Воскресенье, 15 марта, 2026
ДомойАвторские колонкиЛюдиҚарқаралы тауларындағы түнгі шаңғы: оқушылар шам жарығымен жаттығып жүр

Қарқаралы тауларындағы түнгі шаңғы: оқушылар шам жарығымен жаттығып жүр

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында ауыл балалары түнгі уақытта шаңғы теуіп, ерекше форматта жаттығуды бастап кетті. Енді оқушылар шағын шамдардың жарығымен шеберлігін шыңдап, үлкен спортқа қадам басуда. Қысқы спортқа деген қызығушылықты арттыру мақсатында мұндай бастаманы елімізде алғаш болып Қарқаралы ауданы қолға алып отыр.

Үйірмені белгілі шаңғышы Думан Бейсенаев ашқан. Кешкі уақытта қар тығыздалып тұратындықтан, трасса сырғанауға қолайлы. Әр шаңғышыда арнайы шам бар. Ереже бойынша қатысушылар 15 шақырымды сырғанап өтеді. 3 метр арақашықтықты сақтау керек.

Думан Бейсенаев

«Түнде сырғанағанда тек шамның жарығы түсетін жер ғана көрінеді. Сондықтан трассаны алдын ала жақсылап зерттеу керек: қай жерде бұрылыс бар, қай жерде қар қалың екенін білу маңызды. Әрбір оқушы мұны ескеруі тиіс. Бүгінде балалар телефонға телміріп отырмай, түнгі сырғанауды таңдап жүр. Бұл ата-аналарды қуантады», – дейді жаттықтырушы Думан Бейсенаев.

Түнде шаңғы тепкенде таза, салқын ауа адамның физикалық белсенділігін арттырады. Қазір 30 оқушы қатысып жүр. Арасында алыс ауылдардан да арнайы келіп жаттығатындар бар.

Катание на ночных лыжах

Нұрмұхамбет ТІЛЕУБЕК, оқушы

«Түнде ауа ерекше болады — таза әрі сергек. Екінші тыныс ашылғандай әсер береді. Маған түнгі сырғанау өте ұнайды».

Дана КАКИБАЕВА

Дана КАКИБАЕВА, оқушы

«Күндіз адам көп болған кезде сырғанау аса қолайлы емес. Біз өз бетімізше жаттығамыз, ал қателік болса, жаттықтырушы оны бірден көрсетіп, түсіндіріп береді. Адам өте көп кезде мұны жасау қолайсыз».

Думан Бейсенаев Швейцарияда өткен түнгі шаңғы марафонына қатысқан жалғыз қазақстандық. 17 шақырымды бағындырып, 2000 үміткердің ішінде 21-ші болып мәре сызығын кескен.

Катание на ночных лыжах

«Мен Швейцарияда болған кезде жарысқа қатысқанымдағы қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Менің арманым орындалды. Ондағы атмосфера мүлде ерекше, ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Осындай ауқымды жарыстар дәл сол жерде өткізіледі. Жыл сайын спортшылар жиналады, мен солардың қатарында болғаныма өте қуандым», – дейді жаттықтырушы Думан Бейсенаев.

Оның есебінде барлығы 12 халықаралық марафон бар. Финляндияда, Эстонияда, Италияда, Өзбекстанда, Ресейде өткен жарыстарда ел намысын қорғаған.

Катание на ночных лыжах

«Worldloppet атты халықаралық федерация бар — бұл әлемнің әр түкпірінде өтетін 16 шаңғы марафонынан тұратын серия. Солардың барлығына қатысқан адамға құрметті Worldloppet Master атағы беріледі. Қазақстанда әзірге мұндай биікке жеткен ешкім жоқ. Бұл — менің басты мақсатым», – дейді жаттықтырушы.

Ол әуесқой шаңғышы. Бала кезінде қызыққанымен, тыңғылықты жаттықпаған. Кейін техникасын ғаламтордан қарап, кітаптан оқып үйренген. Қыс бойы Қарқаралының тау бөктерінде жарысқа дайындалады. Осы мақсатта отбасымен арнайы Қарқаралы қаласына көшіп келген.

Катание на ночных лыжах

«Думан қай жерде болса, сол жерде міндетті түрде таулар мен қар болуы керек, шаңғы тебуге мүмкіндік болуы тиіс. Мен Қарағандыда, қалада жұмыс істедім. Бірақ Думан таусыз өмір сүре алмайтынын айтып, көшіп келуді ұсынды. Екі жыл бөлек тұрдық, кейін толықтай осында көшіп келдік. Қазір ол шынымен бақытты», – дейді Д. Бейсенаевтің жұбайы Ақмарал Бейсенаева.

Думан Бүркітұлы Қарқаралы ауданында 5 жыл қатарынан республикалық шаңғы марафонын өткізді. Қазір бұл үрдіс ауылдарда жалғасын тапқан. Ұйымдастырушы да, демеуші де өзі. Бұл жолда қажыр-қайратын да, қаржысын да аямайды.

Ночные лыжники

«Әрине, қиындықтар бар — ұйымдастыру мәселелері, қағазбастылық. Демеушілер табу да оңай емес. Кейде өз қаражатымды салуға тура келеді. Туыстарым тіпті ренжіп те жатады: ол ақшаға басқа да көп нәрсе жасауға болар еді дейді. Бірақ мен үшін бұл — миссия. Жақын арада осы еңбектің нәтижесін міндетті түрде көреміз», – дейді Думан Бейсенаев.

Қысқы спорт түрлеріндегі шетелдің тәжірибесін ол Қазақстанға енгізуді көздейді. Жұмысқа шаңғы теуіп бару дәстүрін қалыптастырғысы келеді. Ал басты арманы — шаңғыдан әлем чемпионын дайындау.

Бақшагүл Зияда
Бақшагүл Зияда
Окончила Карагандинский университет им. Е. А. Букетова, филологический факультет, кафедру журналистики.

Советуем посмотреть

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

События дня

Самое популярное