Қарағанды облысында егізі көп ауыл бар. Тәттімбет атындағы ауылда 28 жұп егіз бала дүниеге келген. Бұл факт тұрғындар үшін феноменге емес, қалыпты жағдайға айналған. Мұнда әр жылдары қос-қостан туған батыр аналар аз емес. Қазір сол жігіттер мен қыздар еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада жемісті еңбек етіп келеді.
Альбина, Альмира, Айлина, Ясина алдағы оқу жылында 1-сыныпқа барады. Төртеуінің жұбы жазылмайды. Олар концерттерге, театрлық көріністерге бірге қатысады. Мұғалімі де тізімнен қос егіз жұпты көргенде абдырап қалыпты.

«Тізімнен екі жұп егізді көргенде, басында абдырап қалдым — олар бір-бірінен айнымайтын сияқты еді. Бірақ бүкіл жаз бойы солармен жұмыс істеп, қазір оларды оп-оңай ажырататын болдым. Көбі байқай бермейтін әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері бар екен», — дейді мұғалім Салтанат Қалымжанова.
Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бағдат Құлмағамбетова қос қыздың анасы. Екеуі сырттай бір-біріне ұқсамайды. Бірақ білім мен зияткерлік қабілеттері бірдей.

«Менің егіздерім бар, бірақ олар мүлдем әртүрлі. Біреуі ұзын бойлы, екіншісі аласа, біреуі қара торы, екіншісі аққұба. Әрқайсысының өз мінезі мен өзіне тән қызығушылықтары бар. Тіпті мамандықты да әртүрлі таңдады. Бұл егіздердің міндетті түрде бірдей болуы шарт емес екенін тағы да дәлелдейді», — дейді егіздердің анасы Бағдат Құлмағамбетова.
Бағдат Құлмағамбетова 30 жылдық еңбек жолында бірнеше жұп егізге сабақ беріпті. Ажырата алмаған сәтте отырған орындарына қарап анықтайды екен.
«Жұмыс істеген жылдарымда егіз оқушыларым көп болды. Олармен жұмыс істеу маған мүлдем қиын болған жоқ, өйткені үйде де егіздер өсіріп отырмын. Олардың мінезі мен ерекшеліктері маған жақсы таныс. Бірақ бір жұп — Дархан мен Балкан болды. Мен оларды еш ажырата алмадым: соншалықты ұқсас еді. Сондықтан шатастырмас үшін оларды әртүрлі партаға отырғыздым. Қазір Балкан Тәттімбет ауылының әкімі болып жұмыс істейді, ал оның егіз бауыры да осы ауылда тұрады. Оларды бүгін кездестірсем, бірін екіншісінен қайтадан ажырата алмайтын шығармын деп ойлаймын», — дейді Бағдат Құлмағамбетова.
Көп балалы ана Күміс Мұқышева егіздердің өмірге келуі тұқымға да байланысты дейді. Бұл әулетте 7 жұп егіз дүниеге келіпті. Текте бар құбылыс 20 жыл сайын қайталанады екен. Бір қызығы, енесі құрсағында екі рет егіз көтерген.
«Біздің отбасымызда егіздердің дүниеге келуі — таңсық нәрсе емес. Менің анам да, күйеуімнің анасы да егіз тапқан. Енем 21 рет жүкті болғаны белгілі болды, олардың әулетінде егіздердің тууы жиі кездеседі екен. Күйеуімнің әпкесі де егіз босанды. Сондықтан біздің отбасымыз үшін егіздердің дүниеге келуі — үйреншікті жағдай, отбасылық ерекшелік деуге болады», — дейді Күміс Мұқышева.
Күміс Мұқышеваның да Айым мен Гүлім есімді қыздары бар. Егер біреуінің көңіл күйі түсіп кетсе, екіншісіне де әсер етеді. Сыңары ауырып қалса, екіншісі де сырқаттанып қалады дейді.
