Ең алғашқы ат әбзелдері шамамен 4–5 мың жыл бұрын ойлап табылған. Қарқаралы ауданындағы Матақ ауылында көшпелілердің атадан балаға мұра болған бұл өнерін жаңғыртып жүрген шебер бар. Мақсат Шәймұратова төрт түліктің терісінен ер-тұрман мен қамшының бірнеше түрін жасайды. Оның жасалу жолдарын ауылдастарына үйретіп жүр.
Мына пышақтың сабы мен қыны ешкі мүйізінен жасалған. Бұл табиғи таза материал әрі қауіпсіздік үшін таптырмас әдіс. Ал жүген мен шалмаға арналған арқан жылқы мен сиырдың терісінен өрілген.
«Малдың терісінен жасалған ат әбзелдері – қазақ халқының көшпелі өмір салтында маңызды рөл атқарған дәстүрлі бұйымдардың бірі. Алдымен жылқы мен сиырдың терісін мұқият жуып, өңдейміз. Мысалы, мына қамшының сабы тобылғыдан жасалған, ал өрімі толықтай жылқы терісінен өрілген. Әдетте 6–7 таспадан өріп жасаймын», – дейді Матақ ауылының тұрғыны Мақсат Шәймұратова.
Бұл тігін машинасына 50 жыл болған. Ескі десек те, әлі зырылдап тұр. Осы құрылғының көмегімен ол күллі ауылдың қажетін ашып отыр. Шебер заманның қиын уақытында дүкеннен киім-кешек іздеп қиналып көрмепті. Керегін өзі тігіп алған.
«Ақша бар сияқты көрінген, бірақ дүкеннен керек-жарақ табылмайтын жылдар болды. Сол кезде балалар маған келіп, қандай киім қалайтындарын көрсететін. Мен соларға өз қолыммен тігіп беретінмін. Қазір үстімде киіп жүргеннің бәрі – өз қолыммен тіккен киімдер», – дейді Матақ ауылының тұрғыны.
Мақсат Шәймұратова еңбек жолын қарапайым жұмысшы мамандықтан бастаған. Алдымен фермада сауыншы болып істеген. Кейін 15 жыл бойы Баян-Өлгийде кинотеатрда киномеханик қызметін атқарған. 1993 жылы Моңғолиядан Матақ ауылына қоныс аударады.
«Бұл жақта қазақ өнері мені асырады», – дейді шебер. «Біз бұл ауылға қоныс аударған кезде, менің тігінші екенімді ел тез білді. Содан бастап адамдар жиі келе бастады. Сұраныс көп болды, тіпті пальто да тігіп беретінмін. Ақша сұрамайтынмын – әркім қолынан келгенін беретін. Осындай сыйластықпен, ауызбіршілікпен бір ауылда өмір сүріп келеміз», – дейді Мақсат Шәймұратова.
Ол ұмыт болған қазақ ұлттық тағамдарын да қайта жаңғыртып жүр. Женттің өзін өзгеше әдіспен әзірлейді: үгітілген сары ірімшікке тартылған бидай ұнтағын, қант, мейіз, печенье, май қосып араластырады. Нәтижесінде табиғи таза тағам пайда болады. Сойылған малдың ішек-қарнын да кәдеге жаратады. Мәселен, қысқа арналған сары майды бұрынғы әдіспен бүйен мен қарынға салады. Оның өзіндік сыры бар.
«Бұл қарынды май сақтау үшін қолданамыз. Май сонда қыс пен жаз бойы бұзылмай сақталады. Тоңазытқышқа қоюдың қажеті жоқ. Ал ішінен алып жегенде, дәмі мүлде өзгеше болады – нағыз ата-бабаларымыздың дәміндей», – дейді ол.
Зейнеткер құрттың да бірнеше түрін әзірлейді. Әсіресе қара құртқа тұрғындар арасында сұраныс жоғары.