Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы Көктас ауылының тұрғыны Амантай Сағидолла төрт түлікке қарап ауа райын болжай алады. Биылғы құрғақшылық жалғасады дейді. Ал қыста қар аз, жайлы болады деп болжайды. Бұны ай арасындағы күн райы арқылы анықтаған.
«Кеше айдың арасы өтті. Өләра уақыты дейміз. Ол құрғақ болды. Мысалы, айдың арасында жаңбыр жауса және ол тоқтамаса, айдың жеті жаңасына дейін жаңбыр жаууы мүмкін. Айдың 14 күнінен кейін ауа райы өзгеруі мүмкін. Малшының үйінде өсіп, мал баққан кезде әкем осы тағылымды жиі айтып отыратын. Егер жусан биік өссе — қыста қар мол болады. Егер жазда шөп шықпаса — қыста қар аз болады», — дейді Көктас ауылының тұрғыны Амантай Сағидолла.
Төрт түлік табиғаттағы құбылысты ерте сезеді дейді. Қыста жылқы тыныс алғанда ішпен дем алса — көктем ерте келеді. Қозылар мен ешкілер секіріп ойнаса — жаңбыр жауады. Қойлар шөпті бір жаққа қарай шайнаса — боранды күтіңіз. Ауа райы құбылғанда құстардың да қимылы өзгереді екен.
«Мысалы, қарлығаш жер бауырлап ұшса — қатты жел болады. Қарға құсы өте сезімтал. Егер қарғалар қарқылдап, ауылдың үстінде ұшып, дамыл таппаса — ауа райы өзгереді. Түнде қорада қой шашырап жатса — күн жылы болады. Егер жиырылып жатса — күн суытады», — дейді ол.
Ол аспан әлемін де бақылап отырады. Жаңа туған айға қарап, келер мезгілдің суық әлде жылы болатынын біледі. Көктемде Үркер жұлдызының «құлауына» қарап жазды болжайды. Ал Сүмбіле жұлдызынан қыстың қаһарын анықтайды.
«Мамыр айында Үркер жұлдызы құлайды. Егер Үркер құрғақ жерге құласа — жазда құрғақшылық болады. Суға құласа — жаз жаңбырлы болады. Жалпы Үркер жерге құлаған соң көк шөп шығады, мал тойына бастайды. Кейін тамыз айының соңында Сүмбіле жұлдызы туады. Сол кезде күн суыйды. Кезінде ақсақалдар “Сүмбіле жұлдызы туған соң өзенге түсуге болмайды” деп отыратын. Яғни бұл — күздің келгенінің белгісі болатын», — дейді Амантай Сағидолла.
Еңбек адамының бұл — бірнеше жылдық зерттеуінің нәтижесі. Ауылдастары оны «Болжамсейтов» деп атап кеткен. Айтуынша, әркім ауа райын болжай алады. «Бұған тек ізденіс керек», — дейді ол.
«Ауа райында өзгеріс болатын кезде мен түні бойы ұйықтамай шығамын. Күннің құбылатынын бірден сеземін. Ауыл тұрғындары маған Қожамсейітовтың бауыры емес, “Болжамсейітов” деп қалжыңдап жүреді», — дейді Амантай Сағидолла.
Әсем Жанахмедқызы, Көктас ауылының тұрғыны:
«Қазір біз ауа райын интернетке қарап айтып отырамыз ғой. Ал Амантай Сағидолла өз болжамын бөлек жасап, телефонындағы статусына салып отырады. Мысалы: “Бүгін өләра басталды, ауа райы өзгереді, жолға шығуға сақ болыңыздар” деп хабарландыру жазып қояды. Біз өзіміз де “Жаңбыр қашан жауады?” деп сұрап қоямыз. Ол кісінің айтқаны тура келіп жатады. Таңқаламыз».
Әкесі Сағидолда Рымалдыұлы өмір бойы мал баққан. Ол күннің құбылуын өз бетінше болжап, соған қарай шаруашылығын ыңғайлаған. Қазір сол ілімін баласы да тұрмыс-тіршілігіне арқау етуде.
«Кезінде әкем кешкі астан соң маған: “Жүр, балам, далаға шығып ауа райын бақылайық”, — деп алып шығатын. Сосын жан-жағына, аспанға қарап: “Балам, ертең ауа райы былайша өзгереді, малды басқа жайылымға апарыңдар”, — деп айтып отыратын. Сол айтқандары дәл келетін. Қазір ондай азаматтарды кездестіру өте қиын», — дейді ол.
Амантай Сағидолла 30 жыл бойы Көктас ауылындағы мәдениет үйін басқарып келеді. Түрлі шаралардың басы-қасында өзі жүреді. Мұнда бірнеше үйірме жұмыс жасайды. Ол — елді мекендегі жас буын өкілдерін өнер мен әдебиетке баулып жүрген азаматтардың бірі.