Қарағандыда соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісіне тағы бір ота жасалатын болды. Қоғамды дүрліктірген оқиғаға себепкер болған тараптар сот залында кездесіп, айыпталушыға қатысты қылмыстық сот отырысы өтті.
Айыпталушы Дәкебаев жедел жәрдем қызметкері жұмыс бабымен жүргенін, арнайы қызметтік киімін бәрін көре тұра қасақана қол жұмсаған. Бір екі соққы емес, төрт соққы жасап, зардап шегушіге айтарлықтай залал келтірген. Осы арқылы Дәкебаевтың кінәсын жоққа шығару мүмкін емес. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны тағы бар, — дейді мемлекеттік айыптаушы Бекзат ӘШІРБЕКОВ
Нұрболат Дәкебаев сол түнгі оқиғаға қатты өкінетінін жасырмады. Алайда, сотта екеуара жанжалдан кейін ешқайда қашпадым, тығылмадым деп ағынан жарылды. Айтуынша, өзінің іздеуде екенін 5 күннен соң біліп, бірден полицияға хабарласқан.
Құрылыс саласында еңбек етемін. Жеке тапсырыстар қабылдайтынмын. Оқиға орын алған түннен соң мен ауылдық жерге кеттім. 200 шақырым қашықтықтағы. Әлеуметтік желіден өзімнің іздеуде жүргенімді білдім. Жедел жәрдем жүргізушісіне қатысты айтар болсам, жолға көлік қоймау керек кедергі болатындай дедім. Көлікке жарты денеммен сүйкеніп өттім. Ол жанжалдың тууына итермелейтіндей әрекет жасады, — дейді айыпталушы Нұрболат ДӘКЕБАЕВ.
Жәбірленушінің қорғаушысы болса қайта сараптама тағайындауды көздеп отыр. Сөзіне сенсек, зардап шеккен жүргізушінің денсаулығы жақсы емес көрінеді. Ойда-жоқта таяқтың астында қалған Төреғали Берікқалиұлы айыпталушының келтірген жарақатына орай шығынды өтеп беруін талап етпек. Қатты соққының әсері салдарынан ертең ота жасатпақ.
Дәрігер маған мұрынға ота жасату керек деді. Өте ауыр тиді соққы. Ертең екінші рет ота жасатамын. Қазіргі жағдайым әзірге белгісіз. Дәрігер тез арада ота жасау керек деді. Бары осы, — дейді жәбірленуші Төреғали Берікқалиұлы.