Қарағанды облысында 89 жастағы механизатор шөп шабу науқанына атсалысып жүр. Қырағы қария қырдағы тірліктен рахат табатынын айтады.
Бүркітті ауылында шөп шабу науқаны қыза түсті. 89 жастағы Шарлис Мұсатаев тамыздың жаңбырлы ауа райына қарамастан 20 тонна шөп шауып үлгерген. Қазір төрт түліктің қорегін жинап жатыр.
«Таза ауада, табиғат аясында жұмыс істеудің жөні мүлде бөлек қой. Кеудеңді керіп терең тыныстағанда жан дүниең сергіп, бойың жеңілдеп сала береді. Мұндай сәттерде көңіл-күй де лезде көтеріліп, жұмыс та өнімді жүреді. Дегенмен биыл шөп шыққанымен, көлемі аздау. Қуаңшылықтың әсері байқалады. Соған қарамастан, табиғаттың әр маусымы, әр көрінісі өзінше көркем, өзінше ғажап. Тек соны бағалай білу керек», – дейді ақсақал.
Ол 19 жасында тракторшылар курсын оқып, еңбек жолын механизатор ретінде бастайды. ДТ-54 техникасымен жер жыртып, шөп шауып, қыстақтарға мал азығын жеткізген. Комбайнмен егін ору – кейіпкеріміздің жан қалауы. Күзде алып техниканы алқапқа алып шығуды жоспарлап отыр. Еңбек адамы кезінде 1200 гектар егін орып, қамбаға бес жүз тонна астық құйған.
«Мен өзім бәрін өз қолыммен жөндеп, толықтай ремонт жасаймын. Мысалы, комбайнға шыққан соң, оның өзіне және ішіндегі барлық бөлшектеріне де ерекше көңіл бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргіземін. Елдің бәрі ремонттап, әуре-сарсаңға түсіп жатқанда, мен қазірдің өзінде комбайнмен шығып, жұмысымды бастаймын да, ертерек аяқтаймын. Әрқашан да отырмай, еңбекпен айналысамын. Таңертеңгі алтыда тракторға отырамын да, түнгі он екіге дейін, кейде тіпті түнгі екіге дейін жер жыртамын. Жұмысыма бар жанымды саламын», – дейді Шарлис Мұсатаев.
Қария 70 жыл бойы темір тұлпар тізгінін ұстап келеді. Көбіне көрші ауылдар арасында қатынайды. Немерелерін діттеген жеріне өзі жеткізеді.
«Көлікке мінген кезде көңілім бірден көтеріліп, жан дүнием жайланып, жақсы көңіл күйге бөленемін. Ең алғашқы көлігім – 412 „Москвич“ болды. Кейін ол москвичімді сатып жіберіп, орнына Mercedes 190 маркалы автокөлік сатып алдым. Мен әртүрлі машиналарды көріп, айдап көрдім, тәжірибем мол. Енді алдағы уақытта джип алғым келеді. Себебі, джиптің жолда беріктігі мен кеңдігі мені қатты тартады», – дейді қария.
Жұматай Мұсатаев, Ш. Мұсатаевтың ұлы:
«Бір кезде мен оған 90 жасқа толғанда көлік сыйлайтынымды уәде еткенмін. Уақыт та келді. Келер жылы оның мерейтойы болады. Мен уәдеге берік болып, арманындағы джипті сыйлауды жоспарлап отырмын».
Ақсақал көзілдірік тақпай-ақ кітап оқиды. Күн сайын газет парақтап, елдегі саяси-қоғамдық жаңалықтарды жіті бақылап отырады.
«Мен, біріншіден, ешқашан арақ ішкен емеспін. Екіншіден, өмір бойы адал еңбекпен шұғылдандым. Таңертең, әдетте алты немесе жетіде тұрып, міндетті түрде далаға шығып, біраз серуендеп, демалып аламын. Жас кезімнен бастап осыны дәстүрге айналдырғанмын. Бұрын өзен бойында 1–2 шақырымға дейін жүгіріп қайтатынмын, сосын суық суға шомылатынмын. Мұның бәрі адамның денсаулығына өте пайдалы екенін кейін түсіндім. Дене шынықтыру мен таза ауада серуендеу – адамның өмір сапасын арттыратын негізгі факторлар деп есептеймін», – дейді Шарлис Мұсатаев.
Ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосқан қария «Құрмет», «Еңбек ардагері» тәрізді орден-медальдармен марапатталған.
Жұмысшы мамандығын таңдаған ұлдары мен немерелері әке жолын жалғап келеді.