Четверг, 12 ноября, 2026

Қарағанды облысындағы отбасы 40 жылдан бері тазы асырап, саятшылықпен айналысады

Қарағанды облысындағы отбасы 40 жылдан бері тазы асырап, саятшылықпен айналысады

Қарағанды облысында 40 жыл бойы тазы асырап, саятшылықпен айналысып келе жатқан отбасы бар. Жолжақсы Ахмет тазыны тұрысынан таниды. Көбісін күшік кезінен асырап, үйретіпті. Әр қансонарда қанжығасын майлап жүр. Ол «тазы бар жерде даланың жаны бар, қазақтың рухы бар» деп есептейді. Жолжақсы Ахметтің 10-нан астам тазысы бар. Итті аңшылыққа баулуда мезгіл маңызды емес, – дейді ол. Үнемі бабында болу үшін жаз бойы қансонарға дайындайды екен.

«Біз тазы иттерді бала кезінен аңшылыққа баулып өстік. Өзім бұл кәсіпке бес жасымнан араластым. Бар білгенімді әкем үйретті. Уақыт өте келе бұл біздің отбасылық дәстүрімізге айналды. Қазір тазысыз өмірімді елестете алмаймын. Кезінде жиырмаға дейін тазы ұстадым, қазір саны аздау. Дегенмен мен үшін иттің көп болғаны емес, бабында болып, аңшылыққа жақсы баулынғаны маңызды», – дейді аңшы Жолжақсы Ахмет.

Саятшының сүйікті тазысы – Жезкиік. 6 қар басқан. Желдей жүйрік тазы қолға тез үйренеді. Осы уақытқа дейін 15 қасқыр алыпты. Алдындағы алған аңын жәукемдеп тастамай, иесіне таза күйінде ұсынады екен.

Материалға фото

«Жезкиік – өте ақылды тазы. Ол мені сөзсіз-ақ түсінеді. Оны арнайы үйретудің де қажеті шамалы, не істеу керегін өзі біледі. Қалған тазылар үнемі соған қарап, қимылына еліктейді. Бір сөзбен айтқанда, ол өзге иттерге де жол көрсетіп, бапкерлік танытады», – дейді аңшы Жолжақсы Ахмет.

Саятшы аңға шыққанда қару асынбайды. Себебі жүйрік тазыларына сенеді. Олардың аң аулау тәсілі де әртүрлі. Бірі ұстаған аңның тірсегін қиса, екіншісі белден бүріп, омыртқасын үзіп жібереді.

Материалға фото

«Жолдасым қалаға шаруамен кеткенде, тазыларды маған тапсырып кетеді. Телефон шалған сайын ең алдымен иттердің жағдайын, тамақ ішкен-ішпегенін сұрайды. Тіпті кейде иттері бізден де маңызды сияқты деп әзілдеймін. Ал тазыларды аңшылыққа баулығанда оларға ешқашан дауыс көтермейді. Әрқайсысын өз әдісімен үйретеді. Кейде біз де таңғаламыз, бірақ оның тәсілдері жақсы нәтиже беріп жүр», – дейді Жолжақсы Ахметтің жұбайы Айнұр Серікбай.

Жолжақсы Ахмет – аңшы.

Фото к материалу

«Меніңше, ер-азаматтың астында аты, қасында тазысы болуы керек. Жануарды жақсы көретін адамның жүрегі де мейірімге толы болады деп ойлаймын. Қыстың аязында аңға шыққанда, өзімді ерекше бақытты сезінемін. Маған одан артық ештеңенің керегі жоқ. Отбасымнан кейінгі өмірімдегі ең қымбат дүниенің бірі – тазы».

Жолжақсы Ахмет тазыларын күніне 15–20 шақырымға жүгіртіп келеді. Бұлшық еттерін, сіңірлерін созып, жаттықтырады. Себебі ит қимылсыз бір орында көп тұрып қалса, аңға жарамай қалады. Өкпе мен сіңірден суық өтпеуін де қадағалау маңызды.

«Тазы бағу – үлкен еңбек. Оларды құнарлы азықпен қамтамасыз етіп, уақыт бөліп, ерекше күтім жасау керек. Иттерді үнемі далада ұстауға болмайды, баптаудың да өзіндік тәртібі бар. Мұның қаржылық жағынан ешқандай пайдасы жоқ. Бірақ мен үшін тазы ұстау – табыс көзі емес, ұрпаққа аманаттап, балаларымның бойына сіңіруім керек ата дәстүр», – дейді аңшы.

Фото к материалу

Аңға күздің қара суығында және қыста шығады. Мұндайда жабайы аңдар қалың ағаш пен жыңғылды паналайды. Көбіне қасқыр, түлкі, қоян кезігеді екен. Тазы асырап, баптаудың пайдасы шамалы. Бірақ бұл іс оның жүрегінің қалауы. Қазақтың саятшылық дәстүрін сақтағысы келеді. Қазір ұл-қыздарын да аңшылыққа бағыттап жүр.

Как вам материал?

Пока нет комментариев — будьте первым.

Оставить комментарий