Қырғызстанда 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу 2025 жылдың қыркүйек айынан басталды. Жаңа білім беру стандарттары елдің оқу жүйесін халықаралық талаптарға жақындатып, болашақ түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат етеді. Алайда бұл ауқымды реформа қоғам тарапынан біржақты қолдау таппай, керісінше сын мен алаңдаушылықты күшейтіп отыр. Әсіресе материалдық-техникалық база, мұғалімдердің дайындығы және реформаны енгізу қарқыны сияқты мәселелер қызу талқылануда.
Осы орайда көрші елдің тәжірибесіне сырт көзбен, кәсіби тұрғыда баға беру маңызды. Қарағандылық үздік педагог, білім саласының сарапшысы Ақдидар Төрекелді Қырғызстандағы 12 жылдық білім беру реформасына қатысты өз пікірін білдіріп, мұндай өзгерістердің тиімді болуы үшін қандай алғышарттар қажет екенін атап өтті. Оның ойынша, реформа тек халықаралық стандарттарға ұмтылумен шектелмей, ұлттық ерекшеліктер мен білім беру жүйесінің нақты мүмкіндіктерін ескергенде ғана нәтижелі болмақ.

Реформаны асығыс енгізудің салдары
Менің ойымша, Қырғызстанда білім беру реформасын материалдық-техникалық базаны, яғни мектеп ғимараттарын, оқу кабинеттері мен зертханаларды толық дайындамай тұрып бірден енгізу — үлкен қателік болды. Себебі кез келген реформа ең алдымен қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен қатар, мұғалім кадрлары да бұл өзгерістерге толық дайын болмауы мүмкін. Қазіргі оқу бағдарламасының күрделілігін ескерсек, педагогтерге алдын ала жан-жақты дайындық пен әдістемелік қолдау қажет еді. Сондықтан реформаның тиімді болуы үшін оны кезең-кезеңімен, нақты дайындықпен жүзеге асырған дұрыс деп есептеймін.
Білім сапасының іргетасы — бастауыш сынып
Бүгінде білім саласында «реформа» сөзі жиі айтылады. Алайда реформаны қуалап, асығыс әрекет етпей, ең алдымен әрбір ұстаз өз ұлтының алдында үлкен жауапкершілік арқалап жүргенін терең сезінуі керек. Өйткені қандай өзгеріс жасалса да, баланың ең басты қажеттілігі — сапалы білім мен функционалдық сауаттылық. Ал бұл бастауыш сыныптан басталады.

Бастауыш сынып мұғалімі — білімнің іргетасын қалаушы. Оның негізгі міндеті — баланы сауатты оқуға, дұрыс жазуға, әріпті тануға, ойын еркін жеткізуге және оқығанын түсінуге үйрету. Өкінішке қарай, қазіргі жүйеде бастауыш сынып мұғалімінен жарыстарға қатысу, түрлі бағдарламалар жазу, сан алуан есептер тапсыру талап етіледі. Бұл — олардың басты миссиясынан алаңдататын факторлар.
Нәтижесінде, әріпті толық танымаған, сауатты жаза алмайтын, оқығанын түсінуде қиналатын балалар орта буынға өтеді. Бесінші сыныпта кездесетін көптеген қиындықтардың түп-тамыры дәл осы бастауыштағы олқылықтарда жатыр. Іргетасы әлсіз үйдің ұзаққа бармайтыны секілді, бастауыштағы білім сапасы төмен болса, кейінгі сатыларда оны түзету өте қиын.
Тағы бір өзекті мәселе — бастауыш сынып мұғалімінің еңбегінің жеткілікті бағаланбауы.
Жалақысының аздығы, жүктеменің көптігі, кәсіби мәртебесінің формалды бағалануы бұл салаға мықты кадрлардың келуіне кедергі келтіріп отыр. Егер бастауыштағы білім сапасын түбегейлі өзгерткіміз келсе, ең алдымен осы мұғалімдерге лайықты жалақы тағайындалып, олардың уақыты мен күш-қуаты тек бала оқытуға бағытталуы қажет.
Реформа санына емес, сапасына мән берген жөн
Өзге елдердің реформаларын енгізбес бұрын оларды мұқият зерттеу қажет деп ойлаймын. Қазақстанда нәтижесіз реформалар аз емес. Көбіне реформа сценарийі жазылады, бірақ оны шынайы жүзеге асыратын, сол идеяға жан-тәнімен берілетін адамдар жетіспейді. Себебі біз реформаны емес, ұлттың болашағын ойлауымыз керек. Білім мен саналы тәрбие — мемлекеттің стратегиялық негізі.

