«Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді», — дейді халқымыз. Ал Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында бір қолымен трактордың рөлін бұрап, екінші қолымен тұлпардың жалын ұстайтын келіншек тұрады. Сондай-ақ кейіпкеріміз Ләйлә Ерубаева — тоғыз бірдей бала тәрбиелеп отырған ана!
Ол бұл салаға кездейсоқ келген жоқ. Техниканың тілін табуға деген қызығушылығы бала күнінен қалыптасқан. Тракторды 11 жасында тізгіндепті. Содан бері трактор оның сенімді серігіне айналған.

«Жас кезімде әкемнен трактор басқаруды үйрендім. Аяғым жетпей қалатын кездер де болатын. Көрші-қолаң, ағайын-туыс сол кезде мені сөккен. «Трактор жүргізгенше, неге сабақ оқымайды?» — деп айтатын», — дейді механизатор Ләйлә Ерубаева.
Ләйләнің отбасылық шаруа қожалығы бар. Жұбайы Азамат Ерубаев екеуі 25 жыл осы кәсіптің бас-қасында жүр. Мұнда ер мен әйелдің жұмысы деген түсінік жоқ. Мысалы, бордақыда тұрған төрт түліктің күтімін Ләйлә өзі қадағалайды. Күніне бірнеше мәрте жемшөп әкеліп, өзеннен су тасиды.

Ол жазда дала төсін дүбірге бөлейді. Жер жыртып, шөп шабу күнделікті тірлігіне айналған. Биылдың өзінде қыруар тонна шөп шауып үлгеріпті. Ендігі мақсат — жиналған өнімді ауылға тасып алу.
«Шөп шабу науқаны біз үшін кішігірім той сияқты. Қатты дайындаламыз. Мен шөп шауып жүрсем, үлкен ұлым жинайды. Күйеуім тасиды. Сондықтан отбасымызбен жүреміз. Біз үшін бұл — таза ауадағы демалыс», — дейді механизатор Ләйлә Ерубаева.
Кейіпкеріміз — тоғыз баланың анасы. Перзенттері де техниканы ұршықша үйіреді. Қазір трактор жүргізуге қыздарын баулып жүр.
«Балаларым техниканы жақсы көреді. Жағаласып, рульге таласады. Қазір қыздарым да тракторды жүргізеді. Отбасылық кәсіп үшін өте ыңғайлы», — дейді «мобильді келіншек».
Жолдасының қолы тимей жатса, ол төрт түлікті өріске өргізіп, малды да бағады. Тұмса табиғат пен саф ауа жанға тыныштық сыйлайды, дейді өзі. Жаздың аптап ыстығы, күздің қара суығы кедергі емес. Бастысы — астындағы сәйгүлігі жарамды болса, жеткілікті.
«Атты шабысынан танимын. Бір мезгіл қой бағып, аттың үстінде шауып келген ұнайды. Денсаулыққа да пайдалы», — дейді Ләйлә Ерубаева.
Ләйлә жасынан жылқы жалына жармасып өсті. Асауды жуасытып, тұлпар баптау да — оның қолынан келетін іс.
Ләйлә Ерубаеваның негізгі мамандығы — мұғалім. Бірақ ол қырдағы тірлікті таңдады. Себебі мұндағы қағида қарапайым: «Жесең — азық, сатсаң — ақша».
Жерлестері оны «мобильді келіншек» атап кеткен. Кез келген заманауи техниканы әп-сәтте меңгеріп, тізгіндеп кете береді. Қыстаққа керек-жарағын алу үшін ауылға мотоциклмен қатынайды. Ал қыста қар талғамайтын техникамен түздің тірлігін тындыра береді.
Осы тынымсыз тіршілігін ол тоқтатпақ емес. Ендігі мақсаты — осы заңдылықпен перзенттерін тәрбиелеу.





Пока нет комментариев — будьте первым.