Қарағанды облысында тракторшы әже шөп шауып жүр. Күләнда Жайлаубековаға техника тізгініне отырудың оңтайлы сәті түссе, қалт жібермейді. Осылайша жолдасына қолғабыс етіп, отбасылық шаруашылықтың жұмысын ширатып жүр.
Таңмен таласа тракторын қарап, тексеру — Күләнда Жайлаубекованың күнделікті әдеті. Техниканың май-суын қарап алған соң, от алдырып, бірден шабындыққа бет алады. Қазір ол биылғы балғын шөпті шауып алуда. Жылдамдатып 2-3 күнде жинап алмаса, бойындағы нәрі жойылып кетуі мүмкін.
«Мен кешке дейін шөп шаба аламын, бұл жұмыс маған ұнайды. Таза ауада еңбек етудің өзі бір ғанибет. Тіпті шаршағанымды да сезбеймін. Шөп шауып болған соң, үй шаруаларын да емін-еркін атқара беремін», – дейді Шілдебай ауылының тұрғыны Күләнда Жайлаубекова.
Механизатор әженің жеке меншік екі тракторы бар. Тіркемелері де сақадай сай. Ол бір күннің ішінде 5-6 тоннаға дейін шөп шауып үлгереді.
«Қазір ауа райы құбылып тұр, соған байланысты жердің де жағдайы өзгеруде. Осындай кезде шөпті уақыт оздырмай жинап алу керек, әйтпесе сарғайып кетеді», – дейді Күләнда Жайлаубекова.
Күләнда Бимырзақызы Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Әкесі өмірден ерте өтіпті, сондықтан ес білгеннен еңбекке араласқан. 13 жасында алғаш рет трактор тізгіндеп, көп адам жүрексінетін техниканы ырқына көндіріпті. Кенеттен ақау шықса, бірден жөндеп те алады.
«Трактордың ішкі құрылымын жақсы білемін. Егер бұзылып қалса, өзім жөндей аламын: шамдарын ауыстырамын, басқа да қарапайым ақауларын реттеймін. Кейде егістік алқабында қалып қойған кездеріміз болды, бірақ ондайда да өз күшіммен мәселені шештім. Кейбір әйелдер торт пісіруді жақсы білсе, мен трактор жөндеуді білемін», – дейді Күләнда Жайлаубекова.
Ол жұмысты ер мен әйелдің ісі деп бөлмейді. Бастысы — өз ісіңе деген қызығушылық пен табандылық болу керек дейді. Тіпті қол шалғымен бір күнде бес мая шөп шапқан кезі де болыпты.
«Мен ауылға алғаш келген кезде мұнда ешкім қол шалғымен шөп шабуды білмейтін. Тіпті жолдасымды да бұл іске үйрете алмадым. Өзім Оңтүстік Қазақстаннанмын, шөп шабудың қыр-сырын жақсы білемін, ал бұл жақта оны білетіндер аз еді. Екі жыл бойы шөп шапқанда ауыл тұрғындарының бәрі қызығып, қалай істейтінімді сұрап жүрді. Қазір олардың өзі де үйреніп алды», – дейді ол.
Олжатай Әукенов, К. Жайлаубекованың жолдасы:
«Қол шалғымен шөп шабудың өзіндік тәсілдері бар, оны Күләнда жақсы меңгерген. Тіпті мен оның артынан шөп жинап үлгермей қаламын. Бұл жұмыс күні бойы жалғасады. Ол іске кірісе салысымен, аз уақыттың ішінде тұтас бір алқапты шауып тастайды».
Нәзіктігіне қарамастан, ол кез келген техниканы шебер басқарады. Сазды жерде шынжыр табанды техниканы да еркін жүргізеді. Мотоциклге мініп, мал қайырады. Қыста қар талғамайтын техникамен түздің тірлігін тындыра береді.
Үш баланың анасы таңның атысынан күн батқанға дейін түрлі шаруаның басы-қасында жүреді. Бау-бақшасын да күтіп-баптап, өнім алады. Қазір дәл осылай балалары мен келіндерін де еңбекке баулып жүр.