Халықаралық зерттеулерде, соның ішінде PISA нәтижелерінде функционалдық сауаттылыққа ерекше мән берілуі орынды. Баланың оқығанын түсінуі, ақпаратты талдай алуы, өз пікірін айтуы — бүгінгі қоғамға қажет басты дағдылар. Алайда бұл көрсеткіштерге жету үшін мұғалім мәртебесін, ата-ана жауапкершілігін және бастауыш білімнің рөлін қатар қарастыру қажет.
Мысалы, Жапонияда бала мектепке бармас бұрын-ақ әріпті танып, қарапайым мәтінді оқи алатындай деңгейге жетеді. Бұл — ата-ананың жоғары жауапкершілігінің нәтижесі. Ал бізде кейде қаламды дұрыс ұстай алмайтын баладан бірден жоғары нәтиже талап етіп, сәтсіздікке ұшыраған жағдайда мұғалімді кінәлау қалыпты жағдайға айналған.
Ата-ана өз жауапкершілігін сезінбейінше, білім саласындағы мәселелер толық шешілмейді.
Сонымен қатар, оқу мерзімін ұзарту сапалы білімге автоматты түрде кепіл болмайды. Баланың демалуға, ойнауға, психологиялық тұрғыда қалпына келуіне де уақыты болуы керек. Жаздың ыстық айларында оқыту баланың ынтасын төмендететіні де — ата-аналар мен сарапшыларды алаңдататын орынды мәселе.
Менің ойымша, Қазақстанда педагог реформаны толық тоқтата да, түбегейлі өзгерте де алмайды, бірақ оны түзетуге, жеңілдетуге және ең бастысы — сапасын арттыруға нақты ықпал ете алады. Ол үшін мұғалімдер білім саласындағы қоғамдық кеңестерде, сараптамалық алаңдарда дәлел мен тәжірибеге сүйене отырып, ашық пікір білдіруі тиіс. Сондай-ақ ардагер ұстаздармен және педагогикалық кеңестерде тұрақты түрде ақылдасып отыру — дұрыс шешім қабылдаудың маңызды тетігі.
Білім сапасының шынайы жақсаруы үшін ең алдымен мұғалімге уақыт пен сенім беру қажет. Өйткені мектептің іргетасы — бастауыш сынып. Баланың білімге, оқуға деген көзқарасы дәл осы кезеңде қалыптасады. Сондықтан бастауышта берілетін білімнің сапасына және мұғалімнің еңбек жағдайына ерекше мән берілуі тиіс.
12 жылдық білім беру: дайындық пен жауапкершілік
Халықаралық тәжірибе — айна. Алайда сол айнаға өз болмысымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-санамызды ескере отырып қарауымыз керек. Халықаралық сараптама бағыт-бағдар беретін компас болғанымен, білім беру саясаты — әр ұлттың, әр елдің өз жолы.
Бұл тұрғыда Қырғызстан мен Қазақстанның реформалау жолында айырмашылық бар. Қырғызстанда реформа жылдам енгізіліп, бүкіл мектептерді бірден қамтыды, ал пилоттық кезең шектеулі болды. Қазақстан болса ұзақ мерзімді, кезең-кезеңімен көшу моделін таңдады: алдымен пилоттық мектептерде сынақтан өткізу (мысалы, Назарбаев Зияткерлік мектептері), содан кейін ғана жаппай енгізу. Бұл — «алдымен сынақ, кейін енгізу» қағидасының нақты көрінісі.

Қырғызстанда жіберілген қателіктерді ескере отырып, Қазақстанда реформаны асықпай, жүйелі түрде енгізу маңызды деп ойлаймын. Осыған байланысты 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге толық дайынбыз деп айтуға әзірге ерте. Алдымен материалдық база, мұғалім дайындығы және қоғамның түсінігі бір деңгейге келгенде ғана реформа шын мәнінде өз нәтижесін береді.
Қорытындылай келе, білім сапасын арттыру реформалардың санымен емес, бастауыш сыныпқа деген нақты көзқараспен өлшенуі тиіс. Қоғам бастауыш білімнің маңызын терең түсініп, осы салаға жүйелі қолдау көрсеткенде ғана сапалы нәтиже болады. Білімнің іргетасы мықты болса, ұлттың болашағы да берік болады.
Анықтама:
Төрекелді Ақдидар Қарсыбекқызы — Қарағанды қаласы, Әлихан Бөкейхан атындағы ауданындағы №61 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Педагогикалық еңбек өтілі — 33 жыл. «Ыбырай Алтынсарин» медалінің, «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогы», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ерен еңбегі үшін» медальдерінің иегері. «Ең озат мұғалім» атағының иегері, «Жаңа есімдер — 2023» байқауының жеңімпазы.
