Қазақтың ұлттық ойындарын енді роботтар ойнайды. Оның ішінде «Теңге ілу», «Көкпар», «Жамбы ату», «Арқан тартыс» сынды ойындар бар.
Нұрасыл Мұхамедқали – Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның 6-сынып оқушысы. Ол асық атуды құрдасымен емес, роботпен ойнайды. Оқушы өз жобасы арқылы ұлттық ойынды насихаттағысы келген. Туындының жобасын сызып құрастыруға көп уақыт кетпеген. Роботтың мақсаты — шеңберде тұрған асықтарды атып, шеңберден шығару.
«Менің роботым «Асық ату» ойынына қатысты. Бағдарламаны дайындау кезінде жетекшім көмек берді. «Ұлы дала ойындары» сайысы маған қатты ұнады. Келесі жолы бұдан да жақсы робот жасап, жеңуге тырысамын», — дейді Нұрасыл Мұхамедқали.
Ал Жұбаныш Дүйсекей құрастырған робот «Қыз қуу» ойнайды. Авторлық идея алдын ала жазылып, арнайы ойын алаңдарын жасап алған. Бағдарламаны әзірлеуге небәрі бір күн кеткенін айтады. Сонымен қатар, «Қанталапай» ойыны жаңа санатта жасалды. Робот әртүрлі жердегі шашыраңқы асықтарды жинауы керек. Тапсырма оңай емес – объектінің қай жерде екенін есептеуі тиіс. Қажетті сызықты жоғалтпау да маңызды.
«Менің роботым «Қыз қуу» ойынына қатысты. Осылайша 1-орын алдым, қуаныштымын. Роботты құрастыру өте қызықты болды, қарсылас командамыз да мықты болды. Мен робототехникамен айналысқаныма 1 жыл болды. Алдағы уақытта тағы да чемпионаттар мен сайыстарға қатысып, тәжірибе жинағым келеді», — дейді 6-сынып оқушысы Жұбаныш Дүйсекей.
Оқушылар роботтарды құрастыру кезінде шығармашылық көзқарастарын танытуға мүмкіндік алды. Әрқайсы әртүрлі робот құрылғыларын қолданды. Оның ішінде LEGO MINDSTORM, Arduino негізіндегі платформалар бар. Сонымен қатар, роботтардың шанағын 3D басып шығару технологияларын қолданған. Әр оқушы жаңа шешімдер мен инновациялар ұсынды.
Оқушылардың жетекшісі – Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның робототехника пәнінің оқытушысы Әділбек Бердіходжаев. Шетелде білімін жетілдіріп келген оқытушы бұл салада 10 жылдан астам еңбек етеді. Болашақта робототехника бойынша елімізге жаңа жүйе енгізуді көздейді.
«Бұлар білім беру конструкторлары арқылы жасалған роботтар. Ең басты ерекшеліктері — біздің ұлттық ойындарымызға негізделген. Ұлттық құндылықтарды сипаттайды. Ұлттық құндылықтарды оқушылардың бойына сіңіріп, робототехника мен программалау болашақта олардың мамандық таңдауына да өз ықпалын тигізеді деген сенімдеміз», — дейді Әділбек Бердіходжаев.
Оқытушы алдағы уақытта робот жасаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуды көздеп отыр. Осылайша оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттырып, ұлттық мәдениетпен таныстыруға болатынын атап өтті.