Қарағанды облысында қарапайым тұрғын туристерді тартудың жаңа тәсілін тапты. Сұлтан Сәбит заманауи дронмен Қызыларай тауларын түсіріп жүр. Видеолары әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинауда.
Сұлтан Сәбит Қызыларай тауларының әдемі бейнесін әуеден таспалайды. Туристерді әсіресе Ақсораң биігі қызықтырады екен. Бұл видео оның әлеуметтік желідегі парақшасында ең көп қаралым жинапты. Ақсораңның ұшар басы теңіз деңгейінен 1565 метр биіктікте орналасқан. Шыңға шығу үшін саяхатшылар күрделі жолдан өтеді.

«Біздің TikTok парақшамыз арқылы бұл видеоны қазірдің өзінде миллионнан астам адам көрді. Бізге тек Қазақстаннан ғана емес, басқа елдерден де хабарласып жатыр. Олар бұл жердің қай облыста, қай өңірде және нақты қай жерде орналасқанын сұрайды. Көпшілігі таңғалып, бұл жерге көптен бері келгісі келіп жүргендерін айтады», – дейді Қызыларай тұрғыны Сұлтан Сәбит.
Заманауи техниканың мүмкіндігі шексіз. Дрон 1000 метр биіктікке көтеріліп, 1 сағат бойы тынымсыз ұшады. 10 шақырым қашықтыққа дейін бақылау жүргізе алады. Қанатты құрылғы жергілікті табиғаттың көз жауын алатын көріністерін қалт жібермейді. Мәселен, мына табиғи ескерткіш Тесіктас деп аталады. Алыстан қарағанда бұзылған қамалдың алып қақпасындай көрінеді.

«Тесіктас ескерткішінің ерекшелігі – ортасында тесігі бар жалпақ тас. Ол биіктеу жерде орналасқан. Бұл жердің тағы бір ерекшелігі – осы биіктіктен айналадағы табиғатты тамашалауға болады. Оның жанында ортасында тесігі бар тағы бір тас орналасқан», – дейді Сұлтан Сәбит.
Ал Мамайасу тауының тарихы тіптен бөлек. Шыңның биіктігі – 1450 метр. Аңыз бойынша, көне заманда Мамай батыр бір топ жауынгерімен осы тік құзға шығу үшін атының аяғына киіз байлап өтіпті. Яғни, тұяғын тасқа тайдырмай шығудың айласын тапқан.
«Мұнда тасқа соқсаңыз, ерекше сыңғырлаған дыбыс шығады. Оның үні ұзақ уақыт бойы есте қалады. Менің мақсатым – осындай табиғаты көркем жерлер мен тарихи орындарды адамдарға таныстыру, олар туралы тек елімізге ғана емес, бүкіл әлемге насихаттау», – дейді ол.
Саяхатшылар үшін қазір визуалды контент маңызды. Алыстан көрінетін асқар шыңдар мен жұмбақ шатқалдар видеокадрларда мүлде басқаша көрініс табады. Сондықтан Сұлтан Сәбиттің бұл бастамасы шалғайда жатқан ауылдың туристік әлеуетін кеңінен танытуда.
Қызыларайда қонақ үй жоқ. Сондықтан Сұлтан Сәбит «Құдайы қонақ» жобасын қолға алыпты. Әр саяхатшы оның үйіне келіп тыныға алады. Қазақы нақышта арнайы бөлмелер дайындалған. Ұлттық тағамдар ыстықтай әзірленеді. Турист қонақ үйге жұмсайтын ақшасын үй иесіне қалдырады.
«Бізде қонақтар үшін барлық жағдай жасалады. Ауылдың атмосферасын сезінеді. Көбінесе ауылда туыстары жоқ қаланың жас балалары келіп, атқа отырады, ауыл өмірімен танысады», – дейді Сұлтан Сәбит.
Былтыр Қызыларайға 70-ке жуық турист келіпті. Тарихқа куә болып, көрікті жерлерді тамашалау үшін алыс-жақыннан келушілердің қатары биыл да артқан.






Пока нет комментариев — будьте первым.