Ұлытау облысының Ералиев ауылында 85 жастағы мұғалім тақта алдына қайта тұрды. Сабақ беріп, шеберлік сағатын өткізді. Мектеп ұжымы оқу жылының алғашқы күнін ардагер ұстаздың бастап беруін қолқалаған.
Ардагер ұстаз Рәбиға Нұрланова классикалық сөмкесі мен қажетті құралдарын қолына қайта алды. Оқу бағдарламасын бір қайталап, пысықтап алған. Жасы сексенді орталаса да өзгермеген бір принцип. Ол балаға білім беруге деген құштарлық. Әдебиет пәні бойынша бүгінгі тақырып – Абай шығармаларына арналды. Зейнеткер педагогтың зеректігі сондай, бас ақынның жырларын жатқа оқиды.
«Ұлы ойшылдың өлеңдеері мен қарасөздері оқушыны түрлі ойға жетелейді», — дейді тәжірибелі ұстаз. «Абай өнегесі орасан зор. Бар сұлулықты, эстетикалық көркемдікті бойына жинаған Абайдың өлең жолдары кімді де болса рухани биіктерге жетелеп, болашаққа деген құштарлыққа ұмтылдырады, саналылыққа тәрбиелейді. Бұл құндылықтар дарынды ақынның сөз шеберлігі, даналық ойлары, парасаттылығы арқылы ерекше сұлуланып, өзгеше биікке көтерілген», — дейді педагок.
Ардагер ұстаз сабақта Абай әндерін әуелете шырқап интерактивті тақтаны да қолданды. Оқушылардан сабақ сұрап, әдебиетке деген қызығушылығын байқап көрді.
«Қазіргі оқушылар бөлек қой. ММені әже көріп отырғандықтарын байқадым. Бірақ, оқушылардың білім алуға деген ынталары да бар. Маған бір күн сабақ беріңіз деп мектеп ұжымы өтініш білдіргенде қобалжығаным рас. Оқушыларды қалай таңқалдырсам деп ойладым. Өзіме қатты ұнады. Мектепке деген сағынышымды бастым», — дейді Рабиға Нұрланова.
Рәбиға Нұрланова Ералиев ауылындағы жалпы білім беретін мектепте табан аудармай 32 жыл қызмет еткен. Ұстаздың шәкірттері бүгінде сан салада еңбек етіп жүр. Ол халық ағарту ісінің үздігі деген мәртебелі атаққа небәрі 6 жылда қол жеткізген мұғалім.
«Бүгін мен Рабиға Нұрланованың сабағына қатысқым келді. Мен де ұстазбын. Сондықтан ол кісінің біліктілігі бізге үлгі. Сабақ барысында Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жатқа оқығаны мені таңқалдырды. Жасы 85 те болса да ештеңе ұмытпаған», — дейді Еарлиев орта мектебінің мұғалімі Ақзер Оразбекқызы.
Рәбиға Нұрланованың тағы бір қыры – қолөнерді шебер меңгерген. Жастайынан Ине – жіпті жанына серік еткен. Бөлмесінен ұлттық қолөнер бұйымдарының сан алуан түрін көруге болады. Құрақ құрап, қыз жасауын дайындайды. Оны ауылдағы ағайынға тегін таратады. Себебі қайырымдылықты қадірлі қасиет деп біледі.
«Өзіңнің барыңмен бөлісу ол сауап. Қазір менің халыққа бере алатыным ол менің өнерім. Бос уақытымда көрпе тігіп, осындай игі істерге ат салысамын. Бұл мен үшін жан рахаты», — дейді Рәбиға Нұрланова.
Бұл тігін машинасына 71 жыл болған. Мектеп оқып жүргенде анасы сатып әперген екен. Бүгінге дейін сыр бермеген техника аптасына 8 құрақ көрпе тігуге жарамды. Осылайша шаңырақ иелері халыққа үздіксіз қызмет етіп келеді.