Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында сиыр сауу жаттығу деп есептейтін қария тұрады. Ал бие саудың рахаты тым бөлек дейді. Сағат Үмбетқызы осылайша 20 жылға жуық ауыл халқы мен Қарағанды, Ұлытау, Астананы қымызбен сусындатып отырған жайы бар. Бұл 80 жастағы Сағат Үмбетқызының таңы жаттығуы. Саусақ буындары қозғалыста болады. Отырып тұрып қимылдауының арқасында тізесі қақсамайды. Әженің жылдамдығы көз ілестірмейді. Бір сиырды бар болғаны 10 минутта сауады. Әрқайсысынан 5 литрге жуық сүт алады.
«Сиырды бір демде сауып шығамын. Қолымның күші әлі жетеді. Таң атысымен сиыр саусам, күні бойы сергек жүремін. Келінім екеуіміз кейде жарысамыз. Көбінесе менің шелегімде сүт көп болады. Бұл сүттен құрт, ірімшік, сыр, айран тәрізді өнімдер жасалады. Оның барлығын өзім әзірлеймін. Мұндай жұмыс маған ұнайды», – дейді Ералиев ауылының тұрғыны Сағат Үмбетқызы.
Ал биенің желіні жұмсақ, әрі жылдам иейді. Әже әбден әккіленіп алғаны сондай жылқының жуас асауына қарамайды. Күніне сегіз бие байлап, 50-60 литр қымыз өндіреді. Ұлттық сусынға сұраныс болғандықтан бәсекеде де бар. Сондықтан Сағат әже қымыздың баптауына ерекше мән береді.
«Асау ат шыңғырып, секіріп тұрса, жіппен аяғын мойнына асып қояды. Немесе тізесін бүгіп байлап қояды. Бие сауудың пайдасы, жылқының маңына тақалғанда адам жылқыдан энергия мен күш-қуат алады. Қымыздың бабында болуы негізі шөпке де байланысты. Күбіні таза ұстамаса, қымыз дұрыс шықпайды. Жылқы тазалықты жақсы көреді. Жылқының ішкен суын адам іше беруге болады. Құдықтан жылқы су ішпесе, адам да ішуге болмайды», – дейді зейнеткер.
Сағат Үмбетқызы еңбекке ерте араласқан. Балалық шағы ойын алаңында емес, қыр даласында өткен. Ер мен әйелдің тірлігіне бесаспап.
«Біз демал деa айтсақ та жатпайды. Үйге келген қонақтар таңқалады. Қонақ шақырғанда самаурын қайнатады. Қыста пеш жағып, қар күреу деген істен тіптен шынығатынын айтады. Мен бұл кісіден үлгі алып жүрмін. Келін болып түскеннен бастап, маған барлығын үйретті», – дейді келіні Жаңагүл Жеңісқызы.
Ол қол қусырып қарап отырғанды құп көрмейді. Қимылы ширақ, әңгімесі әсерлі. 80 жаста жас көрінудің құпиясы аянбай еңбек етуде дейді.
«Сәл қимылдамай отырып қалсам, аяғым ісіп ауыра бастайды. Жүріп кетсем, сол сырқаттың барлығы тарқап кетеді. Азаннан кешке дейін жүріс керек. 2 жыл бұрын мен бұзауды өріске айдап қайтып келетінмін. Қазір балалар рұқсат етпейді. Еңбекке араласқанның арқасында мен жас көрінемін. Ал былшиып отыра берсем, тіптен қартаяып қалатын едім», – дейді Ералиев ауылының тұрғыны Сағат Үмбетқызы.
Сағат Үмбетқызы 30 немере, 20 шөберенің аяулы әжесі. Келіндері оған қарап ой мен бой түзейді.