Қарағандыда бір сыныпта оқыған жеті сарбаз әскери қызметін бірге өтеп жүр. Бір мектептің түлектері Алматы облысынан келген. Бүгінде олар 6505 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеуде.
Жас сарбаздар маусым айынан бері әскери қызмет талаптарына бейімделіп, бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Қазір олар жауынгерлік дайындықтан өтуде. Таңғы жаттығудан соң сарбаздар саптық даярлықпен айналысады. Кейін жауынгерлік машықтарын шыңдайды. Тактикалық сабақтар да күн сайын өткізіледі.
Олардың барлығы — Алматы облысы Талғар қаласындағы № 6 Жамбыл Жабаев атындағы мектептің түлектері. Олар бірінші сыныптан бастап дос. Әскерге бірге келу алдын ала жоспарланбаған. Алғашында үшеуі ғана азаматтық борышын өтеуге шешім қабылдаған. Кейін қалған төртеуі де әскер қатарына шақырылған.

«Негізінен біз үшеуміз келеміз деп жоспарлаған едік. Үшеуміз жиналып, военкоматқа келген кезде, келесі күні артымыздан тағы төрт сыныптасымыз келді. Осылайша жетеу болдық. Арамызда аса қатты айырмашылық жоқ. Тек қазір әскери формадамыз, сырт келбетіміз сәл өзгерген. Ал қалғаны бұрынғыдай: бала кезіміздегідей доспыз. Арамызға ештеңе түскен жоқ, бір-бірімізді қолдаймыз», — дейді сарбаз Бексұлтан Нұрматов.
Әскери қызмет жас азаматтарды тәртіпке, жауапкершілікке және Отан алдындағы міндетін адал атқаруға тәрбиелейді. Бұл қағидат еліміздің Конституциясында да айқын көрсетілген.
«Отан қорғау — Конституцияда айқындалған әр азаматтың қасиетті парызы деп ойлаймын. Қазіргі жастарды әскерден қорықпай, қызмет етуге шақырғым келеді. Бұрын бәріміз де, былайша айтқанда, бұзықтау балалар едік. Жеті-сегіз жылдан бері спортпен айналысамыз, бірақ қазір бәрі басқаша. Мұнда әркім жауапкершілікті сезіне бастайды, ойы да өзгереді. Әскери тәртіп адамды өзгертеді — мұнда бұрынғыдай балалық пен ойынға орын жоқ», — дейді сарбаз Нұрғанат Қасымбек.
Жеті достың ұйымшылдығы бөлім басшылығының да назарын аударған. Командирдің айтуынша, олар алғашқы күннен-ақ тәртіптілігімен және жауапкершілігімен ерекшеленген.
«Әскери қызмет барысында мұндай жағдайды алғаш рет көріп отырмын. Бірінші сыныптан бері бірге оқып, бүгінде өз еріктерімен Ұлттық ұлан қатарына келген жеті сыныптастың бір бөлімде қызмет етуі — өте сирек кездесетін жағдай. Осындай патриот жастардың арамызда болғанына қуаныштымын. Алғашқы күннен-ақ бұл сарбаздардың әскери қызметке деген ынтасы мен жауапкершілігін байқадым. Өздерін тәртіпті ұстайды, қойылған міндеттерді уақытылы орындайды. Ең бастысы — олардың бойынан нағыз әскери қызметшіге тән мінезді, жауапкершілікті және қызметке деген ішкі жігерді көріп отырмын», — дейді оқу ротасының командирі, аға лейтенант Болат Кенешов.
Бір мектептен басталған достық бүгінде ортақ міндетпен жалғасуда. Олар үшін әскери қызмет Отан алдындағы борышты өтеумен қатар, азаматтық жауапкершілік пен тәртіп мектебіне айналған.













Комментарии
Пока нет комментариев — будьте первым.