Спорттың арқасында аяққа тұрған жігерлі қыз. Қарағандылық Айдана Жапарова он жыл бұрын арбаға танылған. Ерік-жігері мен өмірге деген құштарлығының арқасында аяққа тұрған. 2014 жылы жұлын ісігі анықталып, күрделі ота жасалған.
Әуелі арбаға танылып, кейін сегіз жыл балдақпен жүрген. Аяққа тұру үшін өзін қолға алып, спортпен шұғылдана бастаған. Ерік- жігері мен өмірге деген құштарлығының арқасында бұл қиындықтан сүрінбей өткен. Бүгінде спорттық киім сататын өз дүкені бар.
«2014 жылы өмірім өзгерді. Бір күні таңертең мен оқуға дайындалып жатқанда сол аяғымда әлсіздік сезіндім. Дәрігерге бардым, маған бірнеше инъекциялар мен дәрумендер жазып берді. Біраз уақыт ауырғаны басылды, кейін қайта басталды. Содан кейін туыстарым маған емшіге баруға кеңес берді. Бардым, ол маған ауыр процедуралар жасады, ауырғаны сонша қатты жыладым. Үш күннен кейін жазылады деді, алайда келесі күні мүлдем аяғымды сезбей қалдым. Сөйтіп арбаға танылдым, кейін 8 жыл балдақпен жүрдім. Өзімді аясам ешқашан жазылмайтын едім, сол себепті барымды салып, жұмыс істедім», – дейді Айдана Жапарова.
Айдана Жапарова сурдоаудармашы. Бұл салаға келуіне ата-анасы ықпал еткен. Екеуінің де есту қабілеті нашар.
Сондықтан анасы 1 жасынан бастап ым-ишара тілін үйреткен. Өсе келе басқа да курстарға жазылып, шеберлігін шыңдаған.
«Ым-ишара тілін анам үйретті. Бірден жаттап алдым. Бала кезде анама әртүрлі сериалдарды, киноларды аударып беретін едім. Балалық шағым болған жоқ деп айтсам да болады. Себебі үнемі анамның жанында болып,аударма жасауым керек болды. Ерте есейдім. Кішкентай болсам да күрделі құжаттарды аударып, үлкендердің жұмысын атқарып жүрдім», – дейді Айдана Жапарова.
Қазір Айдана Жапарованың денсаулығы жақсы. Астана қаласындағы инклюзивті театрда сурдоаудармашы болып жұмыс істейді. Әлеуметтік желілерде де белсенді. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы бейнероликтер түсіреді. Сонымен қатар сымбатты келбетті сақтаудың қыр-сырымен бөліседі. Кейіпкеріміз көмегіне мұқтаж болған жанға барынша жәрдемдеседі.
«Қазір отбасыммен Астана қаласына көшіп келдік. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Әлі де ым-ишара тілін 100 пайыз білем деп айта алмаймын, күн сайын шеберлігімді шыңдап отырам. Көмегіме мұқтаж жандарға қол ұшымды созу маған қуаныш сыйлайды. Мұндай жандар еленбей қалмауы керек. Олар да өздерін қоғамның маңызды мүшесі екенін сезінсе екен дейді», – сурдоаудармашы.