Қарағанды қаласында кенші жер астында кен қазып, оны шығармашылығымен ұштастырып жүр. Ернат Кемалов өмірінің мәнін өндірістен тапқан. Бүгінде мыс рудасын шығарып, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосуда. Ернат Кемалов өндірістегі жауапкершілікті осылай жырлайды. Бұл кеніштегі 9 жыл еңбек тәжірибесінде түйгені.
«Қауіпсіздігін ескеру керек, ең бірінші. Түнгі сменде жүрген жұмыскер болса, сондан сұрап, мысалы: түнде қалай болды, не істедің деген сияқты. Күндізгі аусымға барсақ, күндіз де жұмыс істегеннен бүкіл мәліметті біліп отыру керек. Себебі мен байқаусызда жасаған қателіктен бүкіл менің мына жердегі әріптестеріме зияны тиюі мүмкін», – дейді Геология бөлімінің тау кен жұмысшысы Ернат Кемалов.
Ернат Кемалов «Қажықонған» кенішінде геология бөлімінің тау кен жұмысшысы. Ол жүк көліктерінің уақытылы келуін, өндірілген өнімнің қоймаға төгілуін қадағалайды. Мыс рудасының көлемін өлшейді.
«Бұл жерде жан-жақтан келіп азаматтар жұмыс істейді. Неше түрлі маман иелері бар. Мен, мысалы, өлең жазып жатсам, біреуі — керемет шебер. Машина жөндейтін жігіттер бар. Әңгімені, тарихты күшті айтатын жігіттер бар. Бұрын консерватория бітірген әншілер бар осы өндірісте», – дейді геология бөлімінің тау кен жұмысшысы.
Кенші түрлі тақырыпта қалам тербейді. Оқушы кезінен поэзияға жаны жақын. Ақындар арасында лирик атанған. Талай өлеңдері осы кен орнында шыққан. Жинақтары жуырда кітап болып шығады. Әріптестері шаршағанда оның жырларынан демалады. Вахталық жұмыстың қиындығы мен қызығын әспеттелген «15 күн» атты өлеңі өзара танымал.
«Ернат бізде арамыздан суырып салып өлеңдер айтып отырады. Бізді тәнті қылып, осы өзінің өнерімен қуантады. Жұмыс, бәрібір, табыс көзі болғанымен, ол жұмыста көңілді болып жүрген одан да жақсы», – дейді әріптесі Ғалымжан Төлеубайұлы.
«Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген туады қайшылықта деген. Өлең, мысалы, айтып келмейді ғой. Кез келген уақытта келеді. Мысалы, түнде ұйықтап жатқанда оянып кетіп, немесе жұмыс істеп жатқан кезде. Неше түрлі қызықты оқиғалар болады. Біреумен әңгімелесіп қаласың, біреумен пікірлесіп қаласың. Сондай сәттерде өлеңдер өмірге келеді», — дейді Ернат Кемалов, геология бөлімінің тау кен жұмысшысы.
Ернат Кемаловтың негізі мамандығы филолог. Бірақ өмірінің мәнін өндірістен тапты. Еңбек жолы Жезқазған байыту фабрикасында бастаған. Кейін Абыз кен орнында, Құсмұрын-Ақбастау кенішінде жұмыс жасады. Маңдай тер, табан ақымен отбасына табыс әкеліп отыр.
«Қызым маған бір күні айтты: «Әке, мен өзімнің бөлмем болғанын қалаймын. Өзімнің ойыншықтарымды, өзімнің заттарымды қоятын. Біз қашан үй аламыз?» деп. Маған бір жігер берді қызым. Мен сол кезде өз-өзімді қайрап, содан ой түйдім. Жұмыс қарадым айлығы көп. Осылайша жұмысшы мамандыққа келуді жөн көрдім», – дейді Ернат Кемалов.
Қажықонған кенішінде жылына 1 млн тонна мыс рудасы өндіріледі. Өнім Балқаш Қарағайлы фабрикаларына жөнелтіледі. Мұнда жұмыскерлер үшін барлық жағдай жасалған. Орташа жалақы 300–700 мың теңгені құрайды.