Балқаш қаласының тұрғыны Ольга Малкова жарамсыз болып қалған ағаштарға екінші өмір сыйлауда. Өзінің жеке хоббиін кәсіпке айналдырып келеді. Тақырыпты тілші тарқатсын.
Балқаш қаласының тұрғыны Ольга Малкова үшін «ескі жиһаз» немесе «жарамсыз ағаш» деген түсінік жоқ. Ол кез келген тақтай мен ағаш кесінділерін кәдеге жаратып, тың туындыларымен көпті таңғалдырып жүр.
55 жастағы нәзік жанды бұл істі жасауды ғаламтордан үйренген. Кейін кәсіби түрде айналысып, қажетсіз болып қалған ағаш қалдықтарын безендіріп, түрлі суреттермен көмкерген.

«Осы үш тақтайды мен қоқыстың арасынан тауып алып, үйге алып келдім. Қолыма тиген сәтте-ақ бұл ағаштардың босқа тасталмағанын, өзіне лайық жаңа бір өмірді күтіп тұрғанын сездім. Сол мезетте-ақ олардан сағат жасау идеясы пайда болды.
Мен үшін бұл — жай ғана бұйым жасау емес, қоқысты кәдеге жаратып, әр заттың екінші тынысын ашуға деген талпыныс. Мен әрбір дүниеге жан бітіруге болады деп ойлаймын. Тіпті ең қарапайым, елеусіз көрінетін заттың өзінде өзіне тән тарихы, болашағы бар. Соған жан бітіру, жаңа мән сыйлау — бұл да үлкен өнер, жүректен шығатын шығармашылық деп білемін», — дейді Балқаш қаласының тұрғыны Ольга Малкова.
Ольга Малкова өзінің хоббиі арқылы әрбір жасаған туындысына Балқаш қаласының әсем табиғатын енгізуді жөн көрген. Одан бөлек, үй жануарларының келбетін күйдіру техникасымен жасалған тақтайшалардан көруге болады. Екі баланың анасы осындай жұмыстар арқылы «Таза Қазақстан» акциясын қолдаушылар қатарынан көрініп жүр.
«Көшеде қарайып, қоқысқа тасталған ағашты не тақтайды көрсем болды — ішімде біртүрлі сезім оянып, сол материалға жаңа өмір сыйлағым келіп тұрады. Бәрі де алғашында ағаштың үстіңгі бетіне сурет салудан басталды. Сол кішкентай дүниелерді туыстарыма, достарыма сыйлап жүрдім. Олар мені шын жүректен қолдап, шабыт берді.
Уақыт өте келе бұл іс менің жай хоббиім емес, жүрегім қалаған кәсібіме айналды. Менің ойымша, экологияны сақтау — тек сөз жүзіндегі жауапкершілік емес, күнделікті өмірде жасалатын нақты әрекет. Қала болсын, ауыл болсын, айналамыздың көркін бұзбай, қоқысқа айналуға шақ тұрған әр затқа қайтадан жан бітіріп, оны кәдеге жарата білуіміз керек. Бір кездері қажетсіз болып көрінген нәрсенің жаңа өмірге ие болуы — үлкен өнер, үлкен мәдениет. Біз мұны үйренсек, өзіміз де, ортамыз да жақсара түсер еді», — дейді Ольга Малкова.
Қазіргі таңда Ольга Малкова жолдасымен бірге цех ашып, осы кәсіпті алға сүйремек ниетте. Ол болашақта Балқаш қаласының ерекше табиғаты бейнеленген туындыларын шаһарға келетін туристерге ұсынуды жоспарлап отыр.
