Пятница, 7 ноября, 2025
ДомойАвторские колонкиЛюдиДала мен жүректерді жалғаған жол: қытайлық салт аттылар Қарағандыға жетті

Дала мен жүректерді жалғаған жол: қытайлық салт аттылар Қарағандыға жетті

Қытай Халық Республикасының Тарбағатай аймағынан шыққан салт аттылар екі ай бойы ат үстінде сапар шегіп, қазақтың байтақ даласын кесіп өтіп, Қарағанды қаласына табан тіреді. Бұл ерлі-зайыпты саяхатшылардың басты мақсаты – ата-бабадан келе жатқан ұлттық дәстүрді насихаттау, сондай-ақ екі мемлекет – Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстарды нығайту.

Саяхатшылар — Қуанбек Түсіпханұлы мен Жайна Еркінқызы — 12 жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп келе жатқан ерлі-зайыпты жұп. Олар бұл жолы Жетісу өңірінен бастап, Бетпақдаланың шөлейт белдеуі арқылы Арқаның кең жазирасына дейінгі 2500 шақырымнан астам қашықтықты атпен жүріп өткен. Бұл – нағыз сабыр мен төзімді, ерлік пен рухани беріктікті талап ететін тарихи сапар болды.

Еркинкызы

Ұлттық киім киіп, бабалардың ізі қалған мекендерді аралаған қос саяхатшы жол бойы қазақ халқының рухани мұрасын дәріптеп, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға күш салды. Олар барған елді мекендерде жергілікті халықпен кездесіп, қазақтың көне әдет-ғұрпы мен мәдени мұрасы жайлы ой бөлісіп, тарихи сабақтастықтың үзілмегенін дәлелдеді.

Жайна Еркинкызы

«Осы Қазақ елінің дәмін татып, сал-серілік мәдениетімізді, ат үсті мәдениетімізді, көшпелі өмір салтымызды таныстырайық деп жолға шықтық. Сондай-ақ екі мемлекетіміздің достығын дәріптейік, көпшілікке көрсетейік, танытайық деген ниетпен сапар шектік. Қазақ еліндегі қандас бауырларға айтар алғысымыз шексіз», – дейді саяхатшылар Қуанбек Түсіпханұлы мен Жайна Еркінқызы.

Жайна Еркинкызы

Қытай жерінен жолға шыққанда Қуанбек пен Жайна өздерімен бірге қажетті ат әбзелдерін молынан ала шыққан. Ұзақ жолдың ауырлығын алдын ала ескерген олар үзеңгі мен жүгенді, ер мен тоқымды жиі ауыстырып, аттардың жай-күйіне ерекше мән беріп отырған. Шаршаған сәйгүліктерді жиі тоқтатып, арнайы демалдырып отырғанының арқасында олар бұл ұзақ сапарды қиындықсыз еңсеруге мүмкіндік алды.

Осылайша, қос тұлпармен сапар шеккен Қуанбек пен Жайна бұл жолды жүріп өтуде тек физикалық емес, рухани белестерден де өтті. Олардың бұл бастамасы – ұлттық болмыс пен салт-сананың шынайы көрінісі, жас ұрпаққа өнеге боларлық игі іс.

Галия Арынгазыкызы

«Шекарадан, Қорғастан бастап оларды тосып алдым. Содан бері қастарында бірге жүріп, қиындықтарында да, қуаныштарында да бірге болдым. Қазақ елі қаншама ұлтты сыйдырып отыр. Бұл жастарға тәнті болдым, сөзбен айтып жеткізу қиын, өйткені олар қазақтың рухын көтеріп келеді. Олардың ерлігіне миллиардтаған адам таңғалуда», – дейді жолсерік Ғалия Әріңғазықызы.

Қарағандыда аялдаған ерлі-зайыптылар Астанаға қарай бағыт алды. Оларды қарағандылықтар құрметпен шығарып салды. Бұл игі бастама – ұлт руханиятының жаңғыруына, мәдени мұраның ұрпақ санасына сіңірілуіне үлкен серпін беретіні сөзсіз.

Бақшагүл Зияда
Бақшагүл Зияда
Окончила Карагандинский университет им. Е. А. Букетова, филологический факультет, кафедру журналистики.

Советуем посмотреть

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

События дня

Самое популярное