Пятница, 10 октября, 2025
ДомойАвторские колонкиЛюдиГрек отбасы Қазақстаннан қалай жаңа отан тапты: Мария Тенгелидидің естеліктері

Грек отбасы Қазақстаннан қалай жаңа отан тапты: Мария Тенгелидидің естеліктері

Грек этносының өкілдерінің көпшілігі православ христиандығын ұстанады. Қазақстан аумағына алғашқы грек қоныстанушылары ХХ ғасырдың 20–30 жылдары Қырымнан депортациялау нәтижесінде келді. 1942 жылы гректердің бір бөлігі Краснодар өлкесінен жер аударылды, кейінірек 1944–1949 жылдары Ресейден тағы бір көші-қон толқыны келді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 12 мыңға жуық грек тұрып жатыр. Этностың ең ірі бөлігі – 2051 адам – Қарағанды облысына қоныстанған. Солардың бірі – Мария Тенгелиди әулеті. Араға 70 жылдан астам уақыт өтсе де, сол жылдардың қасіреті Мария апаның жадында әлі де сақтаулы.

Мария Тенгелиди

Мария

Біз Краснодарда тұратын қарапайым отбасы едік. Анамнан бір айлық күнімде айырылыппын. 1942 жылы соғыс басталды. Немістер Краснодар қаласын басып алған кезде күштеп қоныс аударту науқаны басталды. Әкеме, екі ағама және маған бүкіл отбасымызбен жер аудару туралы бұйрық түсті. Ол кезде менің жасым небәрі сегізде еді. Жаз айының ортасы болатын. Бізге 24 сағат ішінде жиналып, кету туралы талап қойылды. «Қайда барамыз, қалай өмір сүреміз?» – деп ешкім сұраған жоқ. Киім-кешек алмадық, тек бау-бақшамыздағы жеміс-жидек пен көкөністі салып алдық. Түнде бізді арнайы әскери көлікке тиеп, вокзалға әкелді. Вагондарға адамдарды малша тықты. Вагон толған соң есігін жауып тастады.

Мария с детьми

Семья Марии

Біз пойызбен бір ай бойы жолда болдық. Қайда апара жатқанын ешкім айтпады. Күніне бір картоп қана беретін. Вагон іші тар, ауа жетпейтін. Тамақты да, қажеттіліктерімізді де сол жерде өтейтінбіз. Ауыр жолға шыдамай, қайтыс болған адамдар да болды. Оларды келесі аялдамада далаға тастап кететін.

Әупірімдеп жүріп, бір ай дегенде Қазақстанға жеттік. Бізді Көкшетау маңындағы бір орыс ауылына әкелді. Бір байдың үйіндегі бір бөлмеге орналастырды. Бастапқыда далаға шығуға рұқсат етілмеді, коменданттық бақылауда болдық. Күн сайын бөлмемізде отырғанымызды растап, арнайы қағазға қол қойып отырдық.

Семья Марии в Казахстане

Кейін әкем мен екі ағам колхоз жұмысына шықты. Олар ауыл шаруашылығы техникаларын жүргізіп, егін ору мен шөп шабу жұмыстарына белсенді араласты. Тың игеру жылдары жағдайымыз жақсара бастады. Ормандағы ағаштардан өз күшімізбен үй тұрғызып, жеке баспанамызға қол жеткіздік.

Біз Көкшетауда соғыс аяқталғанға дейін тұрдық. 1946 жылы әкем отанына оралғысы келді, бірақ жеке куәлігіміз болмағандықтан, Кавказда біраз уақыт тұрақтауға тура келді. 1949 жылы Кавказда тағы дүрбелең басталып, бізді Қазақстанның Шымкент облысындағы Кентау қаласына қоныстандырды. Осы жерде мен болашақ жарымды кездестірдім. Күйеуім Николай Тенгелидидің отбасын соғыс жылдары Қарағандыға жер аударған екен. Содан бері біз Қарағанды қаласын тұрақ етіп келеміз.

Мария с мужем

Жолдасым Николай мұнай қоймасында бірнеше жыл еңбек етті, ал мен Қарағанды әуежайында жұмыс істедім. Үш бала тәрбиелеп өсірдік. Қазір осы қалада ұл-қыздарымыз бен немерелерімізбен бірге тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.

Мария с внуком

Біз Қарағандыда тұрсақ та, грек халқының ұлттық мерекелерін атап өтеміз. Оған ешқандай кедергі жоқ. Әрине, мен отанымнан сегіз жасымда кеткендіктен, көптеген салт-дәстүрлер есімде толық сақталмаған. Бірақ мүмкіндігінше маңызды мерекелерде ұлттық жөн-жоралғыларды сақтауға тырысамын. Балаларыма да осыны үйреттім. Әр адам өз тегін, шыққан жерін, дәстүрін білуі керек деп санаймын. Дегенмен, отбасылық мерекелерде біздің басты тағамымыз – қазақтың бешбармағы. Ал немерелеріме кейде грек халқының ұлттық тағамдарын пісіріп беремін.

Мария с друзьями

Бір айтарым – репрессия жылдарын мен ешқашан есімнен шығармаймын. Сол кезең менің тағдырыма үлкен әсер етті. Өмірдің қиындығын көп көрдім. Кейде күн көру үшін қайыр сұрауға да мәжбүр болдым, үй қызметшісі болып еңбек еттім. Жұмыстың оңайы мен ауырын талғамадым. Сондықтан ондай зұлмат заман ешкімнің басына түспесін деп тілеймін.

Қазіргі Қазақстандағы бейбіт өмірмен мақтанамын. 90 жасымда да еліме амандық пен тыныштық тілеп жүремін.

Бақшагүл Зияда
Бақшагүл Зияда
Окончила Карагандинский университет им. Е. А. Букетова, филологический факультет, кафедру журналистики.

Советуем посмотреть

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

События дня

Самое популярное