Қарағандылық хореограф мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап тегін би үйірмесін ашты. Нұрлан Мұқатаев 5 айдан бері ерекше өнерпаздардың қарым қабілетін сынап көрген. Бүлдіршіндер небәрі 5-10 жаста. Диагноздары дауна синдромы. Бастапқыда олардың саусақтары икемге келмесе де қиыннан қиыстырды. Қазір мың бұра билеп сахна сәніне айналған.
«Менің баламда көп өзгеріс пайда болды. Үнемі жымиып жүреді. Мектептегі ұстаздары да қызымның өзгергенін айтып қуанып жүр. Белсенділік пайда болыпты. Қазір мектептегі концерттерге қатысады», — деп қуанышымын бөлісті ерекше бала тәрбиелеп отырған аана Рысжан Жәнібекова.
Олар «Шуақты» би тобын құрып алған. Мұнда әр ерекше баламен жұмыс жеке жасалады. Қазір шағын қойылым көрсетіп бере алады. Әзірге тек 4 ерекше баланы өнерге баулып жүр. Нұрлан Мұқатаев әу баста мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасаймын деген ой болмағанын айтады.
«Маған осы балалар оқитын мектептегі директор биге дайындаңызшы деп өтінді. Бірақ бастапқыда мен келіспедім. Одан кейін сол әріптесім басқа хореографтар 15 000 теңге сұрайды дейді. Мен соны естігенде намыстанып кеттім. Қалайша мүмкіндігі шектеулі балалардан ақша сұрайды деп. Кейін алып келіңідер балаларды дайындаймын деп бірден келістім», — дейді Нұрлан Мұқатаев
Қыздар «Қарлығаш» би қойылымымен облыстық байқауда жеңіске жеткен. Жетекшілері олардың еңселері тік, рухтары биік дейді.
«Балалар жалпы 100 пайыз сезімтал дейді ғой. Бірақ бұл ерекше балалар 200 пайыз сезімтал. Оларды алдай алмайсың. Егер барлық жан тәніңді беріп жұмыс жасамасаң, оларды билете алмайсың», — дейді хореограф
Мен өзім ерекше бала тәрбиелеп отырғаннан кейін барлығын жақсы білемін. Мұндай балалармен жұмыс жасау оңай емес. Олар жылдам ашуланып қалуы мүмкін. Көрсеткен қимылды орындамауы мүмкін. Соның барлығына қарамастан көніп балаларды жігерлендіріп келеді. Айтар алғысымыз шексіз,-дейді ерекше баланың анасы Арайлым Бакенова.
Нұрлан Мұқатаевтың «Әжелер би» ансамбліде бар. Ең жасы 65-те болса, егде тартқаны 85-ке келіпті. Олар сан саланың өкілі. Мұндағы басты талап дайындыққа кешікпеу. Қариялар сахна тәртібін мүлтіксіз орындайды.
«Зейнеткерлердің барлығы биік өкшелі аяқ киім киеді. Құлағы тесілмегендерді сырға тағу үшін құлақтарын тестік. Оларға керек кезде ұрсып та аламын. Барлығын көтереді», — дейді Нұрлан Мұқатаев.
«Біз кішірейеміз. Себебі би бізге керек. Қазір биге қатысқалы денсаулығымызда жақсарды. Би байқауларына барып жеңіспен оралып жүрміз. Барлығы бізге қарап таңқалады», — дейді зейнеткер Кенжетай Күлмағамбетова.
Нұрлан Мұқатаев 2004 жылы «Нұрби» үлгілі би ансамблін құрған. Бастапқыда 70 қыз баланы қабылдаса бүгінде құрам 250 ге жеткен. Ұйымдастыру жұмыстарына өзі жүгіреді. Гастролге шыққанда көлік, жататын орынмен қамтамасыз ету жетекшінің міндеті. Қажет болса қыздарына сахналық киімді өзі тігіп береді. Бұл мақсатта тігін машинасын да сатып алып қойған. Ол тек нәзікжандылар ғана биші бола алады деген түсінікті бұзған кәсіби маман. Ол 20 жылдық еңбек өтілі бар хореграф. Төрт күл дүниеге қазақтың ұлттық би өнерін насихаттап жүрген жан. Өзге елдің ұлттық би үлгілерін бізге жеткізе білген хас шебер. Өмірін өнерге арнап келе жатқан еңбек адамы.