Елімізде «Қазақстан» есімді 21 адам бар. Олардың төртеуі Қарағанды облысында тұрады. Олар әртүрлі салада еңбек етіп жүр. Бүгінгі кейіпкеріміз Қазақстан Жанатұлы үшін ең маңыздысы — абыройлы азамат болу.
Қазақстан Жанатұлы Қарқаралы ауданының Бесоба ауылында дүниеге келген. Елге сыйлы, жұртқа қадірлі азамат болсын деген ниетпен оның есімін ауыл ақсақалы Ойрат Оқанов қойыпты. Бүгінде Қазақстан осы есімді мақтанышпен алып жүргенін айтады.

«Қазақ еліне пайдасы тиетін, халқына қызмет ететін, елінің дамуына үлес қосатын азамат болсын деген ниетпен қойған деп ойлаймын. Осындай есім берілгеніне қуанамын. Өйткені еліміздің, мемлекетіміздің атын арқалап жүргенімді мақтан тұтамын. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Басында бәрі таңғалып қарайды, әртүрлі сұрақтар қояды. Кейін әңгімелесіп, жақынырақ танысқан соң, есіміме үйреніп кетеді. Әрине, мұндай ерекше есім иесі болу оңай емес, сонымен бірге қызық та. Қай жерде жүрсем де, есімім арқылы адамдардың есінде қаламын. Менің ойымша, ең бастысы — осы есімге лайықты азамат болу. Елімнің атын иеленгеннен кейін, өзім де адал еңбек етіп, халқымның игілігіне қызмет етсем деймін. Болашақта Қазақстанның дамуына өз үлесімді қосып, мемлекетіміздің абыройын асқақтататын азамат болу — менің де тілегім», — дейді пойыз құрастырушы Қазақстан Жанатұлы.

Қазір ол теміржол саласында пойыз құрастырушы болып жұмыс істейді. Бұл қызметке келгеніне үш жыл болған. Ұжымда оны ресми есімінен гөрі «Қазақ» деп атайтындар көп. Осы уақыт ішінде ол ұжымға сіңісіп кеткен. Басшылығы да Қазақстанның жұмысына жауапкершілікпен қарайтынын ерекше атап өтеді.
«Шынын айтсам, өмірімде мұндай есімді алғаш естігенде өзім де таңғалдым, сұрақтарым туындады. Бірақ уақыт өте келе бұл атқа да үйреніп кеттік. Енді оны «Қазақ» деп атаймыз. Мінезі жақсы, ешкіммен сөзге келмейді. Өз жұмысын тиянақты атқарып жүрген азамат», — дейді Қарағанды станциясының бастығы Тілек Құралов.
Ол жастайынан өз елінің патриоты болуға ұмтылған. Қазақ күресімен айналысып, талай додада топ жарған. Қазір Қазақстан — қамқор әке. Жұбайымен бірге екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр. Балаларын да өз елінің патриоты етіп тәрбиелегісі келеді.
«Отбасында мінезім жұмсақ болып келеді. Балаларыма қараймын, олармен жылы сөйлесемін. Ал жұмыста, теміржол саласында, темірдей тәртіп болуы керек. Бұл жерде ешқандай қателік жіберуге болмайды», — дейді пойыз құрастырушы Қазақстан Жанатұлы.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Қазақстан есімді 21 адамның 20-сы — ер адам, біреуі — әйел. Үшеуі Астанада, бесеуі Ақмола облысында, төртеуі Қарағанды облысында, үшеуі Қостанай облысында тұрады.






Пока нет комментариев — будьте первым.