Қарағандылық ерлі-зайыпты көпшілікке тосын форматта өнер көрсетіп, танылып жүр. Нұрлан мен Арайға сахнаның болуы маңызды емес. Олар қала көшелерінде, автобуста, базарда ән айтып, тұрғындардың көңілін көтереді. Бірі ән бастаса, екіншісі оған үн қосады.
Бүгін Нұрлан мен Арай қойылымдарын Қарағандыда халық ең көп жүретін базардан бастады. Қарбалас ортаны бірден сахнаға айналдырып жіберді. Күні бойы жұмыстан шаршаған саудагерлердің де жүздеріне күлкі үйіріліп, олар танымал әндерге қосыла жұмысқа кіріскен.
«Біз ең алғаш рет осы Шығыс базарында өнер көрсеткен едік. Сол күн әлі күнге дейін есімде. Ол кезде менің жаңа босанған кезім болатын. Баламның дүниеге келгеніне қырық күн де толмаған еді. Соған қарамастан, өнерге деген ықыласымыз бен алға қойған мақсатымыз бізді осы жолға жетеледі. Міне, содан бері осы іс біздің күнделікті жұмысымызға, өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Осы базарда талай қызықты сәттерді бастан өткердік, талай адаммен таныстық, көрерменнің ықыласына бөлендік. Уақыт өте келе бұл жер біз үшін жай ғана жұмыс орны емес, ыстық естеліктерге толы, ерекше орны бар мекенге айналды», – дейді Арай Амантайқызы.
Ал аялдамада вайб тіптен бөлек. Автобусты сарыла күткен халық Нұрлан мен Арайға қосылып, бір билеп алды. Олар тек хитке айналған жылдам ырғақты әндерді таңдайды екен. Олар еңбектеріне ақы алмайды. Бұл – жүрек қалауы. Тегін ән айтып, адамдардың көңіл күйін көтеруді басты мақсат санайды. Әнге қосылған жолаушылардың ықыласы өнерлі жұпқа шабыт сыйлайды.
«Біздің басты мақсатымыз – концертке баруға, арнайы уақыт бөліп, өнер тамашалауға мүмкіндігі бола бермейтін қарапайым халықтың көңілін көтеру. Біз ең алдымен осыны мақсат еттік. Адамдар күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәтке болса да сергіп, ән тыңдап, көңілдері көтеріліп қалса, біз үшін одан асқан қуаныш жоқ. Басқа әншілерден ерекшеленудің бір жолы осы шығар деп ойладық. Өйткені бүгінде табиғи таланты бар, дауысы керемет әншілер өте көп. Біз өзімізді ешкімнен артық санамаймыз, «мықты әншіміз» деп те айта алмаймыз. Бірақ бойымыздағы өнерді халықпен бөлісіп, өз қолымыздан келгенше елге қуаныш сыйлағымыз келеді», – дейді Арай Амантайқызы.

Өнерлі жұптың өзіндік стилі бар. Әр образды әннің мазмұнына, қойылымның сипатына қарай таңдайды. Жылтыр костюмдері, ерекше шляпалары мен көзілдіріктері арқылы тұрғындарға бірден танылып кеткен.

«Үнемі жарқырап-жайнап жүргенді жақсы көреміз. Біз үшін ең үлкен марапат – халықтың ықыласы, шынайы күлкісі мен алғысы. Бір адам болса да әнімізді тыңдап, көңілі көтеріліп, жақсы әсер алып кетсе, біздің мақсатымыздың орындалғаны. Өйткені өнер тек сахнада ғана емес, халықтың ортасында да бағалы. Біз осы өнеріміз арқылы елге жақын болғымыз келеді», – дейді Нұрлан Ахмадиев.

Нұрлан Ахмадиев мамандығы бойынша мемлекеттік қызметкер, ал Арай Амантайқызы – мұғалім. Бірақ олар өнерді таңдады. Екеуі қазір 5 перзент тәрбиелеп отырған көпбалалы ата-ана. Олар қосымша әзілге толы вайн түсіріп, әлеуметтік желінің жұлдызы болып жүр.




Пока нет комментариев — будьте первым.