа айналдырған. Директор әр гүлге перзентіндей қарайды. Егер солып қалса, оны өзі емдеп, баптап, қайтадан «жан бітіреді».

«Бұл жай ғана көгалдандыру емес, білім ошағын нағыз эко-кеңістікке айналдыру жолы. Осы мақсатта 100 түрлі гүл отырғызу акциясын бастадым. Бұл сұлулық, бұл фотосинтез ғой. Әрбір егілген гүл — табиғатқа деген жанашырлықтың белгісі, ал жасыл ортада өскен бала табиғатты қорғауды жүрегімен сезінеді. Біз мектепті ғана емес, оқушылардың экологиялық санасын да гүлдендіріп жатырмыз», — дейді мектеп директоры Мақсат Оспанқұлов.
Мұнда тропикалық экзотикалық өсімдіктер де, күтімі ерекше нәзік гүлдер де бар. Бірі өзінің ашық түсімен көздің жауын алса, екіншісі нәзік хош иісімен еліктіреді. Бұл мектеп ауасын тазартып, ұжымға ерекше көңіл күй сыйлайды.

«Біз де қазір әдемі гүл көрсек, мектепке әкелетіндей жағдайға жеттік. Бір гүлді мен білместікпен, биік өссін деп басын қиып тастаған едім. Сонда Мақсат Зейнелұлы маған қатты ренжіп, ұрысқан. Содан кейін сол гүлді емдеп, қайта тірілтіп алды. Ол кісінің қолына түскен өсімдік жайқалып кетеді», — дейді әріптесі Айгерім Бағдатқызы.
Қазір мектеп дәліздері мен сыныптарында гүлдің 70 түрі жайқалып тұр. Ал межеленген 100-ге жету үшін мектеп ұжымы үнемі ізденісте жүреді. Таңдау тамыры терең, сабағы бекем, биікке бой түзейтін өсімдіктерге түседі.
«Менің бұған көп қаржым да, жүйкем де кетпейді. Мен бұл жұмыстан рахат аламын. Кейде гүлдің қалемшесін ұрлап алу керек деп жатады. Мен ұрлап емес, сұрап аламын. Сонда ғана жақсы өседі», — дейді мектеп директоры Мақсат Оспанқұлов.
Мақсат Зейнелұлы — биология пәнінің мұғалімі. Ол үнемі қоршаған ортаға жанашырлық танытып жүреді. Оқушыларға өсімдіктің құрылысын түсіндіріп қана қоймай, оны өз қолымен отырғызуды, нәзік өскінге күтім жасауды үйретеді.

«Мектепте әр оқушының өз гүлі бар. Үзіліс болғанда сол гүлді суаруға асығамыз. Кішкентай оқушылар жұлып кетпесін деп қорғап жүреміз. Гүлдерге қараған сайын көңіл күйіміз көтеріліп, мектебіміз бұрынғыдан да әдемі болып кеткендей сезіледі. Біз оларды жай гүл емес, өз еңбегіміз бен қамқорлығымыздың бір бөлігі деп қараймыз», — дейді оқушы Шырайлым Саят.
Зерттеулерге сүйенсек, айналасында жасыл өсімдіктері бар ортада оқушылардың зейіні 20%-ға артады. Жасыл түс көздің шаршауын басып, ақпаратты тез қабылдауға көмектеседі.

«Жалпы, қымбат гүл еккен дұрыс деп ойлаймын. Бұл мектептің мәдениетін көрсетеді. Ғимарат ішіне гүл толған сайын әдемілене түсті. «Көңіл күйің болмаса, гүл ек. Көңіл күйің болса, тағы да гүл ек» деген менің қағидам бар. Сол қағидамен оқушыларды тәрбиелеп келемін», — дейді биолог-директор.

Қазір ол әрбір өсімдіктің «төлқұжатын» жасауда. Кейін кітап шығармақшы. Әр өсімдіктің қасына арнайы QR-код та қояды. Онда сол гүлдің шығу тарихы, суару ережесі және адам денсаулығына пайдасы туралы мәлімет шығады.
Биолог-директордың бастамасы бүгінде мектептің ортақ ісіне айналды. Кейіпкеріміздің үйінің ауласы да жасыл желекке оранған. Перзенттерін де осы ізгі жолмен тәрбиелеп келеді.








