Сайран Болат – Қарағанды облысының Батық ауылында тұратын кәсіпкер. Ол бес жыл бұрын балық шаруашылығымен айналыса бастап, ауылдық жерде алғаш болып ақбалық (форель) өсірген. Польша елінен 100 000 шабақты 5 миллион теңгеге сатып алып, арнайы құрылғы арқылы өсіру ісін жолға қойған. Қазір ол форельді экспорттауды жоспарлап отыр. Осы мақсатта ауылда зауыт ашып, балықты консервілеп сату жоспары бар. Бұл жоба арқылы шағын ауылда жаңа жұмыс орындары ашылады. Жобаның жалпы инвестициясы – 100 миллион теңге.
Сайран Болаттан қазіргі балық нарығындағы жағдай мен Қазақстандағы балық шаруашылығының болашағы жайлы сұрадық.
Ресейден балықтың келуі ішкі нарыққа әсер ете ме? Баға өсіп, тапшылық туындай ма?
Бізге Ресейден балықтың кіріп жатқаны рас. Бірақ соншалықты қатты әсер етіп, бағалар көтеріліп, тапшылық болады деп ойламаймын. Өйткені біздің өзен-көлдеріміз көп, яғни балық та жеткілікті. Алдағы 1–2 айда икра шашу уақыты басталады. Сол кезде, қара халық тұтынатын корповый балық сияқты түрлер сәл азаюы мүмкін. Бірақ ассортиментке қатты әсер етеді деп ойламаймын. Бізде барлық түрі бар.
Ресейден балық жылдың қай мезгілінде жиі келеді?
Бізге балық Ресейден қыс уақытында ғана, бір-екі айға жақсы кіретін шығар. Өйткені бізде ең көп тұтынатын сазан балығын қыс айларында Қазақстанның су айдындарынан аулау мүмкін емес. Сол кезде Ресейден алынады деп ойлаймыз.
Ресейден басқа қай елдерден балық әкелуге болады?
Қазақстанға бұл бағытта әлі біраз даму керек. Балықты Өзбекстаннан, немесе мысалы, Дагестаннан әкелуге болады. Бұл — менің үшінші сұраққа деген жеке пікірім.
Ішкі өндірісті дамыту үшін не істеу керек?
Қазақстанда балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар. Импортқа тәуелділікті азайту үшін әр облыста балық шаруашылықтарын ашу қажет. Бұл шаруашылықтарға үкімет тарапынан үлкен қолдау керек. Өйткені балық шаруашылығына өте көп қаражат қажет.
Экспортқа шығаратындай көлемде өндіру үшін үлкен инвестиция керек.
Осы себептен кәсіпкерлер кейде басқа салаға бет бұрып жатады. Себебі балық өсіру көп қаржы талап етеді. Жаңа жоспарлар керек. Ал бізде өзен, көл, су жеткілікті. Бастысы — үкіметтің нақты қолдауы қажет.
Балық шаруашылығы қаншалықты табысты сала?
Қазақстанда балық өндірушілер арасында пайда тауып жатқандар бар. Бірақ қатты байып жатыр деп айта алмаймын, себебі шығындары көп. Соңғы бес жылдықты алсақ, балық шаруашылығы өте қарқынды дамып келеді. Алдағы уақытта бізде балықты экспорттау жоспары бар. Егер осы бағытта дами берсек, келесі бес жылда ішкі нарықты толық қамтып, экспортқа да шығуға мүмкіндік болады. Соңғы жылдары мемлекет бұл салаға жақсы көңіл бөліп жатыр. Жалпы кәсіпкерлер осы бағытты зерттеп, үйреніп, қолға алып жатыр.