Бірлігі бекем елдің тірегі – тамырынан ажырамаған, еңбегімен елдің ырысын еселеп жүрген жандар. Республика күні – Отанға деген адалдығын іспен дәлелдеген әр азаматтың мерекесі. Қарағанды облысында тұратын Лидия Азаматованың отбасы – патриоттықтың шынайы бейнесі. Олар қазақ даласының қасиетін бойына сіңіріп, ұлттық дәстүрді ұрпағына аманат етіп жүр.
Абдулла Азаматовтың негізгі мамандығы – теміржолшы. Ол бұл салада 8 жыл еңбек еткен. Кейін әкесі шаруа қожалығын басқаруды оған табыстайды. Қазір оның иелігіндегі жайылымда 300 бас жылқы, 200 ірі қара және 1000-нан астам қой өріп жүр.
«Мал шаруашылығының пайдасы орасан зор. Осы кәсіптің арқасында біз ешқандай қиындық көрген емеспіз. Мемлекет тарапынан да бұл саланы дамыту үшін тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Сондықтан бұл – өте тиімді кәсіп», – дейді жеке кәсіпкер Абдулла Азаматов.
Абдулла ауылдағы қазақ мектебінде оқыған. Қалаға келіп оқуға түскенде орыс тілінде сөйлеу қиын болғанын айтады.

«Бастапқыда қазақ бөліміне оқимын деп барғанмын. Кейін аты-жөнімді көріп, мені орыс бөліміне ауыстырып қойғанын білдім. Орыс тілін түсінетінмін, бірақ сөйлей алмадым. Мұғалімдер мен достарым қасымда жүріп: “Қалай қазақша білмейсің?” деп күлетін», – деп еске алады Абдулла Азаматов.
Абдулланың әкесі – өзбек, анасы – молдован. Анасы Лидия Михайловна 1978 жылы Молдовадан келіп, Шет аудандық ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түседі.

«Алғашқы күннен-ақ қазақ халқының қонақжайлығы ерекше әсер етті. Қазақстанға келгенде мұнда суық болатынын білетінмін. Бірақ бізді өте жылы қарсы алды. Ауылдан бірге оқыған қыздар әр сенбі-жексенбіде қонаққа шақыратын. Қазақстанға келіп, бауырсақ пен бесбармақ жеуді үйреніп, кейін қатты жақсы көріп кеттім», – дейді Лидия Азаматова.
Осы жерде Лидия болашақ жарына жолығып, тұрмысқа шығады. Жас келін ауыл тіршілігін тез меңгереді. 35 жыл бойы жайлауда мал бағып, қара жұмыстың қазанында қайнайды.

«Күйеуім екеуіміз қыстақта өмір бойы тұрдық. Сиыр сауып, сүтін кәдеге жарататынмын. Бие сауып, қымыз дайындайтынмын. Қиды да шығарып, малды да бақтым. Жақсылықты да, қиындықты да күйеуіммен бірге көрдік. Қазір соның жемісін көріп отырмыз», – дейді Лидия Азаматова.
Ол қазақ ырым-дәстүріне сенеді және оны рухани байлығы ретінде қадірлейді. Ұлын үйлендіріп, қыздарын қазақ салтымен ұзатқан. Қонақ күтуді де енесінен үйренген.

«Қонақ – құт, ырыс-береке алып келеді», – деп пайымдайды ол. Сыйлы мейманына ет асып, құрмет көрсетеді. «Біз өзбек не молдован дәстүрін ұстанбаймыз. Барлығы қазақша. Қыздарым қазақ жігітіне тұрмысқа шықты, ұлым қазақ қызымен үйленді. Қазақтың барлық салт-дәстүрі бізге ұнайды», – дейді Лидия Азаматова.
Шолпан Кішкентаева, көршісі:

«Лидия өте қонақжай. Бешбармақ жасағанда үнемі еті мол болады. Әр жұма сайын шелпек пісіріп, Құран оқытады. Исламды қабылдаған. Кейде тіпті қазақтың салт-дәстүрін, жөн-жоралғысын бізден артық біледі».
Лидия Азаматова – бес баланың анасы. Енді немерелеріне ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тәрбиелеуде.
