Қарағанды қаласының орталық саябағында кітап қоюға арналған ұяшықтар орнатылды. Енді тұрғындар оқылған әдеби шығармаларымен алмаса алады. Мұнда тек кітап оқып қана қоймай, әртүрлі тақырыптағы викториналар мен байқауларға қатысуға болады. Жаңа өзгерістер жайлы алдағы бейнематериалда.
Осындай түрлі-түсті кітапқа арналған ұяшықтар саябақтың әр жерінде орналасқан. Мұнда тұрғындар қалаған кітабын алып, оқи алады. Сонымен қатар, үйде жатқан немесе оқылған кітаптарын жәшікке сала алады. Осылайша кітапқа «екінші өмір сыйлайды».
«Кітап алмасу жобасына күніне 30 ға жуық адам келеді. Бұрын сауда үйлерінде, теміржол вокзалы тәрізді адам көп шоғырланатын жерде ұйымдастырылатын. Биыл бірінші рет Қарағанды қалалық әкімдігімен бірлесіп, саябаққа қойдық. Оқырмандар саны екі есе артты деп айта аламын. Себебі Қарағанды қаласының басым көпшілігі жаз уақытында кешкілік осы саябақта серуендейді», — дейді №5 балаларға қызмет көрсететін кітапхана-филиалының меңгерушісі Венера Жубекова.
Тұрғындар жаңа өзгеріске қуанышты екенін жеткізді. Жәшіктер аз уақыт ішінде кітапқа толып үлгерген. Алина Хамидуллина — Мұхтар Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханасының тұрақты оқырманы. Орталық саябақта серуендеп жүргенде міндетті түрде кітап салынған ұяшықтан кітап алатынын айтады. Сөзінше мұнда қызықты және сирек кездесетін әдеби шығармаларды табуға болады.
«Жаздың жайдарлы күнінде саябаққа келіп, кітап оқып, демаламын. Жәшіктерде өзіңізбен бірге алып жүруге және серуендеу кезінде оқудан ләззат алуға болатын кітаптарды таба аласыз. Барлығын осы бастамаға қосылуға және Орталық саябақта кітаптармен бөлісуге шақырамын!», — дейді оқырман Алина Хамидуллина.
Сонымен қатар, саябақтағы киіз үйдің ішінде де кітапхана жұмыс істейді. Мұнда күніне 40-қа жуық оқырман келетін көрінеді. Тек кітап оқып қана қоймай, әртүрлі тақырыптағы викториналар мен байқауларға қатысады. Айта кетейік, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа мереке туралы қаулы күшіне енді. Енді Қазақстандықтар «Ұлттық кітап» күнін 23 сәуірде атап өтетін болады.