Ұлытау облысында соңғы 4 айда 12 бала өлімі тіркелді . Бұл туғаннан бастап 1 жасқа дейінгі нәрестелер көрсеткіші. Жаға ұстатарлық статистика тек қайтыс болған сәбилердің туыстары шу шығарған соң ғана белгілі болды. Жақындарынан айырылғандар, бәріне дәрігерлерді кінәлауда.
Нұргүл Талғатбекова көз жұмған Айтөренің әпкесі. Жалғыз бауырының тұңғышы 8 сәуірде дүниеге келіп, 3 күннен соң үйге жіберілген. Араға бір апта салып шақалақ жөтеле бастайды. 5 күн көлемінде келген учаскелік фельдшер үй жағдайында емдесін деген. Жағдай түзелмеген соң, жедел-жәрдеммен перзетханаға қайта жеткізіледі. Айтөре 4 күн жан сақтау бөлімінде жатып қайтыс болады.
«Ініме екпе еккен. Тынышталып қалған бала. Бірақ, сол түннен бастап, комаға жатты. 4 күннен кейін інім қайтыс болды. Экспертиза жауабын алдық біз. Асқынған пневмания және сепсиз деп диагноз қойды. Дәрігерлердің салғырт қарағанын байқадық. Телемедицина қайтыс болатын күні таңертен ғана жүргізілді. Сол кезде телемедицинаның өзінде дозасының көп екенін бізге айтты. Өте кеш хабарласқанын айтты. Уақыт өткізіп алды. Берілген дәрілердің дозасын білмейміз. Біріншіден. Екіншіден дұрыс диагноз қойылмаған деп білеміз. Егерде бізге бұл баланы емдей алмаймыз, басқа қалаға тезірек апарыңыз десе,біз бұл жерде қадалып қалмас едік», — дейді Жезқазған қаласының тұрғыны Нұргүл Талғатбекова.
Ал, Сәтбаев тұрғыны Сәуле Байекенова жалғыз қызын перзентханаға босануға жіберген. Алайда, медицина мекемесінен баласы мен немересінің мүрделерін алып кетуге мәжбүр болды. Көптен күткен қуаныштың орнына қайғыдан қан жұтқан ана да бар кінәні дәрігерлерге арқалап отыр.
«Перзентханаға түсті. Бала шетінеп кетті. Өзі туды,өзі босанды қызым. Ауруханада жатты. Дәрігерлермен өзім сөйлестім. Ісің кейін кетеді деді. Ақпан айының 4 күні перзентханадан шығарды. Бірақ, ісіктер кетпеді. Узиға түсірдік, барлығы таза деді. Үйге шықты. Ісік кетпейді. Не тамақ ішпейді. Отырып ұйықтайтұғын. 17-сі күні Қарағандыда болды күйеу бала екеуі. Бірден реанимацияға жатқызды. Дәрігерлердің айтуы бойынша, ішкі органдары суға толған. 28-зі күні маған звондады қайтты деп. Біздің осы Жезқазғанның дәрігерлерін кінәлап отыр. Дұрыстап қарамайды», — дейді Сәтбаев қаласының тұрғыны Сәуле Байекенова.
Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасында керісінше, биыл нәресте өлімінің көрсеткіші 34% — ға төмендегенін алға тартып отыр. Былтыр дәл осындай аралықта 19 сәби көз жұмған. Өлім деректерін балалардың туа бітті даму ақаулары және емдеу мекемесінің көмегіне кеш жүгінуімен түсіндіреді.
«Науқастардың өліміне әртүрлі факторлар әсер етеді. 1-шіден бұл түскен науқастардың ауырлығына байлансты. Екіншіден әрине ол дәрігерлердің жіберген қателігіне де байланысты. Бұл жағдай бойынша сапа комитеті біздің облысты тексеріп жатыр. Шешімі шыққаннан кейін,егерде ол жерде дәрігердің кінәсі толық дәлелденетін болса,онда міндетті түрде тиісті шаралар қолданылады деп мен ойлаймын», — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Бейсембаев.
Мезгілсіз көз жұмған ұлытаулықтардың жақындары жауаптылардың жазаланғанын талап етіп отыр. Айтуларынша, дер кезінде ем-дом шаралары жүргізілгенде, жағдай мұншалықты ушықпас еді.
Облыстық полиция департаментінде сәбилер өліміне қатысты 3 қылмыстық іс қозғалған. Оның 2-уі ата-ананың шағымы бойынша. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүруде.