Елу жасында да ат құлағында ойнайтын ана! Қарқаралы ауданында 46 жылдан бері ат үстінен түспей келе жатқан жан бар. Жаңагүл Исабекова арғымақтан құлап, жарақат алса да, сағы сынбаған. Қазір ер-азаматтардың өзі сескенетін асау биелерді тезге салып, бие сауып, қымыз да баптайды.
Тәттімбет ауылында Жаңагүлді шабандоз ретінде таниды. Арғымаққа алғаш 4 жасында мініпті. Содан бері жылқы оның сенімді серігіне айналған. Қазір де ол ат үстінде үнемі шаруасын дөңгелетіп жүреді. Қажет кезінде мал бағып, жылқы қайырады. Асауды жуасытып, жүйрікті де баптай алады.
«Бұрын ауылда құрдастарымызбен бірге атқа мініп, жарыс ұйымдастыратынбыз. Кімнің мәреге бірінші жететінін сынайтын едік. Мен үнемі бірінші келетінмін, тіпті ұл балалардың өзі менен қалып қоятын. Ат үстінде түрлі қимылдар мен айла-тәсілдер жасауды жақсы көрдім. Бала күнімде бірнеше рет аттан құлап та қалдым, бірақ кейін ондай жағдай қайталанбады. Жалпы, атқа міну – денсаулыққа өте пайдалы. Ат үстінде жүргенде адамның бүкіл денесі қозғалыста болады, барлық дерлік буындары жұмыс істейді», – дейді Тәттімбет ауылының тұрғыны Жаңагүл Исабекова.
Жаңагүл жасынан жылқы жалына жармасып өсті. Кезінде шапқан аттың үстінде түрлі трюк жасапты. Ал «Қыз қууда» алдына жан салмапты. Ұлттық спорт бәсекелерінде талай мәрте топ жарған.
«Қыз қуу жарыстарында мені ешкім қуып жете алмайтын. Ойынның шарты бойынша, егер жігіт қызды қуып жетсе, оны сүйе алады. Бірақ менімен ондай жағдай бірде-бір рет болған емес – ешкім мені басып оза алмады. Әр жарыстан дерлік жүлдемен әрі бағалы сыйлықтармен оралатынмын. Әкем менің әрбір жеңісіме ерекше қуанып жүретін. Ол кезде жеңімпаздарға кілем, магнитола және басқа да құнды сыйлықтар табысталатын еді», – дейді Жаңагүл Исабекова.
Ол жасынан қара жұмыстың қазанында қайнады. Үйден гөрі түздің тірлігіне бейім болып өсті. Әкесі совхоздың атақты шопаны болыпты. Қаршадай қыз ата-анасына қолғанат болу үшін қозы бағып, қой қайырды. Қиындыққа шыңдалған қайсар мінез осы далада қалыптасты.
«Үй шаруасы ешқашан менің сүйікті ісім болған емес. Маған даладағы, көбіне ер азаматтардың жұмысы саналатын тірлік әлдеқайда жақын еді. Әкемнің мені ерекше жақсы көргені де содан шығар. Үйде отырғаннан гөрі, атқа ер салып, кең далаға шабуды жаным қалайтын», – дейді Жаңагүл Исабекова.
Жаңагүл Исабекова бие сауып, қымыз баптаудың қыр-сырын меңгерген тәжірибелі жан. Мінезі асау, жуасуға көнбейтін биелердің өзін тезге салу кейіпкеріміз үшін үйреншікті іс.







