Қарағанды облысында сиам егіздері болып дүниеге келіп, халық емінің арқасында ажыратылған әжелер тұрады. Қаншайым мен Қадиша тек тұрмыста ғана емес, экологиялық акцияларда да алдыңғы қатардан көрініп жүр. Ерекше кейіпкерлермен сол өңірдегі әріптесім Гүлбақша Ақажанова сұхбаттасып қайтты.
Бұл кісілердің жасы 75-те. Егіз әже бір-бірінен алыстаған емес. Олар тазалық айлығына білек сыбана кірісті. Бірі жерді қопсытса, екіншісі су құйып, гүлдің бабын табады.

«Біз бір-бірімізге үнемі көмек көрсетіп жүруге үйренген жандармыз. Қуанышымызды да, қиындықтарымызды да бірге бөлісіп келеміз. Екеуіміз де гүл өсіргенді ерекше жақсы көреміз. Аулаға түрлі гүлдер егіп, олардың жайқалып өскенін көргенде көңіліміз марқайып, ерекше қуанышқа бөленеміз», — дейді Көктас ауылының тұрғыны Қаншайым Искакова.
Мұнда тек гүлдер ғана емес, дастарқанның сәні — көкөніс пен жеміс-жидек те жайқалып өседі. Қос қария жұмысты бөліп алып, бірінің бастаған ісін екіншісі іліп әкетеді. Шыққан өнімді күзде балаларына бөліп береді.

«Қазір жасымыз сексенге таяп қалса да, қол қусырып отырғанды қаламаймыз. Бау-бақшада еңбек етіп, ағаштарды күтіп, гүлдерді баптап жүргенде өзімізді сергек сезінеміз. Табиғат аясында еңбек ету бізге күш-қуат беріп, өмірге деген құлшынысымызды арттырады», — дейді Көктас ауылының тұрғыны Қадиша Искакова.
Олар жарық дүниеге сиам егіздері болып келген. Дене мүшелері бөлек болғанымен, бастары жабысып туыпты. Екеуін халық емінің арқасында ғана ажыратқан.

«Екі қыз сиам егізі болып дүниеге келгенде, дәрігерлер олардың жағдайының өте күрделі екенін айтып, қолдан келер көмектің аз екенін бірден ескерткен екен. Ол кезде медицина ғылымы қазіргідей дамымаған заман болатын. Сондықтан сәбилерге қажетті ем-дом жасау да қиынға соққан. Нағашы әжеміз қос сәбиді күтіп-баптауда көп қиындық көріпті. Оларды жуындыру да, тамақтандыру да оңай болмаған. Сәбилердің бір-біріне жабысып туғанын көрген жұрттың бәрі алаңдаған екен. Сол кезде нағашы атамыз батыл шешім қабылдап, екі нәрестені жалғап тұрған ет пен тамырды балтамен шауып ажыратыпты. Халықтық еммен қанды тоқтатқан. Сөйтіп, екі анамыз аман қалған», — дейді Қаншайым Искакованың ұлы Айдар Оспанов.
Олар бірдей киініп, үнемі бірге жүреді. Көрші-көлем, туыстар кейде ажырата алмай қалады екен. Бала кездерінде тіпті ата-аналары да оларды шатастырыпты. Ал пысық сыңарлар бұл таңғажайып ұқсастықты пайдаланып, талай қулыққа да барыпты.

«Мен кішкентай кезімде соқырішек ауруына шалдығып, ауруханаға түстім. Дәрігерлер ота жасап, біраз күн ем қабылдап жаттым. Балалық қой, күн өткен сайын ауруханадағы өмірден жалыға бастадым. Палатада ұзақ жату маған қиын көрінді. Бір күні Қаншайым маған тамақ әкелуге келді. Сол кезде үйге қайтқым келіп тұрғаны соншалық, оған: «Екі күн менің орнымда сен жата тұршы», — дедім. Сөйтіп, өзім байқатпай шығып кетіп, Қаншайымды палатада қалдырып кеттім. Ең қызығы, дәрігерлер мен медбикелер де бірден аңғармай қалыпты», — дейді Қадиша Искакова.
Егіздерде ұқсастық көп. Екеуі де қолөнерге жақын. Бір-бірінің ауырып қалғанын да алыстан сезеді. Тіпті бірдей түс көретін кездері де болады екен. Қариялар дала тірлігіне де бейім. Бала жастан жұмысты ер мен әйелдің ісі деп бөлмеген.

«Біз бір-бірімізді ерекше сезінеміз. Кейде алыста жүрсек те, бір-біріміздің көңіл күйімізді сөзсіз-ақ аңғаратындаймыз. Тіпті кейде бір түсті қатар көреміз. Менің көңіл күйім болмай жүрсе, Қадиша да сол күні себепсіз жабырқаңқы болып жүреді екен. Денсаулығымызда да ұқсастық көп. Біріміз ауырсақ, көп ұзамай екіншіміз де сырқаттанып қалатын кездер болады. Жас кезімізде де арамыздағы байланыс өте күшті еді. Анамыз біреуімізге ұрысса, екіншіміз де бірге жылап тұратынбыз», — дейді Қаншайым Искакова.

Қаншайым әженің 5 баласынан тараған 21 немересі, 6 шөбересі бар. Ал Қадиша әже 6 баласынан 18 немере, 6 шөберенің қызығын көріп отыр. Бұл әулетте тағы екі жұп егіз және бір үшем дүниеге келген. Қос қарияның ең басты арманы — осы татулық пен берекенің тарқамауы.


