Қарағандыда қарттар үйін ашу үшін өз үйін сатқан қайсар жан бар. 70 жанды паналатқан Ләззат Мусинаның өзі пәтер жалдап тұрады. Қазір Ләззат 5 балаға ана, 70 адамға пана болып отыр. Негізгі мамандығы – заңгер. «Киелі шаңырақ» қамқорлық орталығын ашу идеясы оған сол салада жүріп келген. Алғашында ол тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсеткен. Кейін құжаттары түгенделмегендерге үй жалдап берген. Жәрдем сұрап келушілер саны көбейген кезде үлкен мекеме ашуды шешкен.
«Ол кісі қазір бізде тұрып жатыр, фамилиясын айтпай-ақ қояйын. Өзінің көршісінен зорлыққа түскен. Сол кісіні өзі зорлыққа тап болған жерінен алып кету керек болды. Оны енді мен өз отбасыма алып келе алмаймын ғой, бөтен адам. Сондықтан ең басында Жандарбековадан бір үйді тауып, жалдама қылдық. Сол екі ортада қыс түсті. Оны естіп тағы бір адам келді. Баратын жері жоқ, пәтерін алаяқтықпен алып қойған. Сонымен адамдар келе бастады. Әр нәрсенің бір бұйрығы болады ғой, осындай жұмыс басталып кетті» – дейді «Киелі шаңырақ» қамқорлық орталығының құрылтайшысы Ләззат Мусина.
«Киелі шаңырақ» алғашқы 4 жылда көшпелі орталық болған. Осы уақыт аралығында Ләззат пен күйеуі Әсет бірнеше жалдамалы пәтер ауыстырып үлгерген. Қазіргі коттеджден банк бір күнде қуып шықпақ болғанда оны сатып алуды шешкен. Дегенмен, ол үшін Әсет Мусин шаруа қожалығын, ал отбасы өз үйін сатуға мәжбүр болған. Ал жетпеген қаржының несиесін олар әлі төлеп отыр.
«Басында ойда жоқ енді. Малымызды саттық, фермамызды саттық. Жетпеген ақшаны былай да, былай іздеп көрдік, енді болмады. Кредит алайық десек, оған шамамыз келмейді екен, ай сайын 3 млн төлеу керек. Содан кейін Ләззат: „Тұрып жатқан үйімізді сатайық“ деді. Содан екі қабатты пентхаусымыз бар, соны сатайық дедік. Басында мен қарсы болдым, өйткені бес баламен қайда барамыз? Оңай емес қой. Бірақ таразыға салғанда 5 адамды көшіру оңай ма, әлде 50 адамды ма? Сөйтіп мен рұқсатымды бердім» – дейді Ләззат Мусинаның күйеуі Әсет Мусин.
Сарқыт апа – Қарағандының тумасы. Оншақты жыл Астанада баласының қолында тұрған. Кейін көпқабатты үйден шаршап, әрі туған жерін сағынып, қалаға оралған. Дегенмен, 70-тен асқан қарияның 7 жылдан бері көзі көрмейді. Қазір өз қатарластарымен «Киелі шаңырақ» қарттар үйінде тұрады.
«Ләззаттың адамгершілігі өте жоғары, бәріне қамқор болып жүреді. Кейбір орталықтар қарттарды алатын кезде олардың зейнетақысына қарап қабылдайды. Ал мұнда тіпті құжатсыз адамдар да бар. Туған-туысқандары бас тартқандар бар. Олар жағдайымызды сұрап, асты-үстімізге түсіп жүреді. Әсет кейбірінің астын жуып, памперсін ауыстырған кездері болған. Өз басым бұл жерден кеткім келмейді, қатарластарым бар, жағдайым жақсы» – дейді қарттар үйінің тұрғыны Сарқыт апа.
Қарттар үйіне келушілер саны артып келе жатқандықтан, олар үлкен орталық ашуды армандайды. Бірнеше жылдан бері ғимарат салатын жер сұрап, әкімдіктің табалдырығын тоздыруда.
«Біз жер мәселесін сұрап, Астанаға да бардық, „1001 түн“ телебағдарламасына да түстік. Осындай бір жер беріңдерші, біз өз күшімізбен сол кісілерге ғимарат саламыз дедік. Ол ғимаратты біздің атымызға бермей-ақ қойсын, мемлекеттік меншікке өтсін дедік. Бірақ жер бұйырмады. Бір жерді Күнгей жақта, таудың ең басынан беріпті. Ол жерде қарттар үшін еш жағдай жоқ – жедел жәрдем бара алмайды, су, жарық жоқ. Біз ол жерге қалай ғимарат саламыз?» – дейді «Киелі шаңырақ» қамқорлық орталығының директоры Әсет Мусин.
Қазір Ләззат пен Әсет 5 баласымен 1 бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрады. Ішкі арпалысына қарамастан, қайсар шешім қабылдаған Ләззат титтей де өкінбейтінін айтады.
«Бірінші күні қонған түнде таңертең тұрсам, менің кішкентай қызым домалап барып, үстелдің астына кіріп кетіпті. Еденде ұйықтап жатыр. Сол сәтте көңілім босап, жылап жібердім. „Мен өз мүддемді ойлап, эгоистік жасадым ба? Балаларымды неге ойламадым?“ – деп күйзеліске түстім. Бірақ артымда тұрған 50 адамды ойлағанда бірден есімді жинап алдым. „50 адамды көшіру ауыр ма, әлде 5 адамды ма?“ – деп өзімді қайрап қойдым» – дейді «Киелі шаңырақ» қамқорлық орталығының құрылтайшысы Ләззат Мусина.
Бұл – Ләззат Мусина ашқан жалғыз орталық емес. Қарттар үйінен бөлек, аналар мен балаларға арналған мекемесі бар. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары мен құжатсыз, көшеде қалған әйелдер тұрады.