Өкінішке қарай, жетімдер үйінде балалар саны азаймай отыр. Дегенмен, қамқорлық танытатын жандар да аз емес. Қарағанды облысына қарасты Бесоба ауылындағы Ақбергеновтер отбасы үш бала асырап алды. Бұған дейін жалғыз ұлдары болса, бүгінде көп балалы ата-анаға айналған.
Әмір, Мансұр, Кәрима. Үшеуі – бір үйдің балалары. Жастайынан қатал тағдыр теперіші аяған жоқ оларды. Ата-анасыз қалып, жетімдер үйін паналаған. Алайда, екі жыл бұрын үшеуінің өмірі күрт өзгерді. Ақбергеновтер әулеті бауырына басты.
«Балалар үйіне барып, Әмір, сенімен танысуға келдім, деген сәтте үлкен ұл қабағын түйіп, кішкене тосырайып қарады. Адамға сенбейтіндей көрінді. Түстен кейін Мансұр мен Кәриманы көргенде бірден тіл табысып кеттік. Ауылға келгенде қиындықтар болды. Қазақ тілінде сөйлей алмады. Бірақ бір жыл көлемінде үйреттік. Қазір еркін сөйлей алады», – дейді Зәмзәгүл Ошақбайқызы.
Алайда бала асырап алу оңай шаруа емес. Талап қатал. Құжат рәсімдеудің өзінің машақаты көп. Кемі 3 ай психологтан оқиды. Балалар үйінде айлап жатып, үшеуімен тіл табысады.
«Балалар велосипед деген не екенін білмей келді. Балалар үйінде көрмеген ғой. Келген бетте ауылдың балалары велосипед теуіп жүргенде, бұл самокат па деп сұрайтын еді. Сосын қалаға барып үшеуіне 3 велосипед сатып алып бердім. Балалар қуанып, бірден үйреніп алды», – дейді Серік Ақбергенов.
Балалар ата-ана жылуын бірден сезінді. Содан да болар, ауыл өміріне тез бейімделген. Кәрима үй тірлігіне тәуір. Ұлдар әкеге қолқанат. Серік Ақбергенов көлік жөндейтін шебер. Қазір Мансұрды техника меңгеруге үйретіп жүр. Әмір ат әбзелдерін жасағанды жақсы көреді.
«Әкеміз маған үй тапсырмасын орындауға көмектеседі. Ол кісі көлігін жөндеп жатқанда мені де техника тілін білуге үйретеді. Бізге “еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” деген мақалды үнемі айтып отырады. Анамызға бізді балалар үйінен алып кеткеніне алғыс айтқым келеді», – дейді Мансұр Әубәкір.
Серік Ақбергенов, Бесоба ауылының тұрғыны: «Биыл қора өртеніп кетті. Соны үшеуіміз жүріп жаңадан қора салып қойдық. Ешкім де көмектеспеді. Осы екі ұлыммен қораны тұрғызып қойдық. Шеге, балға, балта деген құрал-жабдықтардың барлығын біледі. Олар кәдімгідей маған көмекші».
Балалар қазір қазақ тілінде еркін сөйлейді. Жөн-жоралғы, салт-дәстүрді де меңгеріп алған. Ауыл мектебінде оқиды.
«Менің қазіргі ата-анам мейірімді. Атымызды атамайды. Мені “қоңыр қозым”, бауырымды “сары балапаным”, қарындасымды “ақ ботам” деп еркелетеді. Бізге білім мен тәрбие беріп жатыр. Біз де өмір бойы әке-шешемізді аялап өтетін боламыз», – дейді Әмір Ғабидулла.
Мансұр математикаға мығым. Спортқа да икемі бар. Ал Әмірдің поэзияға жаны жақын. Ән-жырлардан рухтанады.
«Балалар мектебіміздің беделді оқушылары. Аудандық, облыстық деңгейде өтететін олимпиадаларда үнемі жүлделі орындардан көрініп жүр. Мектеп оқушылары да оларды жақсы қарсы алды. Бастапқыда қазақ тілін білмейтін, қазір мақалдап, мәтелдеп сөйлегенде өзіңді жаңылыстырады», – дейді №8 Бесоба тірек мектеп директорының орынбасары Жанна Ғайсина.
Ал Кәриманың арманы – әнші болу. Қазір мектеп сахнасының сәніне айналған.
«Балалар тал сияқты ғой. Қалай өсіресің, солай иіледі. Үшеуінің мінезі әртүрлі. Кәрима ширақ. Көңіліне ештеңені алмайды. Осы мінезін әкесі жақсы көреді», – дейді анасы Зәмзәгүл Ошақбайқызы.
«Мен сабақтан жақсы баға алып келгенде анам үнемі мен жақсы көретін тамақты пісіріп береді. Ал әкем болса сиқыршы. Мен қалаған затты сатып алып береді. Далада ойнап жүргенде біреу ренжітсе, бірден папама айтамын. Себебі мені үнемі қорғап жүреді», – дейді Карима Әубәкірова.
«Егер балалардың іздеушілері келсе, мен білмеймін не болатынын. Мен қатты бауыр басып қалдым. Жұмыста жүргенде де сағат сайын звандап Кәриманы сұрап тұрамын. Ерке болғандықтан кейде мектептен көтеріп әкелемін. Әрқайсысына бір-бір мал атап қойғанмын. Өздері меншіктеп жем-шөбін беріп жүреді», – дейді Бесоба ауылының тұрғыны Серік Ақбергенов.
Зәмзәгүл Ошақбайқызы ауыл мектебінде зертханашы. Физика, химия пәндерінен сынақ жүргізуге көмектеседі. Ал ана ретінде қамқорлығына алған ұлдарын ұяға, қызды қияға қондыру мақсатым дейді.