Ресейлік паралимпиадалық спортшыларға енді Халықаралық Паралимпиада комитеті (IPC) өткізетін жарыстарда өз елінің туы мен әнұраны астында өнер көрсетуге қайтадан рұқсат берілді. Бұл дегеніміз – спортшылар Паралимпиада ойындарында және басқа да халықаралық жарыстарда Ресейді ресми түрде таныстырып, ұлттық рәміздерді – туды, әнұранды және Ресейдің белгілері бар спорттық киімді қолдана алады. Бұған дейін ресейлік паралимпиадашылар санкцияларға байланысты ту мен әнұрансыз қатысқан еді. Енді бұл шектеулер алынып тасталды, және Ресей құрамасы өз елін толыққанды өкіл ретінде халықаралық жарыстарда көрсете алады.
Бұл шешімге Қарағанды облысындағы спорт жанашырлары мен спортшылардың пікірі былай болды.

Тілеміс Дархан Әлиұлы, Қарағанды облыстық паратеннис федерациясының вице-президенті, Қарағанды облысы паратеннис құрамасының бас бапкері, Қазақстан спорт шебері.
СПОРТ – БЕЙБІТШІЛІК СИМВОЛЫ
Халықаралық Паралимпиада комитетінің ресейлік спортшыларға өз елінің туы астында халықаралық жарыстарға қатысуға рұқсат беру туралы шешімін біз екіұдай сезіммен қабылдадық. Себебі Батыс елдерінің спортшылары бұл шешімді қолдай қоймайтыны анық. Спортқа саясаттың араласуы – әрбір спортшы үшін қиын жағдай. Ал шын мәнінде, спорт – бейбітшіліктің, достықтың және бірліктің символы. Қазір әлемде түрлі дүрбелеңдер орын алып жатқан уақытта, Халықаралық Паралимпиада комитеті жағдайды тұрақтандыруды жөн деп санаған сияқты.
Мен өзім ресейлік спортшылармен жиі кездесіп, халықаралық жарыстарда бірге өнер көрсетемін. Сол себепті олардың әлемдік додаларға қатысуын қолдаймын.
Айта кету керек, Халықаралық Олимпиада комитеті әзірге Ресей спортшыларына өз туының астында жарысқа қатысуға рұқсат берген жоқ, ал Паралимпиада комитеті мұндай келісімге келіп отыр. Бұл шешім халықаралық спорт қауымдастығы үшін түсініксіз көрінуі мүмкін, дегенмен менің ойымша, бұл екі тараптың өзара келісім арқылы қабылдаған шешімі. Себебі спорт – достық пен өзара құрметке үндейді. Сондықтан мен бұл бастаманы қуанышпен қабылдаймын.

Мен жиі халықаралық жарыстарға қатысамын. Бір байқағаным, кей кездері ресейлік спортшыларға ойын соңында қол бермеу немесе қатар тұрмауға тырысу сияқты жағымсыз жағдайлар кездеседі. Алайда олардың еш кінәсі жоқ екенін түсінуіміз керек. Спортшылар саясаттың құрбаны болмауы тиіс.
Ресейде паралимпиадалық спорт жақсы дамыған. Бұл шешім жарыстардың деңгейін көтеріп, бәсекелестікті арттырады деп ойлаймын. Әрине, кейбір спорт қауымдастықтарының басшылары мұны қолдамауы мүмкін, бірақ мен үшін бұл – батыл әрі дұрыс шешім. Өзім де паралимпиадалық спортшы ретінде оны оң қабылдадым. Құрама командамдағы спортшылармен пікірлесе отырып, біз бәріміз «спорт – бейбітшіліктің символы» деген ортақ ойға келдік. Біз үшін ең бастысы – саясаттың спортқа әсер етпеуі.
Тілеміс Дархан Әлиұлы 2010 жылдан бері халықаралық жарыстарға қатысып келеді. Ол үстел теннисінен Эрдония, Ресей және Египет елдерінде өткен халықаралық турнирлердің жүлдегері. 28 жасында көлік апатына түсіп, омыртқасы сынып, жұлын жарақаттанғаннан кейін арбаға таңылса да, спорттан қол үзген жоқ. Сол кезден бастап үстел теннисімен айналысып, бүгінде Қарағанды облысының бас бапкері атанды. Жоғары санатты бапкер, ел намысын халықаралық деңгейде абыроймен қорғап жүрген азамат.

Несіпбаев Виталий Ғалымжанұлы, тележүргізуші, комментатор, спорт сарапшысы.
СПОРТШЫЛАРҒА КӨБІРЕК ЕРКІНДІК КЕРЕК
Бұл шешім түрлі көңіл күй тудырып отыр. Бір жағынан, спортшылардың өздері үшін бұл, әрине, маңызды сәт. Екінші жағынан, халықаралық қауымдастықта әлі де сұрақтар қалуы мүмкін. Мұны спорт қағидаттары мен саяси факторлар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған қадам деуге болады. Паралимпиадалық қозғалыс үшін бұл — спортшыларға жарыстарға қатысу тұрғысынан көбірек еркіндік бергісі келетінін аңғартатын белгі.
Бастапқы кезеңде жағдай біраз шиеленісуі мүмкін. Себебі бұл шешім кеңінен талқыланбақ. Алайда, әдетте жарыстар басталған соң, назар қайтадан спорттың өзіне ауысады. Спорт қауымдастығы ішіндегі көзқарасқа әсер етуі мүмкін, бірақ түбегейлі емес. Менің ойымша, спортшылар саясатқа емес, жеке нәтижелеріне көбірек көңіл бөледі.
Аймақта бұл мәселеге көзқарас әртүрлі: біреулер мұны әділ шешім деп санайды, өйткені әңгіме ең алдымен параспортшылар туралы, ал кейбіреулер күмәнмен қарайды. Жалпы алғанда, бұл шешімнен кейін олимпиадалық ойындарға деген қызығушылық бұрынғыдан да артқанын айтуға болады.

Несіпбаев Виталий Ғалымжанұлы — Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің түлегі. Қазақстан-Ресей университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алған. Кәсіби қызметін 2008 жылы қалалық газет пен журналдарда тілші болып бастаған. 2010 жылдан бастап облыстық теледидарда редактор және «Жаңалықтар – Новости» бағдарламасының тілшісі болып жұмыс істеген. «Спорт, спорт…» бағдарламасының авторы, «Арена» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі. Оның бағдарламалары YouTube желісінде Қарағанды өңірі бойынша рекордтық қаралым жинап, әлеуметтік желілер мен республикалық сайттарда кеңінен таралып келеді. Мәскеуде Владимир Познердің телевизия мектебінде білім алған. Аймақтық деңгейдегі бірнеше марапаттардың иегері.
