Понедельник, 15 июня, 2026
ДомойПолезноеЛюдиҚарағандылық зейнеткер таңғы жүгірісті қала тазалығына қамқорлықпен ұштастырды

Қарағандылық зейнеткер таңғы жүгірісті қала тазалығына қамқорлықпен ұштастырды

Қарағандылық зейнеткер күн сайын таңғы жаттығуын қала тазалығымен ұштастырып келеді. Қанат Оспанов жүгіріп жүріп, көшелер мен саябақтарда жатқан қоқысты жинауды әдетке айналдырған.

Қанат Оспанов — кикбоксинг пен бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, марафоншы. Зейнет жасына шықса да, салауатты өмір салтынан алыстамаған. Биыл ол күнделікті жаттығуына тағы бір игі істі қосыпты.

Қанат Оспанов

Таңғы сағат 6-да жүгіріп жүргенде саябақтар мен тротуарларда шашылып жатқан қоқысты жиі байқаған. Содан бері қолына пакет алып, жол бойындағы қалдықтарды жинауды әдетке айналдырыпты. Кей күндері 26 пакетке дейін қоқыс шығарған сәттері болған.

утренние тренировки с заботой о чистоте города

«Жастар тастап жатады. Содан мен ойладым: біз «Таза Қазақстан» болу үшін өзімнен бастайын деп. Былай жай жүгіргенде 30 метр жерде 2 пакет қоқыс жинап алдым. Стакандар, кола — жастар лақтыра салады», — дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Қанат Оспанов.

Алғашында бұл әрекетіне кей таныстары таңырқай қарапты. Дегенмен оның бастамасын қолдайтындар көбейген. Қазір еліміздің алты қаласынан жастар челленджге қосылып, бірге жүгіріп, қоқыс жинап жүр. Зейнеткердің қасына жұбайы мен студент жастар қосылған. Бұл әдет медицина мамандығында оқитын Мансұрдың да өмірін өзгертіпті.

Мансур Еркасы

«Басында екеуміз бірге жүгіріп келе жатқанбыз. Бір кезде Қанат аға артымда қалып кетті. Мен «не істеп жатыр?» деп қарасам, пакет алып, жан-жақтағы қоқыстың бәрін жинап жатыр екен. Сосын маған: «Кел, сен де жина, бәріміз бірге жинайық. Таза Қазақстан», — деді. Сөйтіп, Қанат аға екеуміз барып-келгендегі қоқыстың бәрін жинадық. Шамамен 17 пакет шықты. Бұл бірінші күні еді», — дейді студент Мансұр Ерқасым.

Қанат Оспанов мұндай жаттығуды 12 жылдан бері жасап келеді. Бұл әдетті ол қатерлі ісік диагнозы қойылғаннан бастап қолға алыпты. Үздіксіз жаттығып, спорттың көмегімен ауруды жеңіп шыққан.

утренние тренировки с заботой о чистоте города

«Маған көмектесе ме деп 6 млн теңгеге дәрі алу керек болды, бірақ менде ондай ақша болған жоқ. Дәрігерлер 8 ай ғана өмір сүреді, әрі қарай бәрі кеш болады деді. Енді жолдасым мен екі балам жыламауы үшін мен өз-өзіме ант бердім: ешкім жыламайды», — дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Қанат Оспанов.

Кейіпкеріміздің тағы бір ерекшелігі — ол қызыл еттен бас тартқан. Туған-туыстары бастапқыда оның бұл қылығын түсіне алмай жүріпті. Дегенмен ол қандай бастама көтерсе де, зайыбы Мария жанынан табылады.

Мария Башарова

«Маған жеңіл, себебі кез келген нәрсені Қанат қолдап отырады. Сол сияқты мен де қолдап отырамын. Сондықтан бізге осындай жаңа әдістерді ортаға әкеліп, қуану жеңіл. Егер қасымызда бір нәрсе өзгеріп жатса, өзіміз өзгергендей жүрегімізде қуаныш болады. Біздің еліміз қазір «Таза Қазақстан», таза ел деп қаншама іс-әрекет жасап жатыр. Соны қолдап, әр адам өзінің шамалы ғана үлесін қосса, расында, біздің Қазақстанымыз көркейетініне мен сенемін», — дейді зайыбы Мария Башарова.

Қанат Оспанов бүгінде «Салауатты өмір салты» клубын ашқан. Қазірдің өзінде оған 500-ден астам адам қосылыпты. Ауған соғысын бастан өткеріп, екі инфаркт пен қатерлі ісікті жеңген зейнеткер өмірдің қандай сынағы болса да, берілмеуге болатынын дәлелдеп келеді.

Бақшагүл Зияда
Бақшагүл Зияда
Окончила Карагандинский университет им. Е. А. Букетова, филологический факультет, кафедру журналистики.

Советуем посмотреть

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

События дня

Самое популярное