Ирина Зважий – ұлт пен өнердің шекарасы болмайтынын дәлелдеген жан. Ол орыс мектебінде «Жігер» ансамблін құрып, оқушыларды ұлттық аспапқа баулыған.

Ирина Зважий Қарағандыдағы №23 мектепте алғаш рет домбыра үйірмесін ашқан. Отызға жуық шәкірті аптасына екі мәрте жиналып, ән мен күйдің қыр-сырын үйренеді. Шығармашылық ұжым облыстық және республикалық деңгейдегі сайыстарда үздік өнер көрсетіп жүр.

«Оқушылардың ата-аналары алғашында таңғалды: өзге ұлттың өкілі домбыра ойнауды қалай үйрете алады? Бірақ менің алғашқы түлектерім сахнаға шыққанда, барлық күмән сейілді — олар маған сенуге болатынын түсінді. Олардың әсері әрдайым ең жағымды. Сонымен қатар, қазақ тілін білу өзара түсіністік орнатуға және сенімді нығайтуға көмектеседі», – дейді Ирина Зважий.

Сабақ барысында балалар ең алдымен шығарманың мазмұнымен танысады. Себебі орындаушы күйдің шығу тарихын терең ұғынып, көрермен жүрегіне жеткізе білуі қажет. Қазір ансамбльдің қоржынында 10-ға жуық музыкалық шығарма бар.
«Бізге әсіресе Қазанғап пен Құрманғазының күйлері ұнайды. Дина Нұрпейісованың шығармаларын орындағанда, өткен ғасырға сапар шеккендей боласың — тарихтың тынысын, қазақ мәдениетінің рухын сезінесің. Мен жиі үйде домбыра тартып отырамын, туыстарым оны үлкен ықыласпен тыңдайды. Оларға оның үні ерекше ұнайды — жылы, жанды әрі сырлы», – дейді домбырашы Ирина Зважий.
Әсет Төлдібай – оқушы

«Алғаш үйірмеге келген кезде бірден музыка пәнінің ұстазына назар аудардым. Оның шеберлігі мен тәжірибесі мені бірден таңғалдырды — бұл алғашқы сабақтардан-ақ байқалды. Ол талапшыл, бірақ әділ, шабыттандырып, қолдау көрсете біледі. Оның сабақтарының арқасында менің шеберлігім айтарлықтай артты. Алғашқы көрермендерім – туыстарым. Оларға бәрі қатты ұнайды. Тіпті кейде олар “ойының үшін ақы төлеуге дайынбыз” деп әзілдейді.»

Ирина тоғыз жасынан домбыра шертеді. Бүркітті ауылындағы музыка мектебінде ұлттық аспапты меңгерген. Кейін оркестр құрамында өнер көрсетіп, талай байқауда топ жарды.
«Мен ауылда тұрған кезде өнер мектебінің мұғалімдері маған баян үйренуді ұсынды. Бірақ мен домбыраны таңдадым — дәл осы аспаптың үні жүрегімді тербетті. Көпшілігі баянға баруға үгіттеді, себебі бұл аспап менің ұлтыма “жарасады” деп ойлады. Алайда көріп тұрғандарыңыздай, менің таңдауым дұрыс болған — нәтиже бәрін өз сөзімен айтып тұр», – дейді Ирина Зважий.

Айжан КӘРІБАЕВА, №23 мектеп директорының орынбасары
«Ирина – өте мейірімді, ізгі жан, нағыз педагог. Мен оны ешқашан ашулы немесе ренжіген күйінде көрген емеспін. Мектеп концерттерінде оның ансамблі үнемі көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, зор қошеметке ие болады. Оның таланты мен жігерінің арқасында домбыра тартуды үйренгісі келетіндер қатары артып келеді – олардың арасында түрлі ұлт өкілдері де бар.»
Кейіпкеріміздің әкесі – украин, анасы – орыс. Орыс тілінде білім алса да, мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Мектепті тәмамдаған соң өнер жолын таңдап, Тәттімбет атындағы колледжге түскен.

«Колледжге түскен кезде алдымен орыс тілді топта оқыдым, өйткені мен орыс тілінде білім берген мектепті бітірген едім. Дегенмен қазақ тілін әрдайым жақсы көрдім және топтастарыма тапсырмаларды орындауға қуана көмектесіп жүрдім. Мұны байқаған оқытушылар көп ұзамай мені қазақ тобына ауыстырды», – дейді Ирина Зважий.
Оның өмірлік серігі – неміс ұлтынан. Екеуі балаларын домбыраның күмбірін тыңдатып, бесік жырымен әлдилеп өсірген. Ирина Зважийдің ендігі арманы – өзге этнос өкілдерінен оркестр құрып, қазақ күйін әлем сахнасына шығару.
