Қарағанды облысы Нұра ауданындағы өнер мектебінде үйірмелер жұмысы жаңа форматқа көшті. Енді оқушылар қазақ биінің иірімдерін роботтан үйренсе, домбыра тартудың әліппесін заманауи технологияның көмегімен меңгеріп жатыр.
Өнер мектебіндегі жас бишілер енді қимыл-қозғалысты хореографтан емес, роботтан үйренеді. Робототехника үйірмесінің жетекшісі Жасұлан Азаматұлы шәкірттерімен бірге бұл жобаны бірнеше ай бойы дайындаған. Айтуынша, роботтың қозғалысын қазақ биінің иірімдеріне икемдеу оңай болмапты.

«Роботтың қозғалыстары арнайы алгоритмдер мен модульдер арқылы қалыптасады. Оның жұмыс істеуі үшін моторлар пайдаланылады, солардың арқасында ол қолдары мен аяқтарын қозғалта алады. Жоба бойынша жұмыс оңай болған жоқ, бірақ біз оқушылармен бірге оны еңсердік: 3 айдың ішінде робот толық дайын болды», – дейді «Робототехника» үйірмесінің оқытушысы Жасұлан Азаматұлы.

Мамандар роботтың қимылдарын әлі де жетілдіру қажет деп есептейді. Ал жас бишілер үшін оған ілесіп жаттығу жасаудың әсері бөлек.
«Қазіргі кезде іс-шаралар «Қара жорға» биінсіз өтпейді. Бізге бір ой келді: егер флешмобтарда биді робот билеп, барлығы соның қимылын қайталаса, қалай болады? Мұндай ерекше элемент бірден назар аударады, сондықтан біз осы идеяны жүзеге асыруды шештік. Болашақта бұдан да үлкен робот жасауды жоспарлап отырмын», – дейді «Робототехника» үйірмесінің оқытушысы Жасұлан Азаматұлы.
Цифрлық хореограф әзірге биді тек ағылшын тілінде үйретуге көмектеседі. Мамандар роботты қазақша сөйлетуді жоспарлап отыр.
Көнеден жеткен Ортеке цифрлық кейіпке енді. Бірақ бұл жолы ол жай ғана билеп қоймайды, домбыраны жылдам меңгерудің жолын ұсынады. Жүйе қарапайым: сіз күй шертесіз, ал Ортеке әуен ырғағын танып, билей бастайды. Мүдірсеңіз, тоқтап қалады. Ортекені билету арқылы бала күйдің ырғағын сезініп, саусақтарын тез икемге келтіреді.

«Біз құрылымды бөліктерге бөліп, әрқайсысын жеке-жеке ойластырдық, соның ішінде аяқтарын бөлек басқару жүйесін енгіздік — осылайша мүсін өздігінен қозғала алатын болды. Бұл жасанды интеллект технологияларының арқасында мүмкін болды, ал идеяның өзі оқушылардан шықты. Барлығы сәтті жүзеге асқанда, біз балалардың шынайы қуанышын көрдік — бұл біз үшін ең үлкен марапат болды. Бұрын теледидардан роботтарды көргенде, бұл үлкен қызығушылық тудыратын. Қазір балалар жай ғана «тұрған» роботтарға таңғалмайды — оларға қозғалып, өзара әрекеттесіп, «тіріліп» тұрғаны маңызды. Жаңа буынды қызықтыру үшін қозғалысқа толы, серпінді шешімдер жасау қажет. Ал жасанды интеллект бізге жаңа мүмкіндіктер береді — қызығушылықты оятып, шабыттандыруға жол ашады. Мұның өзі бізге де өте ұнайды», — дейді «Шебер қолдар» үйірмесінің жетекшісі Жеңіс Оразбеков.
Нұра кентіндегі өнер мектебінде жасанды интеллект оқушылардың қиялына осылайша қанат бітірді. Осы жобаның арқасында үйірмелерге қатысушылар көбейіп келеді.




