Қарағанды облысының Шет ауданында 3 минутта қой қырқып рекорд орнатқан батыр әже тұрады. Тиыштық Мұхамедиярова 83 жаста. Ол қазір де шеберлік сағатын өткізуге қарсы емес. Жастайынан еңбекпен есейген қарияның қолы-қолына жұқпайды. Ала жаздай қой қырқатын әже, шопан ата түлігін қыста қырықпау керек деген түсінікпен келіспейді. Айтуынша, қорада жемдеп отырғандықтан оны қоңдандыру үшін күзгі жүннен арылтып тұрған жөн.
«Қырықтық жүзінің салалығын таңдап алам. Сондай зерек болдым. Ұзын жүздің салалығы өткір болады. Ал қысқасы өтпиді. Қырқу білмейтін адамдар қайнап тұрған машинканы суға салып жібереді. Ол өтпей қалады. Мен қолымнан бір тастаған емеспін. Керемет қырқыншы болдым», — дейді Тиыштық Мұхамедиярова.
Тиыштық Игенқызы өмірін ауыл шаруашылығына арнаған жан. 20 жасынан бері қолынан қырықтық түспеген. Бастапқы кезде 1 күнде 5 қой қырықса, кейін жұмыс өнімділігін арттырды. Қабілеті мен икемін байқаған мамандар оны 1974 жылы Жаңарқа ауданында өткен қой қырқу байқауына жібереді. Кейіпкеріміз 147 үміткердің арасында жеңімпаз атанған. Осылайша 1 қойды 3 минутта қырқып ректорд орнатқан.
«28 қой кіргізіп берді. 2 отар қойды екі күнде қырқып бітірдік. Ең аяғында 147 адамнан 2 ақ әйел қалдық финалға. Қойды қырқуына жалғыз өзіміз шығамыз ғой. Жығысатын адам болмайды. Қойды ұстап, жығып, аяғын байлауға және қырқуға 3 ақ минут береді сонда. Талап бойынша жүнді екі қырықпау керек, жыртпау керексің. Оғанда бал береді .Бал есептейді гой. Жарыс қортындысы бойынша бас жүлде алдым, ректорт орнаттым, жүлде ретінде 170 мыңның кілемін берді», — дейді Тиыштық Мұхамедиярова.
Ал тұңғыш ұлы Ақылбай Керімтайұылы болса, анасы 3 жұмыс жасағанын айтады: «Шешеміз қанша дегенмен қарулы болды. Қойды жығатын бір жас бала болды Мейірғали деген жығыншы. Сол жігіт үлгермей жатқанда, анамыз бір қолымен қырқып жатады да, бір қолымен екінші қойды көтеріп, қойып қоятын жанына. Қазірде бос отырмайды. Әбден жұмысқа үйреніп қалған ғой. Бос отырса сөздің шыны керек ауырып та қалады. Жайдан жай тегін отырмайды».
Қария байқауларда сан мәрте жүлдегер атанып, 12 кілем ұтып алған. Сыйлақтарының ішінде мына домбыраны ерекше қастерлейді. Ұлттық аспапты сақтап келе жатқанына жарты ғасырдай болыпты.
«Чемпион атанған сәтінде Тиыштық апайға еңбегін бағалап, чемпиондық атағына лайықты автокөлік сыйлады. Соны алмады. Одан кейінгі бірнеше дүркін өткізген сондай жарыстарға барғанда үш аяқты мотоцикл оны да алмады. Одан кейін үй тарту етті, алты бөлмелі оны да алмады. Осының бәрі жетіспей жатқан басқа да бір отбасыларға берсін. Мен енді қой қырыққанымды чемпион атанғанымды мақтан қылмайын. Олда бір халқыма жасап жатқан еңбегімнің бір қыры болсын деп есептеді. Ауылымыздың экономикасын көтеруге, арттыруға осындай үлкен үлес қосты. Ауылымызда 32 мың бас қой болды. Міне сол қойларды қырқуға ат салысқан осы апай» — дейді Жұмыскер ауылының тұрғыны Балтабай Боқайтегі.
Тиыштық Игенқызы өз аймағының озат сауыншысы да болған. Күніне 40 тан астам сиыр сауған кездері аз емес.
«Ең бірінші үш сиыр алдым, сонан соң төрт сиыр саудым. Қызыға-қызыға келіп аяғында таңертең 32 сиыр сауып, 32 бұзау тартам. Кешке 32 сиыр сауам, 32 бұзау тартам. Қазіргі жастарға айтсаң ертегідей көреді», — деп еске алады қария.
Тиыштық Мұхамедиярова отағасымен 61 жыл бір шаңырақ астында тұрған. 11 бала өсіріп, тәрбиелеген батыр ана бүгінде 32 немере мен 22 шөбере сүйіп отыр.