«Менің қыздарым Айым мен Гүлім бір-біріне қатты ұқсайды. Екеуі де тұрмыста, бірақ араларында әлі күнге дейін ерекше, өте берік байланыс сақталған. Мен жүкті кезімде егіз күтіп жүргенімді алдын ала білу мүмкіндігі болмаған еді. Тұңғыш қызым дүниеге келгеннен кейін небәрі бес минут өткен соң дәрігерлер: «Қазір екінші балаңызды босанасыз», — деді. Мұны естігенде қатты қорқып кеттім, бұл мен үшін тосынсый болды», — дейді егіздердің анасы Күміс Мұқышева.
Күміс апаның жолын келіні Жұлдыз Оспанова да жалғапты. Егіз қыздары Айлина мен Ясинаның тек келбеті ғана емес, сөйлеу мәнері де ұқсайды. Дегенмен, екеуінің әуестігі әртүрлі.
«Менің егіздерімнің бір қызық ерекшелігі бар. Біз оларға әрқашан бірдей киім сатып алатынбыз, бірақ олар өз заттарын ешқашан шатастырмайтын. Әрқайсысы қай көйлек кімдікі екенін жақсы біліп, әпкесінің немесе сіңлісінің киімін ешқашан кимейтін. Олардың арасында өте мықты байланыс бар: біреуі біраз уақытқа кетіп қалса немесе жанында болмаса, екіншісі бірден әпкесін немесе сіңлісін іздей бастайды», — дейді егіздердің анасы Жұлдыз Оспанова.
Зульфия Рахимова Тәттімбет ауылына келін болып түскен. Бір қызығы, екі жылдан соң, сыңары Альфия да осы елді мекенге келін болып түсіпті. Себебі екеуі туғаннан жұптары жазылмаған. Алғаш қаз тұрып қадам басқаннан бастап бірге.
«Мен ауыл жігітіне тұрмысқа шыққанда, егіз сыңарым мені сөкті. Ол кезде ауылда ештеңе жоқ еді деп айтып, өмірімді неге ауылмен байланыстыруды жөн көргенімді түсінбеді. Бірақ уақыт өтті, ол өзі де сол ауылға келін болып түсті. Қазір қыстауда тұрады. Міне, өмір бәрін өз орнына осылай қойды», — дейді егіз қыздардың анасы Зүлфия Рахимова.
Зүлфияның өзі егіз балаға ана болуды армандапты. Қазір қос қызы бар. Альбина мен Альмираның қылығы да, қызығушылығы да бірдей екен.
«Мен егіздердің мінезі жас ұлғайған сайын өзгеруі мүмкін екенін байқадым. Мысалы, егіздерім бес жаста болғанда, біреуі өте пысық әрі белсенді еді, ал екіншісі — момын әрі баяу болатын. Бірақ бір жылдан кейін бәрі өзгеруі мүмкін еді: мінездері орындарын ауыстырғандай болатын. Мен мұны өзімнен де байқаймын. Бұрын сабырлы едім, айтқанды істейтінмін, дауласпайтынмын, наразылық білдірмейтінмін. Ал егіз сыңарым мінездірек әрі қыңыр болатын. Бірақ уақыт өте келе бәрі өзгерді: ол жұмсақ әрі сабырлы бола түсті, ал мен, керісінше, белсендірек және талапшыл болдым», — дейді егіз қыздардың анасы Зүлфия Рахимова.
Тәттімбет ауылдық округінде тұрғындар саны 500 адам ғана. Елді мекен құрылғаннан бастап 28 жұп сәби дүниеге келген. Бұл сирек кездесетін таңғажайып құбылыс. Генетикалық тұрғыда бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Әзірге оның жұмбағын шешкен жан жоқ. Дегенмен тұрғындардың бір бөлігі мұны табиғаттың ерекшелігі деп пайымдаса, енді бірі киелі топырақтан деп есептейді.









Комментарии
Пока нет комментариев — будьте первым.