Теміртау қаласында енді таксиге міну үшін қалтаңдағы ақша емес, білімің қажет. Жолақы қазақ тіліндегі сұрақтарға дұрыс жауап беру арқылы төленеді. «Таксидегі QUIZ» жобасы өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Жолаушы такси шақырады. Көлік белгіленген мекенжайға жеткен соң, сапар бірден шағын ойынға айналады. Бұл жолы жолақы ақшаға емес, білімге байланысты төленеді. Жол бойы жүргізуші қазақ тілінде сұрақтар қойып, дұрыс жауап бергендерге шағын сыйлық табыстайды.
Кезекті жолаушы Георгий Абдрашев жоба туралы достарынан білген. Тіл білу деңгейін сынау мақсатында такси шақырып, жүргізушінің сұрақтарына сенімді жауап берді. Жұмыста да мемлекеттік тілде сөйлейді екен. Жоба тек көңілді ойын емес, тіл үйренуді қызықты әрі қолжетімді ететін ерекше бастама екенін айтады.

«Бұл менің өмірімдегі ең қызықты сапарлардың бірі болды. Жол бойы жүргізуші түрлі қызықты сұрақтар қойып, сапарды ерекше әсерге толтырды. Бұл мен үшін пайдалы әрі есте қаларлық тәжірибе болды. Қазіргі таңда жұмыс орнымда да қазақ тілді адамдар жиі кездеседі, сондықтан оларға мемлекеттік тілде жауап беруге және өз білімімді қолдануға тырысамын. Мұндай бастамалар қазақ тіліне деген қызығушылығымды арттырып, оны күнделікті өмірде еркін қолдануға ынталандырады», — жолаушы Георгий Абдрашев.
Қазақша тегін такси — Теміртау қаласындағы ресурстық тіл орталығының жобасы. Тұрғындардың қызығушылығы соншалық, бір айдың ішінде көлікке мінгісі келетіндер саны артқан.

«Бұл жоба „Қазақша сөйлеу — тренд“ акциясы аясында жүзеге асырылуда. Аталған бастама қаламызда алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, қала тұрғындары арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. Жобаның басты мақсаты — мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін күнделікті өмірде еркін қолдануға ынталандыру және тұрғындардың тілге деген қызығушылығын арттыру. Осындай игі бастамалар қоғамда тіл мәдениетін қалыптастырып, көпұлтты ортада қазақ тілінің мәртебесін нығайтуға ықпал етеді», — дейді Теміртау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ресурстық тіл орталығының директоры Гүлнар Әкімбаева.

Такси қызметі күн сайын сағат 17:00-ден 19:00-ге дейін көрсетіледі, себебі дәл осы уақыт аралығында қалада такси қызметіне сұраныс артады. Аталған әлеуметтік жоба өзге этнос өкілдерінің қазақ тілінде еркін әрі сенімді сөйлеуіне жол ашып, мемлекеттік тілге деген қызығушылықты күшейтуге бағытталған.
