Қарағанды облысындағы шағын ауылда келіншектер мен әжелер жаппай волейбол ойнауды қолға алды. Олар сан саланың өкілдері. Дегенмен олардың бала күнгі арманы спортпен айналысу болған. Жарыс басталғанда «Алға!» деп ұрандап, аяқталғанда «жеңісті күндерде жолыққанша» деп тарқасады екен.
Ең егде жастағысы 60 жасқа жеткен. Соған қарамастан, таңмен таласа спортзалға келеді. Ойынға кіріспес бұрын денені қыздырып, бой сергітіп алады.

Топтың бапкері — Жарқын Ақылбек. Бір жыл бойы командасын жарыстарға дайындап жүр. Допты ойынға қосу, күтіп алу, шабуылдау, еңкею, секіру. Ең бастысы — қарсы жақтан ұшып келе жатқан доптың бағытын жылдам бағдарлау. Осы айла-тәсілдерді үйрену үшін түрлі жаттығулар жасайды.
«Әйел адамдар эмоционалды келеді ғой. Жеңіліп жатса, намыстанып, тек алға жүреді. Сол қасиеттері ұнайды. Сондықтан жарыстарда бар күш-жігерлерін аямайды», — дейді бапкер Жарқын Ақылбек.

Былтыр Қызыларайда жаңа спорт кешені ашылысымен ауыл келіншектері ақылдасып, волейбол командасын құрған. Олар үнемі формада жүреді. Күнде кешкілік спортзалда жиналады. Топты ауыл әкімі Шекер Төлепбекова өзі бастап жүр.
«Бір-бірімізді қыздар деп атаймыз. Ойын барысында даулассақ та, кейін қателерімізді талдаймыз. Ортақ чатымыз бар. Сонда ақылдасамыз», — дейді Қызыларай ауылының әкімі Шекер Төлепбекова.
Залда темірдей тәртіп қалыптасқан. Әрқайсысының өз міндеті бар. Әр спортшы белгілі бір бағытқа жауапты. Мәселен, Құралай Болатбек допты күтіп алып, шабуылдауға бесаспап. Сондықтан алаңда белсенді.
«Кішкентай кезімде волейболшы болғым келетін. Сол арманым енді орындалды десем болады. Біз өзара татумыз. Бір-бірімізді үнемі қолдап жүреміз», — дейді «Ақжар» мәдениет үйінің меңгерушісі Құралай Болатбек.
Жадыра Алтынбек 50 жаста. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Аналар кеңесінің төрайымы. Оның айтуынша, келіншектер арасындағы волейбол командасы ауыл әйелдеріне ерекше серпін берген.
«Қыз-келіншектер бір сәт күнделікті тірліктен ойларын бөліп, осында, залға келеді. Күйбең тірлікті ұмытып, тек спортқа ден қою денсаулыққа да пайдалы екен. Сондықтан осы бастамамызды жалғастыра береміз», — дейді мұғалім Жадыра Алтынбек.
Олар спортта серіктес, өмірде құрбы. Айтар сыры да, жыры да бір. Әрқайсысы — шаңырақтың ұйытқысы, отанасы. Кейбірі немерелерін әлдилеп жүрген әже. Олар аудандық жарыстарда қазір топ жарып жүр. Енді команда құрамын кеңейтпекші. Осылайша салауатты өмір салтын сөзбен емес, іспен дәлелдей бермек.





Пока нет комментариев — будьте первым.