Қарағанды облысында 70 жастағы зейнеткер атқа шабады. Қарқаралы ауданындағы Көктас ауылының тұрғыны Бейбітхан Рахаш үшін жылқы – көлік. Діттеген жеріне осы сәйгүлігімен жетеді. 50 шақырым қашықтықтағы жайлауға да арғымағымен барады.
Жылқының бірқалыпты жай жүрісінде адам денесі 110 түрлі тербеліс жасайды. Барлық буын үнемі қозғалыста болғандықтан, зейнеткер ешқашан сырқаттанып көрмеген.
«Атқа отырғанда өзімді бозбала сияқты сезінемін. Бір күн атқа мінбесем, ауыра бастаймын. Денемнің бәрі құрысып қалады. Балаларым: «Бұл тірлікті таста, жасың келді», – дейді. Ал мен оларға: атсыз ауырып қалатынымды айтамын. Қазір сәйгүліктің орнын мотоцикл алмастырған заман болды. Атқа отыратындар азайды. Ал таза ауада мал бағу – денсаулыққа өте пайдалы», – дейді зейнеткер Бейбітхан Рахаш.
Зейнелхан Сүлеймен, Бейбітхан Рахаштың жұбайы:
«Шыны керек, ол көлік жүргізе алмайды. Қонаққа барса да атпен барады. Көрші ауылға да осылай жетеді. Тек қалаға барғанда ғана көлікке отырады. Осы арғымағының арқасында бала-шағамызды өсіріп, жеткіздік».
Ат – оның 5 жасынан бері сенімді серігі. 40 жыл бойы Көктас ауылында сиыр мен жылқы баққан. Қазір отбасылық шаруа қожалығындағы төрт түлікті өзі бағады. Ол:
«Мал қысқа қоңды түсуі үшін жазда шұрайлы жерге өргізу керек. Жануарды қумау қажет. Баппен жайып, өзен жағасына апарып суару керек. Жылқыны баққанда шаңдатпау маңызды. Қуа берсең, жылқы ауырып қалуы мүмкін. Бұрын осы ауылдың малын күндіз-түні жалғыз өзім бақтым. Ешқашан мал жоғалтып көрген емеспін. Тұрғындар: «Сен ұйықтамайсың ба?» – деп таңғалатын. Ал маған түнде 20 минут мызғу жеткілікті еді. Күні бойы сергек жүретінмін», – дейді зейнеткер.
Зейнеткер атқа шапқанда алдына жан салмайды. Кезінде талай тойдың аламан бәйгесінде озып шыққан. Қазір де асау аттарды үйретіп, арғымақтың әуселесін баса алады.
«Асауды үйреткенде әуелі бір аяғын байлап қоятынмын. Атқа отырып алған соң байлағанымды шешіп жіберетінмін. Бір-екі рет мөңкіп көретін, бірақ тез жуаситын. Асау үйреткенде жарақат алған емеспін. Көмекші де қажет болмаған», – дейді Бейбітхан Рахаш.
Қазір қария аламанға жүйрік ат баптайды. Себебі балалары көкпарға қатысады. Талай додада топ жарып жүр. Жұбайы да кезінде аттың құлағында ойнаған.
«Мен де атты жақсы көремін. Бұрын Бейбітхан жылқы бағып кеткенде, мен атқа мініп алып сиыр бағатынмын. Таңғы бестен кешке дейін малдың соңында жүретінбіз. Қазір сол еңбектің жемісін көріп отырмыз», – дейді Зейнелхан Сүлеймен.
Кейіпкеріміздің мамандығы – жұмысшы. Бірнеше жыл Улан-Батордағы шахтада жұмыс істеген. 1991 жылы тарихи бетбұрыс кезеңінде ата жұрты – Қазақстанға қоныс аударды. Көктас ауылында тамыр жайып, ұрпақ өрбітті. Қоғамға қызмет етіп, еңбегімен елге сыйлы болды. Қазір ол:
«Көктас ауылы маған туған жерімнен де ыстық. Балаларым осы жерде білім алып, отбасылы болды. Ауыл тұрғындары мені сыйлайды, құрметтейді. Кейде қыздарым: қалаға көшіңдер, демалыңдар, – дейді. Бірақ мен бұл ауылды қимаймын», – дейді Бейбітхан Рахаш.
Бейбітхан мен Зейнелхан алты бала тәрбиелеп өсірген. Ұлдары әке құрығын берік ұстап, мал шаруашылығында еңбек етіп жүр.