Қарағандыда ежелгі қолөнердің бірі қайта жанданып жатыр. Дизайнер Евгения Шульц төрт түліктің сүйегінен түрлі туындылар жасайды. Ол – Қазақстанда осы өнер түрімен айналысатын жалғыз әйел. Бұл жұмыс зергерлік шеберлікті қажет етеді. Ол тек кәсіби дағдыны ғана емес, ерекше рухани күйді де талап етеді.
Қазақ қадірлі мейманына қойдың басын тартады. Әдетте еті сылынып, қоқысқа кететін сүйектен шебер ерекше бұйым жасайды. Арнайы құралдармен оюлап, табиғи тастармен безендіреді. Евгения Шульц – Қарағандыдан шыққан этнодизайнер. Оның қолына түскен жілік үйдің сәнін келтіретін бұйымның бір бөлшегіне айналады. Қолөнерші он жылдан астам уақыт бойы киізден картиналар, киімдер мен аксессуарлар жасайды. Соңғы алты жылда сүйек ою өнерімен айналысып жүр.
«Алдымен сүйекті бірнеше сағат бойы химикат қосып қайнатамыз. Егер химиялық зат көп қосылса, сүйек мүлде жұмсарып кетеді. Қолыңа алсаң, үгітіліп қалады. Сондықтан өлшемді дәл сақтау аса маңызды. Мен зергерлердің қалай жұмыс істейтінін бақылап, біртіндеп үйрендім. Сүйек бірнеше сағат қайнаған соң суытылады да, толық тазаланады. Егер ішінде еттің немесе сіңірдің кішкене бөлігі қалып қойса, сол жері шіріп кетеді», – дейді этнодизайнер Евгения Шульц.
Евгенияның жасаған туындыларын тұмар ретінде де қолдануға болады. Ол оларды жасауға екі ай уақыт жұмсайды.
«Олар үйді дерттен, қиындықтардан, кедейліктен қорғайды деген сенім бар. Мысалы, қыз ұзатылғанда оған тұмар ретінде жауырын сүйегін сыйлаған. Осылайша отбасына береке-бірлік тілеген», – дейді этнодизайнер.
Шебердің киізден жасаған картиналары АҚШ, Франция, Германия және басқа да елдерде жоғары бағаланады. Ал эксклюзивті жамылғылары мен сөмкелері жыл сайын NAURYZ-FASHION фестивалінде көрсетіледі. Піл сүйегін оюдың әлемдік орталығы – Германияның Эрбах қаласы. Сол жердегі жұмыстардан шабыт алған Евгения өзінің жеке брендін құрған.
«Біздің кез келген идеямыз, кез келген бастамамыз, кез келген шығармашылығымыз мәдениеттердің тоғысуына алып келеді. Ал мәдениеттердің тоғысуы әрдайым келісім мен өзара түсіністіктің кепілі болып табылады», – дейді Евгения Шульц.
Этнодизайнердің жұмыстарында Шығыс пен Батыс стилі, дәстүрлі әрі заманауи өнер тоғысқан. Алдағы уақытта ол республикалық деңгейде көрме өткізуді жоспарлап отыр.