Теміртауда темірден түйін түйіп, түрлі мүсіндер жасайтын ұста бар. Ақылжан Елеуғазиннің бұл салада жүргеніне бар болғаны 3 жыл. Соған қарамастан туындыларына сұраныс көп. Тіпті шет елден тапсырыспен алдыратындар бар.
Ақылжанға бұл өнер арғы аталарынан дарыған. Әкесі де біршама жыл Теміртаудағы металлургиялық зауытта еңбек еткен. Темір ұстасының өзі де осы кәсіпорында токарь болған. Кейіннен жеке кәсібін ашуға бел буыпты.
Қазір әкелі – балалы шеберлер отбасылық бизнесті дөңгелетіп отыр. Аз ғана уақыттың ішінде Ақылжан 50-ден аса мүсін жасаған. Туындыларын облыс көлемінде ғана емес, Алматы, Астана қалаларынан АҚШ, Украина, Ресей сынды елдерден арнайы тапсырыспен алдыратындар бар. Былтыр қала әкімінің және мемлекеттік грантты иеленген. Ол қаржыға жаңа заманауи құрылғылар алып, кәсібінің аясын кеңейте түскен.
«2023 жылы е қалалық әкімнің грантын алғанбыз 1 млнға. Оған өрнек жасайтын станок алдық. 2024 жылы республикалық 400МРП соны ұтып алдық. Оған дәнекерлейтін аппарат, кесетін қондырғы сатып алдық. Бұл еңбектің қазір жемісін көріп отырмын», — дейді темір ұстасы Ақылжан Елеуғазин.
Кәсіпкердің негізгі табыс көзі терезе жақтауына қойылатын қорғаныш торлар. Оларға әсіресе жаз кезіне сұраныс көп. Маусым айынан қыркүйекке дейін 200–300 темір тор жасап, орнатады.
«Темірден жасалатын барлық бұйымдарды жасаймыз. Оның ішінде балаларды құлап кетуден қорғайтын решеткалар темірден жасаймыз. Бұл қазір қоғамда өте өзекті. Себебі биылдың өзінде Қарағанды облысы бойынша терезеден балалардың құлап кету дерегі жиі кездесіп жатыр. Көшелік мафтар дейді ғой, орындықтар, қоқыс жәшіктерін жасаймыз», — дейді шебер Ақылжан Елеуғазин.
Шығармашыл жан әр туындының сызбанұсқасы мен 3Д бейнесін компьютерде өзі сызып, әзірлейді. Тапсырыс берушінің қалауына сәйкес сұранысты орындап отыр. Кәсіпкер болашақта қала-аудандарды көркейтуге үлес қосқысы келеді.